Қазақстан • 01 Маусым, 2018

18 миллионыншы тұрғын 1 жасқа толды

434 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осыдан бір жыл уақыт бұрын Талдықорғандағы пензентханада дүние есігін ашқан сәби мұқым Қазақ елінің қуанышын еселеген болатын. Сөйтіп жетісулық жас мұғалімдер Самат пен Диананың шаңырағын шаттыққа бөлеген бөбек Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғыны ретінде тіркелді. Бұл ақжолтай хабар әлемді шарлаған еді. 

18 миллионыншы тұрғын 1 жасқа толды

Суретті түсірген Айдын НҰРШАНОВ

Бестібаевтар әулеті отбасындағы екінші балаға Муслима деген әдемі ат қойып, ел ағаларынан бата алған...

Муслима жақында 1 жас­қа толды. Аяғын апыл-тапыл басқан сәбидің тұсауын ке­сіп, баба дәстүрімен ырымын жа­­саған Самат пен Диана ел на­за­рындағы қыздарының желек­тей жайқалып, еркелеп өсіп жат­қанын айтады. Муслиманы туған күнімен арнайы құттықтап барған Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Мәрлен Көлбаев балдырғанның тұсауын кесу құрметіне ие болған екен. Мәрлен де елге сыйлы, өне­гелі әке. Жақында оның отба­сында сегізінші баласы дү­ние­ге келген-ді. Муслимаға базарлығын ұсынған әкімнің орын­басары сәбидің деніне сау­лық тілеп, жергілікті билік тарапынан Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғынына ерекше қамқорлық көрсетілетінін жет­кізді. Айтпақшы былтыр облыс әкімі Амандық Баталов жас отбасына 3 бөлмелі пәтер бере­тінін айтқан еді. Уәде орындалып, қазір Муслима су жаңа үйде өсіп жатыр.

Муслима балдырғандардың мерекесі – Балаларды қорғау кү­нін биыл екінші рет қарсы алып отыр. Былтырғыдан биылғы мей­рам қызықты болатын түрі бар. Өйткені ол қазір өз аяғымен жүріп, оң-солын танып қалды. Ме­рекеңмен, Муслима!

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы