Дегенмен бұл салада шешімін күтіп тұрған мәселелер баршылық. БҰҰ мамандары мектеп жасына дейінгі балалар мен жас аналарды әлеуметтік, медициналық, басқа да тұрғыдан қамтамасыз етуге қатысты зерттеулер жүргізіп келеді. Мәселен, ЮНИСЕФ бағдарламасы аясында жүргізілген зерттеулерге назар салсақ, мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне тіркелген 3-6 жас аралығындағы сәбилер қатары 2010 жылдан бері артқан. Бірақ республикада мектепке дейінгі білім беру саласында мамандар тапшылығы байқалады. Балабақша тәрбиешілері жалақысының төмендігі, т.б. себептермен өзге кәсіпке ауысу үрдісі кейінгі 25 жылда анық байқалуда.
Балалар дәрігерінің саны да республиканың барлық аймағында біркелкі емес. ЮНИСЕФ зерттеушілері Қазақстанда білікті кадрлар негізінен Алматы, Астана сияқты ірі қалаларға шоғырланғандығын айтуда. Сондықтан ауылдық жердегі аналар мен балалар денсаулық күтімі тұрғысынан да, басқа жағынан да шет қалуда. ЮНИСЕФ баяндамасында көрсетілгендей, халықаралық ұйым тарапынан 0-3 пен 3-6 жас аралығында сәбилер күтімімен, тәрбиесімен айналысатын мамандардың сапасын арттыруға қатысты ұсыныстар құзырлы мекемелерге тұрақты түрде жолданады.
Қазақстанда соңғы 25 жылда бала туу көрсеткішінің анағұрлым төмендегенін айтқан жөн. 1990 жылдан бері есептегенде бір әйелдің дүниеге бала әкелу көрсеткіші 2,7 деңгейіне дейін түскен. Еліміздегі оңтүстік өңірлерде сәбилердің дүниеге келу деңгейі қуантарлық болғанмен, солтүстік аймақтарда туу көрсеткіші азайған. Бала күтімі мен әйелдердің денсаулығына экономикалық жағдайдың әсері зор. Шетел сарапшылары елдегі ішкі жалпы өнім 2014 жылы 4,1 пайыз болса, 2015 жылы 1,2 пайызға төмендеген дейді. Оның үстіне жалақы мөлшері көп жағдайда көңіл көншітерлік емес.
ЮНИСЕФ баяндамасына назар аударсақ, республикада ел әлеуетін көтеретін түрлі бағдарламалардың жүзеге асырылғанына қарамастан, кедейшілік деңгейі жоғары күйінде қалып отыр. Дүниежүзілік банк көрсеткіші бойынша халықтың 42 пайызы кедейшілікте күй кешуде. Роэлен, Госсманн тәрізді шетел ғалымдарының зерттеуі бойынша, республика халқының 33 пайызының тұрмысы төмен екен. Оның ішінде нашар отбасында тұратын 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер 45 пайызды құрайды. Азия даму банкінің 2010 жылғы дерегіне жүгінсек, ауылдық жерлердегі кедейшілік деңгейі қала тұрғындарымен салыстырғанда екі есеге жоғары.
Сәби дамуы ата-ананың жұмысы мен отбасылық жағдайына, қоршаған ортадағы әлеуметтік факторларға тәуелді. Тұрмысы нашар отбасынан шыққан балалардың қоғамға бейімделу қабілеті де әлсіз екені белгілі. Қазақстанда медициналық, әлеуметтік жағдайдың нашарлығынан бес жасқа дейінгі балалардың шетінеуі 1990 жылдан бері екі есеге азайған. Бірақ ұлдар санының кемуі анық байқалады. БҰҰ-ның өлім-жітімге қатысты зерттеуіне назар салсақ, 100 мың нәрестенің ішінде қыз бала шетінеуі 12 болса, ер балаға қатысты бұл көрсеткіш 16-ны көрсеткен.
Ана сүтінің бала денсаулығы үшін ғана емес, оның бүкіл өмірінде зор мәні бар екені белгілі. Бүгінде әлем бойынша алты айға дейінгі нәрестелердің 36 пайызы ана сүтімен қоректенеді. Халықаралық ұйым сарапшылары Қазақстандағы жас аналар сәбилерін емшектен ерте шығаратынын арнайы зерттеулер нәтижесінде анықтады. БҰҰ таратқан баяндамада Қостанай, Алматы, Атырау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында тұратын аналар сәбилерін мерзімінен ерте емшектен шығаратыны көрсетілген. Сәбиді сүттен ерте ажыратуға отбасының әлеуметтік жағдайының қатысы болмаса керек. Республикадағы алты айға дейінгі нәрестелердің тек 38 пайызы ғана ана сүтін емеді. Көптеген келіншектер табиғи қоректендіруден гөрі жасанды қоспалар беруге көшкен. Алайда ана сүтінің құрамындағы пайдалы элементтердің өзге ешбір тағам құрамында кездеспейтінін көптеген жас аналар ескермейтіні өкінішті.
ЮНИСЕФ мәліметтерінде атап көрсетілгендей, дүние жүзі бойынша 77 миллион жаңа туған сәби, яғни әрбір екінші нәресте ана сүтін ембейді екен. Бұл дүниеге келген әрбір екінші нәрестенің ағзасына ақуыз бен минералды заттар түспейді деген сөз. Бұл туралы жыл сайын дүниежүзілік емізу апталығы қарсаңында жасалатын ЮНИСЕФ қорының баяндамасында айтылып жүр. «Егер сәбиге жарық дүние есігін ашқаннан кейін анасының бауырына салуды ұзақ күттірсе, оның тірі қалу мүмкіндігі кемиді. Бұл әйел ағзасының сүт шығару қабілетіне де теріс әсер етеді», деген еді ЮНИСЕФ-тің аға диетологі Франс Бегин. Мамандардың сөзіне сенсек, бала туылғаннан кейін тәулік өткенде барып емізсе, сәби шетінеп кетуі мүмкін. Яғни, бірден ембеген сәбилер 80 пайыз жағдайда көз жұмады деген сөз.
«Ана сүті – сәби үшін алғашқы вакцина. Бұл – ауруларға қарсы алғашқы және ең тиімді күрес» дейді Франс Бегин. ЮНИСЕФ таратқан мәлімдемеде алғашқы жарты жылда баланы тек ана сүтімен қоректендіру қажеттілігіне мән беруге шақырады. Дәрігер ғалымдар ана сүтін еміп өскен бала мектепте жақсы оқитынын және семіздік, диабет сияқты ауруларға аз шалдығатынын айтады. Сәбиді емізу ана денсаулығы үшін өте пайдалы. Баласын емізген әйел сүт безінің қатерлі ісігі сияқты дерт түрлерінен ада болады.
Республикада бала дүниеге келгенде төленетін жөргекпұл, жәрдемақы мөлшері сәбидің барлық қажеттіліктерін өтеуге жетпейтіні белгілі. Мысалы, қазба байлығы жоқ Жапониядағы жүктілік, баланы дүниеге әкелу және бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы мөлшеріне келсек, баланы дүниеге әкелу мен оны күтуге байланысты бір реттік жәрдемақы 420 мың иен (4078 доллар). Бұл қаржы бір балаға медициналық сақтандыру есебінен және әйелдің жұмыс істеу-істемеуіне байланыссыз беріледі. Жүктілік кезіндегі демалыста әйелдерге айлық жалақының үштен екісі мөлшерінде жәрдемақы төленеді екен.
Шетелдік сарапшылар сондай-ақ Қазақстандағы мектепке дейінгі балалар дамуының индексі төмендігін айтуда. Физикалық, әлеуметтік, эмоционалды даму деңгейі жақсы саналатын, туғанына 35-59 ай болған нәрестелердің пайыздық көрсеткіші 2010 жылғы 86,1 пайыздан 2015 жылы 85,5 пайызға кеміген. Мектепке дейінгі балалардың сауаттылық деңгейі басқа көрсеткіштермен салыстырғанда төмен. ДДСҰ мәліметтеріне сүйенсек, 2013 жылы әлемдегі бес жасқа толмаған 161,5 миллион баланың бойы қорек жетіспеуі салдарынан дұрыс өспеген. 50,8 миллион баланың салмағы бойына сай емес. Ал 41,7 миллион жас өскін семіздікке шалдыққан. Оның 35 миллионы дамушы елдерде тұрады. Қазақстанда бес жасқа толмаған сәбилердің 10 пайыздан астамына семіздік дерті тән.
Республиканың білім, ғылым жөніндегі 2016-2020 жылдарға арналған ұлттық бағдарламасына сәйкес 2020 жылы 3-6 жастағы балалар толығымен мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне баратын болады. Бүгінге дейін Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарында аталмыш межеге қол жеткізілді. БҰҰ мамандары жүргізген алғашқы жан-жақты сараптама нәтижесінде республикадағы мүмкіндігі шектеулі, жасы алтыға толмаған балалардың 67 пайызы және мектеп жасындағы осындай балалардың 46 пайызы балабақша немесе мектеп қабырғасын көрмегендігі анықталған.
Республикада жыл сайын екі мыңнан астам бала мемлекеттік мекемелердің қарауына беріледі екен. Олардың 75 пайызының ата-анасы болса да, бала бағуға жағдайы жоқ. Қазақстанда сәбилерді білім мекемелерімен қамтуға бөлінетін қаржы 2013 жылы ІЖӨ-нің 0,6 пайызын құраған. Бұл дамыған елдермен салыстырғанда анағұрлым төмен. Мысалы, Данияда ІЖӨ-нің 2 пайызы балалардың мектепке дейінгі білімі мен тәрбиесіне жұмсалады.
ЮНИСЕФ мамандары ата-аналардың бала тәрбиесіне көңіл бөлу көрсеткішін де саралаған. Елімізде туғанына 35-39 ай болған сәбилердің 87,3 пайызында әке бола тұра, олардың баламен жұмыс жасау көрсеткіші 6,6 пайыз деңгейінен аспаған. Республикада соңғы уақытта әкелердің отбасындағы беделін көтеру, бала тәрбиесіндегі белсенділігін арттыруға қатысты келелі мәселелер көтеріліп, «әке мен бала» тақырыбы ауқымды жиындарда қозғалып жүр. Тіпті баласынан заң жүзінде қол үзген әкелердің құқығын қорғау жайы да айтылуда. Бірақ әкенің де, ананың да абырой-беделі құжат жүзінде емес, әр отбасының ұлттық тәрбие құндылықтарын қаншалықты сақтай білуімен байланысты болса керек.
Еліміздегі отбасылардың барлығы кітап сөресіне кітаптарды толтырып қояды десек, жалған болар. Кітап оқу көрсеткіші де төмендеп бара жатқаны жасырын емес. БҰҰ-ның зерттеуіне сүйенсек, туғанына 0-59 ай болған сәбилердің 50,9 пайызы кітап саны үштен асатын отбасының мүшесі. Ал балалар кітабының саны оннан асатын отбасында тұратын сәбилер бар болғаны 22 пайыз ғана. Ресми деректер бойынша, қаладағы балалардың 60,1 пайызында, ауылдағы бүлдіршіндердің 42 пайызында ғана кітап бар.
Шетел мамандары Қазақстандағы балалардың 47,2 пайызы психологиялық агрессияға ұшырайтынын да анықтапты. Мектептердегі үш баланың екеуі қатарластарынан зәбір көреді. Балалар арасындағы зорлық-зомбылық интернаттар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мекемелерде көп екені айтылып жүр. Осы орайда ЮНИСЕФ балалар қоры әлемнің 190 елінен бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге жасалатын қылмысқа қатысты деректерді де жариялады. 2013 жылдың 31 шілдесінде ЮНИСЕФ балаларға зорлық-зомбылық көрсетуді түбегейлі тоқтату туралы жаһандық бастама көтеріп, іс-шаралар жоспарын бекіткен болатын. Бұл бастамаға әлемнің 70 мемлекеті қосылды.
Халықаралық ұйым мамандарының зерттеу қорытындысына назар салсақ, республикадағы балалардың 50 пайызы жәбірлеудің алуан түрін бастан өткереді екен. Интернаттардағы оқушылардың 35 пайызы ересек қызметкерлердің әділетсіз қарым-қатынасынан қорлық көреді. Ал мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге арналған мекемелер тәрбиешілерінің 56 пайызы балаларға физикалық, моральдық қысым көрсететіні анықталған. Балалар үйіндегі жас өркендердің 8 пайызы, арнайы білім беру мекемелеріндегі жасөспірімдердің 12 пайызы ортадағы қысымға шыдай алмай, өзіне өзі қол жұмсаған.
Елімізде ата-аналардың балаларына дұрыс тәрбие беруге уақытының тапшы болуына мамандар алаңдауда. Қазақстандағы ата-аналар баласымен күніне тек 20 минут қана бірге болады екен. Тіпті ересектердің дені ұл-қызының мектептен соң қайда барып, не істегенінен де бейхабар. ЮНИСЕФ мамандары тарапынан балалар мен жасөспірімдерге жасалатын зорлық-зомбылық, қастандықты азайту мақсатында алты стратегиялық жоспар дайындалды. Бұған ата-аналардың балалар алдындағы жауапкершілігін арттыру, бүлдіршіндерді қауіпсіз өмір сүруге баулу, бұл тақырыптағы құқықтық жүйені жетілдіру және әлеуметтік қызмет түрлерін дамыту, т.б. кіреді. Әр бала мемлекет болашағы екенін әрдайым есте ұстайық.
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА