Аймақтар • 01 Маусым, 2018

Қарағандыда пай­далы қазбаларды заңсыз жолмен өндіру жайы талқыланды

576 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қо­шанов­­тың төрағалығымен өткен кәсіп­кер­лік мәселелері жөнін­дегі комиссияның кезек­ті оты­­ры­сында бірқа­тар маңызды проблемалар тал­қы­ланды. Соның бірі – өңірде осы күндері пай­далы қазбаларды заңсыз жолмен өндіру жайы. 

Қарағандыда пай­далы қазбаларды заңсыз жолмен өндіру жайы талқыланды

Қолға алып құрықтамаса, қара жердің қойнауын кім-көрінгеннің қажетіне жаратуы дағдыға айналып бара жат­қан сияқты. Мемлекет меншігін көпе-көрінеу талан-таражға салу қылмыс. Отырыс барысында «Импульс» ЖШС директоры Юрий Венчиков мәлімдегендей, қазір біздің өңірімізде құм мен қиыршықтастың 40 пайыз­дайы ғана заңды жолмен өндіріле­ді. Ал қалған бөлігін ешқан­дай рұқ­сат құжатсыз көрінген жерден өндіретін алыпсатарлар сау­далап жүр. 

Бұрын далада құрылысқа қажет тас пен құм алуда геологтардың шағын топтары ғана жүр­се, қазір олардың саны да, өндіріс ауқымы да ар­тып, тіпті біреулерге келісімшарт бойынша қо­па­ра жет­кізіп беруге көшкен. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Айталық Шақан кентін­де бі­реулер жерді қуатты эксковатормен қопа­рып, ондаған тонна топырақты әлдеқайда тасып жатыр. 

Ю.Венчиковтың айтуынша, осындай заңсыздықтар кейінгі уақытта Нұра өзенінің бойында, Бұқар жырау мен Абай аудандарында көбейіп кеткен. Мұндай заңсыз әрекеттерден мемлекет жыл сайын кемінде 1,5 миллиард теңге салықтан қағылады екен. Табиғатқа келтірілетін залал қан­шама! Заңсыз жер қазушылар көбінесе басқа жақтардан арнайы техникалар алдырып, қопар­ғыш мамандар шақырады. Олар­дың соңынан терең шұңқырлар қалады. Судың да сұрауы бар заманда бұл не деген бейбастақ әрекет?! Оларды құқық қорғау орган­дары да назарынан тыс қал­ды­рып отыр. Шахтинск қала­сының өзінде құм мен қиыр­шықтас қоспасы төрт жерде еш рұқсатсыз өндіріледі екен. Олар осы өнімдердің жергілікті нарығын басып алған. 

Бәзбіреулердің айтуынша, заңсыз жолмен өндірілген өнімді әшкерелеу қиын емес, оларды саудагер екі есе арзан бағамен сатады екен. «Онда неге тоқтау салынбайды?» деген сауал өз-өзінен туындайды. Сөйтсек маман­дан­ды­рыл­ған табиғат қорғау прокуратура­сы мен эко­логия департаменті бұл проблеманы жақсы бі­леді екен. Прокурор Жандос Сыздықовтың ай­туын­ша, облыс аумағында жер қойнауы заң­сыз пай­д­аланылған 65 учаске әшкереленген. Алай­­да келтірілген экономикалық залалды есеп­­теу қиын. Әр жерден топырақ пен қиыр­шықтас қазып алушылар тұрақты жұмыс істе­мейді. Ал учаскелік полиция қызметкер­лері кү­дік­­ті деген тұстардың өзін басқа жұмысын жиып қойып, ұзақ мерзім торуылдай алмайды. Тіп­ті құзырлы орындарда заңсыз жер қазушы­лар­ға тексеріс жүретіні туралы алдын ала ес­кер­тіп отыратын адамдар бар деген күдік те жоқ емес. 

Облыс әкімі мемлекеттік кіріс департа­менті мен кәсіпкерлер палатасының, басқа да мүдделі тараптардың өкілдерінен жұмыс тобын құруды тапсырды. 

– Жер қойнауын заңсыз пай­далануға жол бермеу үшін жү­йелі шаралар белгілеу қажет. Спут­никтік бақылау мен басқа да ресурстарды іске қосыңыздар және бұл жұмыстардың нәтижесі тура­лы маған бір айдан соң есеп бересіздер, – деді Е. Қошанов. 

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20