Аймақтар • 01 Маусым, 2018

Батыс Қазақ­стан облысының әкімі ШҚО-да болды

491 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасының өңіраралық кооперацияны дамыту туралы тапсырмасы аясында Батыс Қазақ­стан облысының әкімі Алтай Көлгінов бастаған делегация Өскеменге келіп, бір­қатар өндіріс орындарын аралап, сапар соңында маңызды келісімдерге қол қойылды.

Батыс Қазақ­стан облысының әкімі ШҚО-да болды

«Өскемен арматура зауытында» батысқазақстандық делегацияға роботтандырылған дәнекерлеуші кешен таныс­тырылды. Аталмыш кәсіпорын­ның мұнай өндірісіне арналған жабдықтары мен құбыр жүр­гізу арматуралары Ресей және Өзбекстан елдерінде сұраныс­қа ие. Ал «Силумин-Шығыс» серік­­­тестігі «Қарашығанақ» кон­сор­циумымен 5 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 

Облыс орталығына батыс­қазақстандық делегация құра­мында келген «Қарашы­ғанақ Петролиум Оперейтинг» ком­паниясының бас директоры Эдвин Блом консорциум өндіріс аясын кеңейтудің екінші кезеңін бастайтынын, осы кешенді жұмысқа қазақ­стандық өндірушілерді көптеп тартуға мүдделі екен­діктерін жеткізді. «Жоғары технологиямен өндірілетін сапалы жабдықтарды сырттан алмай, ел ішінде тұтыну бізге де тиімді. Шығыс Қазақстан об­лы­сының компанияларымен жоғары деңгейде жұмыс істеу тәжірибеміз бар. Бұл өңірдің кәсіпорындары әр тарапты қамтитындығымен тартымды. Бүгін бастау алған диалог жал­ғасын табаты­нына сенім­дімін», дейді Э.Блом. 

«Қарашығанақ» жобасын­дағы жергілікті мазмұнны­ң үлесі 54,7 пайызды құрайды. Бұл көрсеткішті төртінші өнер­кәсіптік революция аясында арттыру көзделіп отыр. Об­лыс әкімі Даниал Ахметов деле­гация аралап көрген кәсіп­оры­н­­дардың барлығы да атал­мыш талапқа сай жұмыс істеп жатқанын, Өскемен арматура зауыты соңғы жылдары 100 миллион АҚШ дол­лары­на қайта жаңарту жұмыс­тарын жүргізгенін, «Силумин-Шығыс» ЖШС барлық өндіріс желісін автоматтандыруға 60 миллион АҚШ долларынан астам қаржы жұмсағанын айтты. Батыс Қазақстан облы­сының әкімі А.Көлгінов өз кезе­гінде Шығыс Қазақ­стан­ға Прези­денттің өңірара­лық коо­перация туралы тапсыр­масын жүзеге асыру мақсатында келгенін атап өтті.

Қарашығанақ» консорциумының отандық өндірушілермен серіктестік көкжиегін кеңейтсек пе деген ойымыз бар. Бұған дейін еліміздің 8 облысында болдық. Шығыс Қазақстан – еліміздегі ең үлкен индустриялық аймақ. Осындай сапарлардың арқа­сында біздің инвестор бұрын шетелден сатып алып келген жоғары технологиялық жаб­дықтардың Қазақстанда да барына көз жеткізуде», деді ол.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН