«Өскемен арматура зауытында» батысқазақстандық делегацияға роботтандырылған дәнекерлеуші кешен таныстырылды. Аталмыш кәсіпорынның мұнай өндірісіне арналған жабдықтары мен құбыр жүргізу арматуралары Ресей және Өзбекстан елдерінде сұранысқа ие. Ал «Силумин-Шығыс» серіктестігі «Қарашығанақ» консорциумымен 5 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Облыс орталығына батысқазақстандық делегация құрамында келген «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясының бас директоры Эдвин Блом консорциум өндіріс аясын кеңейтудің екінші кезеңін бастайтынын, осы кешенді жұмысқа қазақстандық өндірушілерді көптеп тартуға мүдделі екендіктерін жеткізді. «Жоғары технологиямен өндірілетін сапалы жабдықтарды сырттан алмай, ел ішінде тұтыну бізге де тиімді. Шығыс Қазақстан облысының компанияларымен жоғары деңгейде жұмыс істеу тәжірибеміз бар. Бұл өңірдің кәсіпорындары әр тарапты қамтитындығымен тартымды. Бүгін бастау алған диалог жалғасын табатынына сенімдімін», дейді Э.Блом.
«Қарашығанақ» жобасындағы жергілікті мазмұнның үлесі 54,7 пайызды құрайды. Бұл көрсеткішті төртінші өнеркәсіптік революция аясында арттыру көзделіп отыр. Облыс әкімі Даниал Ахметов делегация аралап көрген кәсіпорындардың барлығы да аталмыш талапқа сай жұмыс істеп жатқанын, Өскемен арматура зауыты соңғы жылдары 100 миллион АҚШ долларына қайта жаңарту жұмыстарын жүргізгенін, «Силумин-Шығыс» ЖШС барлық өндіріс желісін автоматтандыруға 60 миллион АҚШ долларынан астам қаржы жұмсағанын айтты. Батыс Қазақстан облысының әкімі А.Көлгінов өз кезегінде Шығыс Қазақстанға Президенттің өңіраралық кооперация туралы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында келгенін атап өтті.
Қарашығанақ» консорциумының отандық өндірушілермен серіктестік көкжиегін кеңейтсек пе деген ойымыз бар. Бұған дейін еліміздің 8 облысында болдық. Шығыс Қазақстан – еліміздегі ең үлкен индустриялық аймақ. Осындай сапарлардың арқасында біздің инвестор бұрын шетелден сатып алып келген жоғары технологиялық жабдықтардың Қазақстанда да барына көз жеткізуде», деді ол.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН