Аймақтар • 01 Маусым, 2018

Ақтерек ауылының тұрғындары қаламгерлер қауымымен араға елу жыл салып қауышты

1160 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қордай асуына таман Алатаудың етегін жайлаған Ақ­терек ауылына ақын-жазушының әдейілеп ат басын бұр­мағанына жарты ғасырдай уақыт өтіпті. Ақиқаты солай. Әдейілеп деуіміздің сыры, бір заманда Алматыдан шығып асудағы жыр дүлдүлі Кенен Әзірбаевқа сәлем беруге аттанған қазақ қаламгерлерінің көші жолай Ақтерекке – халық ақыны, айтыскер, жыршы Естәулет Қандековтің шаңырағына соқпай, батасын алмай өтпейтін болған дейді.  

Ақтерек ауылының тұрғындары қаламгерлер қауымымен араға елу жыл салып қауышты

– Аты аңызға айналған Жамбыл мен Кенен атамды, Үмбетәлі Кәрібаев пен Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов пен Ғали Орманов сынды танымал азаматтарды әкейдің қасынан бала кезімде талай көргенім есімде, – деген ауыл мұғалімі, ардагер ұстаз Хапуза Естәулетқызының тілек-сөзі Алматы мен Тал­ды­қорғаннан Ақтерекке «Ру­хани жаңғыру» жобасы аясында арнайы келген қалам­герлер шоғырының сапарына тарихи баға берді. Дүлдүл ақынның тұяғы Хапуза ана ғана емес, күллі ауыл халқының мектеп сахнасын үйіріле қоршап, қаумалай қалуының мәні бар. Сахнада – ауыл түлегі, қаламы жүйрік публицист, Қазақстан Баспа ісінің үздігі Гүлзейнеп Әбдірахманова (Сәдірқызы) мен Қазақстан Жазушылар одағының судай жаңа мүшесі, талантты жас жазушы Есболат Айдабосын. 

– Ел газеті «Егемен Қа­зақ­станда» (бұрынғы «Со­циалистік Қазақстан») бой жеткен 17 жасымда стено­графистік қызметке тұрып, одан журналистикада табан аудармай 46 жыл еңбек етіппін, әлі де қол үзген жоқ­­пын, – деп сөз баста­ған қа­рымды қаламгер арманшыл мек­теп оқушыларына журна­лис­тика деген ілімнің қиыны мен қызығын ұғынықты әрі өте қызықты тілмен баяндап берді. Көптеген сұрақтарға тебірене, толқи жауап берді. 

Мектеп дәлізінің тұтастай бір қабырғасына Гүлзейнеп Сәдір­қызының «Егемен Қа­зақ­станда» жарияланған кө­­­лем­ді публицистика­лық танымдық-талдау, сыр-сұхбат ма­­қалалары ілінген. Газет беттеріндегі қазақтың тау тұл­ғалы аза­маттарының таныс бейнелерін көріп, зерделі журналист ханымның қоржыны деректі құжаттарға әманда бай екеніне, өз басының қа­зақ тарихына дерек қосу­да үлесінің зор екеніне куә­ боласың. Ең ғажабы, Ақ­те­ректің әр тұрғыны «Еге­мен­­дегі» тілші-жерлесі «Гүл­зейнеп Сәдірқызының» жазған әрбір дүниесіне жетік әрі өте-мөте хабардар болып шық­ты. Бүгінгі Ақтеректе 50 дана «Егеменнің» тарайтыны өз алдына!.. 

«Социалистік Қазақстан­да», мейлі «Егемен Қазақстан­да» Сәдірқызының әрбір мақаласының дүмпуі зор болып жататыны газеттің тұ­рақты оқырманына өте-мөте мәлім жайт та. Ел мүддесін шырылдап қорғап, қоғамның тынысы мен қан тамыры бүлкілін жіті аңғарып жү­ретін журналист жергілікті атқарушы билік органдарының босаңсып, бойкүйездікке салынып кетуіне әсте мұрша бермеген. Қаламгер жазбаларының, публицистикасының қуаты да сонда-ау! Осы арада Гүл­зейнептің қаламынан ту­ған әңгіме жанрындағы көр­кем дүниелері туралы Қазақ­станның бұрынғы-кейінгі жазушылар арасында өте жылы пікірлер қалыптасқанын да еске сала кетейік. Тәуелсіз­діктің елең-алаңында қарша­дай журналист қыздың «Еге­­­мен Қазақстанның» сол­ кез­дегі бас редакторы Шерхан Мұртазаның тапсырмасымен Ленинградқа (Санкт-Петербург) шұғыл іс-сапармен барып қайтуының өзі бағаланар ерлікке пара-пар үлкен тарих. Кезінде жау қоршауында қалған алып қаланың халқын «Ленин­градтық өрен­дерім» атты отты жырымен қорғап, дем берген Жам­был атамыздың өзін кейін... қорғауға тура келгені бар. Сонда ғой ақын атындағы мектеп пен көше атауларынан жерінген жергілікті ультра-ұлтшылдарға тойтарыс берген осы Гүлзейнеп Сәдірқызы. Сол сапардан соң жазылған өт­кір сын мақаланың өтеуі – Санкт-Петербургте Жамбыл Жабаевтың есімі мектепке де, көшеге де қайтарылып беріл­ді. 

Дәл осы күні Ақтерек ауылының күллі жұрты аяулы да қымбатты қаламгер қызы мен ұлының шығармашылық еңбегіне қошемет білдіріп жатқанда, Анкарадағы (Түр­кия) Сүйінбай бағының жие­гін­дегі Жамбыл көшесінің әр бұрышына ұлы ақынның түрікше жазылған нұсқалық тарихы мәрмәр тақталарға ілініп жатқан. Халықаралық Жам­был атындағы қордың төрағасы, жазушы Манарбек Із­басаров сол салтанатты ша­раға қатысуына байланыс­ты Ақтерекке келе алмады. Алайда ақылдастар алқа­сының шешімімен, төрағаның өз қолымен рәсімделген «Ха­лық­аралық Жамбыл атын­да­ғы сыйлықтың иегері» ата­ғын қаламгер Гүлзейнеп Сә­дір­­­қызы Әбдірахмановаға бел­гілі жазушы, Қазақстан Жазу­шылар одағының хатшысы Жұмабай Шаштайұлы жүрек толқытардай сөз сөйлеп, қа­лам­гердің журналистика мен әдебиет саласындағы қы­руар атқарған ерен еңбегін атап тұрып табыстады. Шат-ша­ды­ман болған жерлестері Гүл­зейнепке гүлдестелер сыйлап, иығына ұлттық камзол жапты. 

Өзі айтқандай ауылдас әп­кесінің мақалаларын мектеп қабырғасында жүрген кезі­нен үзбей оқып, «дәріс ала білген», кейін ізін басып қолына қалам ұстаған Есбо­лат Айдабосынның да «оты­зында орда бұзған» жайы бар. Елде алған жоғары білі­мін Қытайдың жоғары оқу орнында жалғастырып, бүгінде өмірден лайықты өз орнын тапқан жас жазушы­ның «Сүлікқара» әңгімелер жина­ғы мен бүгінгі шығар­машылық жолы туралы Қазақстан Жазушылар одағы Ал­маты облыстық филиа­лының жетекшісі Ерлан Жүніс ақжарма лебізін айтты. Қызықты да қайталанбас кездесудің шырайын ашқан сезімге толы сырлы жырын оқыды. Ән айтылды, домбыра тартылды. Жерлестері қос қаламгермен сахнадан тыс тұрып та ұзақ сырласты, шер тарқатты, суретке түсті. Өздері бір кезде «тарыдай боп кіріп, таудай боп шыққан» сүйікті мектебіне Гүлзейнеп «Махаббатым – жүрегімде!..», Есболат «Сүлікқара» кітабын сыйлады.

Ежелден ән мен жырға, әде­биетке жаны құмар, көзі ашық, көңілі сергек ақтерек­тіктер жерлестері – қос қа­лам­гермен ұмытылмас­тай сыр­­ласып бір серпіліп қал­ды-ай...

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы,
Жамбыл ауданы

Соңғы жаңалықтар

Ерлік пен тарих

Тағзым • Кеше