Қазақстан • 01 Маусым, 2018

Тақсыретті тарихтың мұзы мен сызы

748 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың сексенін­ші жылдарының бас шені-ау, шамасы. Баспасөз үйі шаңыра­ғы­ның астында жұмыс істейтін журналистер қауымы Балға­бек Қыдырбекұлының «Ала­тау» романы жарық көру қар­­саңын­дағы шырғалаңды өзара сыбырласып айтатын.

Тақсыретті тарихтың мұзы мен сызы

­ Ашаршылық пен отыз жетін­ші жылдың зобалаңы жайын­да жазылған тараулары алынып тасталып, басылғалы жа­тыр деген әңгімені еміс-еміс құлағымыз шалатын. Шы­ғар­­­малары ауыздан-ауыз­ға ілігіп, есімі көп құр­метті иеленіп көрмеген соң ба, қай­бір алысқа ұзай қоятын дү­­ние дейсіңге ішімізден ұйға­рып жүрдік қой, баяғы. Оның үстіне оған жақын-жуық жүріп, дос саналатын адамдардың кейбірінің бер­ген мінез сипаттамасы сыртынан қарағандағы шап­шаң да шамдағай кейпіне сәйкесетіндей көрінетін. Қол­таңбасы отызыншы жыл­дардың сарын-екпінін еске салатын ескілеу дейтін кейбір тұрғыластары. Өзіне деген сүйсініске толы кемшілігін тап басып танып, онысын әуек­тетіп әкетуге бейім күш­­­­­­­­­тер де жеткілікті еді. «Ала­­­тауды» оқыдың ба деп ендігінің білгірлерінен сұ­рай қалсаң – бірден тартып әкетпеген соң тастай сал­дым­ға саятын сөз алдыңды кесе көлденеңдеп, оқушылық мейірім­ді көксегендей бір­түрлі күй кешетінің бар. Біл­гір де білікті дегендердің үкі­мі мынадай қатал, қалғанда­рының ой-пікірі белгілі емес пе деп, әрі қарай қаузауға құлқың шаппастан үн-түнсіз қаласың да қоясың. Сол жыл­дардың дәстүрлі жыл қоры­тындысында «Алатау» қалай бағаланды екен деп ой сарабына салып көрсең – елең ет­кізер ерекшелікті тап басып танып, жұртшылыққа жа­рия қылған байыптаулар жадыңда жаңғырықпағанына қарағанда – осы шығарма аса еленбей қалғаннан сау емес. Сол кездің әдеби жиын­да­рының мінбесінен аузы дуа­лы кісілердің бірі роман жанрына лайықты шолу­шы­ны таңдау керектігін ескерт­кені осындайда еміс-еміс еске оралады. Роман жанрының табиғатына «Алатау» сыйымды ма, қазақ ойына әкелген жаңалығы не деген сұраққа желдірте жауап беру тек әруақ алдында ғана емес, қазақ халқының тағдыры алдында күнәдай сезілетіні несі екен. Академик Серік Қирабаев ке­зінде бұл шығарма жөнін­де көлемді мақала жазып, «Егемен Қазақстанға» жария­ла­ғаны есімізде. Қайта құру дәуірінің нышандары әлі сезіле қоймаған, сөйтсе де өз­герістер қарсаңында жарық көр­ген кітаптың негізгі тарау­лары алынып тасталған соң жартыкеш кейпі құр сомпиған қаңқадай елестейтін де тұра­тын. Әдеби қауымның арасында қаламгер туралы өрбі­ген әрқилы әңгімелердің ізі­не түсіп, ақиқатын айыру шарт емес шығар. Аталған дүние ұзамай тұтас басылып, оқушы қолына тигенде ешқандайда шу-шұрқан шық­пастан қалыпты жағдайда қабылданды да тынды. Бұл заңдылық па, әлде қасақана назарға ілмеудің белгілі айласы ма, жоқ жазушылық қолтаң­ба­сындағы таптау­рын көрінетін желіні таңдаған­дықтан ескі сарынды еске салды ма, әйтеуір кітап сол жыл­дардың бестселлеріне айнала алмай қалды. Кейде өмір суреттерін кескіндеуде автор бұрынғының сүрлеуінен шықпастан таныс бейнелерді елестететіні де рас. Оқиғаны тікелей алып кетудің орнына бірінші жақта баяндамас­тан бұрын әңгіменің түйінін тарқатушы кейіпкердің ашылуына біраз күш жұмсап бақ­қан. Соғыстан кейінгі жылдар ахуалы едәуір сезілсе де, ав­тордың оқиға желісін жет­кізудегі темпераменті солғындау. Әлгі бірден тартып әкетпеді дегеннің бар кілтипаны осында. Кейде жазушының талғам түйсігін құп көрмеске амал-айлаң қалмайтындай жағдайды тура осы шығарманың барысынан анық аңғарасың. Сөз кезегі кейіпкерге тиген бетте әңгіме тоқтаусыз ағытыла жөнеледі. Пенделікке салынып басқа эпизодтар, яғни ремаркаларды, тіпті қажетсінбей әрі қарай оқып, аяғынан бір-ақ шыққың келетін ниеттің жетегіне ілесетініңді өзің де бай­қамайсың. Арасында әң­гіме айтушының ағыл-тегіл толғаған публицистикасын да елемеуге айналасың. Өйткені автор қазақ өмірінің жетік білгірі екеніне еріксіз ден қоя бастайсың. Сөздік қорының соншалықты молдығына қарамай, көркемдік жүйесін таба алмай суреткерлік дең­гейін едәуір төмендететін жағ­дай да жоқ емес. Солай бола тұра роман қазақ хал­қы­ның тағдырындағы қиын­ кезең­дердің ахуалын дәлдік­пен жеткізу жөнінен тірі куә­гердің тегеурінін анық сез­діреді. Өмірлік материал өрбу желісін қанша кернесе де, шегіністер мен ауысу иірімдерінің мәдениеті баян­дау мен түйіндеу сәт­терінде драмалық тебі­реніс кейіпкердің баяны арқылы жеткізіледі. Міне, бұл жаңа заман оқушысына тым үйреншікті, әлгі ескішіл деген таңба сол себепті аямас­тан басылатын сияқтанады. Әйтсе де бас кейіпкер сын сағатына ғайыптан пайда бола кететін кездейсоқ пенде емес. Өткен уақыт пен нақ қазіргі шақтың арқауында өрілген оқиға жалшылықтан қайраткерлікке өсудің эво­лю­ция­сын сақтаған. Ұжымдас­тырудан ашаршылыққа дейін­гі аралықтағы қиян-кескі кү­рес ахуалын сезіну кезіндегі тұлғалар есімдеріне үңілсеңіз аса үлкен жазушылардың тәуекеліне ұқсаған ба­тыл­дық­ты аңғарасыз. Голо­ще­кин, Құрамысов, Сей­фул­лин, Жандосов, Мүсіре­пов, Ғатаулиннен былай қайрат­келік дәрежесі төмендеу кадр­лар шоғыры қаншама. Бюро өткізудегі Голощекин бейнесі едәуір көрініп, ұлтты қағытып өтетін мезетіне дейін намысыңа тиетіндей уытты. Қыстың қақаған суығында графиннен су құйып ішетін Құрамысовтың портреті біраз жайға қанықтыра түсетіндей. Осы детальға қарама-қарсы өлкелік партия комитетінің қарсы алдына жиналып, қайыр сұраған және қырылып жатқан қазақтардың ескерілуі де жайдан-жай емес. Романда әулие тұтып, дарыны мен қарымына таңғажайып қала­тын кейіпкер Ораз Жандосов. Әйтсе де оны персонажға кі­рік­кендердің бәрі бір ауыз­дан мақтаса да, іс-әрекет үстінде бетпе-бет келген оның бейнесін сирек ұшы­ратасың. Негізінде автор бас­ты кейіп­кер дәрежесіне көтергісі кел­ген Жандосовты қатты жақсы көретінін әрбір аттаған қадамы сайын сездіріп алады. Бас кейіпкер Абақты қабылдағанда бірталай нә­зік жайды қозғап болып, көмекшісін «Бауыржан» деп шақырғанда жап-жас жігіт­тің кейпін суреттейді. Сөйтсек бұл кәдімгі Бауыр­жан Мо­мышұлы. Міне, осы­ған дейін сомдалатын бейне­лер тари­хилығына әңгі­ме шер­туші кейіпкердің өзі кірісіп, қазылық жасап мінездейтін әр сәті табиғилығын сақтайтыны қызық. Бәлкім мұны Балға­бек Қыдырбекұлының жазушы­лық табысына жатқызуға болатын шығар. Өйткені кейіп­кердің ауыз ләмімен ай­тылып, ұзын сонар сурет­телетін қазақ байлары­ның иесіз қалған жасау-жабдық­тары нағыз этнографиялық ескерткіштер. 

Ашаршылықтың қағын­ған­ суығында «Ақсеңгір» ел­ді мекенінен аудан орталы­ғы Қарақыстақ ауылының қамбасынан «Алатау» романында астық алу үшін ат­танған жиырма адамның жол бойы басынан өткер­гендері – қияметтің қыл көпірінен бетер аянышты суреттер. Қатарларында келе жатып өлгендердің психологиялық дәлдігіне иланасың, үзілудің үстінде де адамның адам болып қалу шешімі кісілікті ақырына дейін сақтай алатын қазақ үрдісінің жү­рек қозғайтындай ащы шын­дықтар. Ашқұрсақ жаз­ғандардың сөйтсе де көз­бен көріп, көңілге түйгендері тірі куәгер тілімен баяндалған кезде аза бойың қаза болып, жан тоқшылығын медеу тұтатын халге өзіңнен-өзің тап бола бастайтыныңды сезбей де қаласың. Бұлғын тұмақ пен ішік кисе де жер құшқан бір кездегі бай, жалаңаш омырауына жабысып жан тапсырған нәресте мен әйел, түтін шықпай қалған үйлерді аралағанда шибөрілер жеп кеткен өлгендердің жамбастары, етпеттеп жатып су ішпек болып батып кеткеннен былай, азық үшін жолға шыққан жиырманың сегізі ғана тірі қалып, сүйектерді көмуге шама жоқтығы бір пәс назар салып, тізе бастағандағы детальдардың бір парасы ғана. Аштықтан бұратылып келіп кеңсеге кірген бойда нан сұрауға тілі келмей жүріп кеткен бала, жан тоқшылықта құлақшын тігуге сақтап қой­ған қоян терісін жазатайым жанған отқа түсіріп алғанда «төстік пісіргендей иістен» нәр таба бастағанын арқау ету, бәрі тірі куәгердің аузынан жазылып алынған стенографиялық дәлдікке ие құжаттай. Көркемдік бей­­нелеудің даралық сәт пен жинақтаушы мәні бар әдіс­тер турасында академик Рымғали Нұрғалиевпен әңгіме қозғалғанда: «Түбі қағаз бетінде жазылған құжаттан асатын ештеңе болмай қалады-ау» деген сөзі ойға орала беретіні бар. Ашаршылық трагедиясының жекелік баянында қарға, ұзақ секілді құстарды тұзақ құрып ұстап, аштан өлмей қалу­дың шындықтары кез келген шығарманы көте­ріп тұ­руға жарайтын тап­тыр­­­мас тіреуіш. Аштық ке­ңіс­тігінің жалпағында тап «Ала­таудағыдай» ауқым­да сурет­телуі сөйтсе де сирек құбылыс деп шама­лайсың. Астық алу үшін жаяу-жалпылап отыз-қырық шақырым қашықтықтан келгендерге мұрнынан есекқұрты түскен үлестіруші басқа ұлт­тың өкілі болып шығады. Арып-ашып келген сорлы қазақ­тарға жүре жауап қатып, қа­ғаз­дарын дұрыс емес деп қай­тарып жіберетін әдетіне ешкім қарсылық көрсете алмайды. Әлгінің бір ауыз сөзін күні-түні қамбаның есігінде күтіп, сол жерде өліп жатқандарды шыбын шаққан құрлы көрмеген қатыгездікке жергілікті басшылардың ара түсе алмау себебін автор алдын ала тәуір ашады. Аштық­тың келуінің сәл алдында ғана астық өткізу науқанында ха­лыққа берілетін үлеске тыйым салынып, оны тыңда­май таратқандарды жазалау үдерісін суреттейтін тұстар­мен танысқан сайын әрбір реформаның қазаққа тигізген залалын сезіне түсесің. Әлеу­меттік зердесі сергек Б.Қы­дырбекұлының баяндау желісін тұтастықта ұстамай, әрбір ауысымда мүлде басқа кейіпкерлерді лек-легімен қосақ­тайтыны көркемдік ақау­­ға жата ма, жоқ, осы шы­ғар­­маның орындалу үстінде таңдаған әдісіне сыйымды ма? Жазылу барысында автор түйсігі жүйрік, сезгірлігі жағы­нан жаза баспауға тырысады. Жиырмасыншы ғасырдың аяғына дейін өмір сүруге әлеті жеткен қалам иесінің көркем ойдағы ағым біткенге елікпей, төлтумалық қа­сиетке кіршік қондырмай сақ­тауының арқасында ро­ман­ның өн бойынан ұлттық жады жаңғырығы көкейге қонымды жетеді. Бұл жағынан қойын кітапқа жарайтындай құндылығы бар дүние. Кейде эпикалық құлашын жазатындай байсалды кейіптеу лезде сөйлеуші тұлғаның тура өмірдегідей үзіп-жұлып басқа арнаға ауыса салатын әдісі шығарманың өн бойынан оғаш көрініп, бұлтиып көзге ұрып тұрмайды. Басқа ұлт өкілі қамбашыны аш-жалаңаш кейіпкер ашумен ұрып-соққанда қалған қазақ оған жалбарына шырқырап ара түседі. Сондағысы ас­тық бермей қоя ма деген қа­уіп, ақырына дейін шыдап өлу­ге бар да, қарсылық жасап, қайрат көрсетуге жоқ ұлт­тық сорлылықтың аянышты ахуалын бейне түрінде де, аһ ұрған публицистика лебінде де жан жүрегіңді жиыра оқуға тура келеді. Қу­ далада өсіп тұрған шиді түбі­мен жұлып алғанда ар жағынан шыға келетін ұра – аштықтан аман қалудың айла-шарғысының кереметі.

Балғабек Қыдырбек­ұлы­ның шығармашылық көзқа­расы қазақтың суырыпсалма ақындығының жобасына келетіндей. Бір жазған дү­ниесіне қайта айналып соғуды әлсіздік санау – шы­ғар­ма­шылық ажалмен санас­пайтын көзсіз ерлікке ба­рабар. Егер «Алатау» романына әлденеше жолы оралып соғып, желі тартудың машақатын қайта өткергенде бұл шығарма жиырмасыншы ғасыр жетістігінің бірінен саналатын еді. Өйткені отыз жетінші жылдың жазалау үдерісін суреттеу жөнінен бұл туындыға теңесетін дү­ниені кезіктіру екіталай. Те­гінде, жаппай жазалау етек алған кезде арыз айтып, ша­ғым түсіруші пенделердің айы оңынан туғанын кейіпкер әңгіме үстінде ескертіп өтеді. Кеңес Одағы кезінде жиналыстарда мінбеге шығып, басшылықты оңды-солды жау­ ретінде сынаудың төркіні тым арыда жатқанын аңғаруға болады. Бұл типтік дәрежеге сұранып тұрған бейне ауыз­екі айтылса да әжептеуір әсер­лі. Ең ғажап қалатын жағ­­дай аса көлемді дүниенің құ­рылымында жинақылығы шамалы олпы-солпылық ұшырасса да, күшпен иіп әкеліп, қолмен қоса салатын, яғни схематизм салқыны атымен жоқ. Әрине тосын шешімге барудың дәлел-иланымдылығы шұғылдау шығатын тұстар жеткілікті. Солай бола тұра оларды есепке алып, кемшілік деп санау­ды ұмыта бастайсың. Әуелі отыз жетінші жылдың қар­саңындағы ахуалда қауіп пен үрейді сезіндірудің қуат ек­піні оқушыны баурап әке­теді. Ұрып-соғып, естен тандырып барып қылмысын мойындатудың шарғысы соншалықты қарапайым, әйтсе де адам ағзасы қайткенде сыр беретінін дәлме-дәл мер­гендікпен жеткізенін жү­рек­сінбей оқу мүмкін емес. Коммунистік мұратқа адал­дық ұстанымынан танбайтын автор жазалаудың жан түршігерлік сипатын суреттегенде қатал реализм иесі. Тергеушілер әр үш са­ғат сайын ауысым жасап, «ха­лық жауын» үш күн, үш түн бойына нәр сызғызбай тікеден-тік тұрғызып қояды. Зорлық-зомбылықтың өнер­­­тапқыштыққа келетін һәм шығар­машылық ізденіске ұқ­сай­тын мұншалықты сұм­дықтарын бұрын-соңды еш жер­ден кезіктірмегеніңді ерік­сіз ойлайсың. Осы уақыт­тың ішінде су ішкізбей, нәр татқызбай, ұрып-соғып есінен тандырып тастағанның өзінен адам тынығып, бетіне шашқан судың тамшысын жұтынып, тамағын жібітетін мезеттің шындығы мың-сан сұрақтың жауабындай көрінетіні несі екен. Мұншалықты қыспақ үстінде бейнелеудің басқадай әдіс-амалына бой салмаған автор өмірлік материалдың шындықтарын іріктегенде тек­тіліктен айырылмай ізгі­лік­­ті іздеп табатыны риза­лық сезімге бөлейді. Кей тұс­­тас­та­рының ескілікті са­рын­да жазады деп кінә арт­қаны айналып келгенде Бал­ғабек Қыдырбекұлының артық­шылығы болып жүрмесін. Қиын-қыстау кезеңдерінің әртүрлі ағыс-иірімінде Алқакөл сұламадан да өткен қасірет үстінде  ұлттық ұстанымынан айырылмаған қазақ болмысын өзінше ашқан шығармалардың бірі – «Алатау» романы. Ештен де кеш жақсы, оған лайықты құрмет қажет-ау. 

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,    
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ