Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасын орындаудан туындаған игі бастама әдеби байқаулардың ортақ мақсатына айналды. Елбасы онда: «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп атап көрсеткен еді. Президенттің бұл сөзі бір ғана жылдың еншісіндегі мәселе емес. Бұл үнемі атқарыла беретін ізгі борыш, сондықтан бұл мүшәйра мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттау мақсатында өткізілген-ді. Тақырыптары да әр әлуан болды. Негізінен, Темірбек Жүргеновтің саяси көзқарасын, оқу-ағарту және мәдениет саласындағы жұмыстарын, әдеби, публицистикалық мұрасын өлең арқылы ұрпаққа насихаттау, тә-
уелсіз Қазақстанның «Мәңгілік ел» ұлттық идеясынан туындайтын қазақ тарихында қалдырған ерен еңбегін жырлау, Темірбек Жүргеновтің еңбектерінде кездесетін рухани ұлттық мұрамыз бен елдік-ерлік құндылықтарымызды ұлықтау, оның репрессия құрбаны болғанын өлеңге қосу арқылы, қазақ халқының басына нәубет боп төнген жылдарды ұрпақ санасында жаңғырту ақындар мен жазушыларға ортақ идея ретінде ұсынылды.
Алаш қайраткері Темірбек Жүргеновтің рухына арналған жыр мүшәйрасы мен проза бағытындағы байқауға 14 ақыннан 23 өлең, ал 8 жазушыдан 9 шығарма келіп түскен болатын. Белгілі қаламгерлер қазылық жасаған әдеби бәйгенің қортындысы кеше саяси құрбандарды еске алу күнінде жарияланып, жеңімпаздарға жүлде табысталды.
Республикалық ақындар мүшәйрасының ІІІ орны және 100 мың теңге сертификат үш ақынды: Ибрагим Бекмаханов, Шағыр Қайырбек және Асхат Аймағамбетовті қуантты. Әрқайсысы 150 мың теңге сыйлық пен ІІ орынды Асылай Ниязбаева мен Жеткерген Әбдіреұлы бөлісті. Ал І орынды 200 мың теңге сыйақымен Толыбай Абылаев иеленді. Республикалық ақындар мүшәйрасының бас жүлдесі Қажи Серікжанға 300 мың теңге сыйақымен қоса табысталды.
Республикалық прозаиктер байқауының ІІ орны Бекболат Бекмұратұлына (150 мың теңге), І орын және 200 мың теңге сыйақы «Темірбекті атқан жендет» әңгімесінің авторы Ертай Айғалиұлына берілді. «Темірше» атты әңгіме жазып бас жүлденің иегері атанған белгілі жазушы Айгүл Кемелбаеваға «Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы, қазылар алқасының төрағасы Сапен Аңсатов 300 мың теңге сыйақы табыстады.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ