Қолға алып құрықтамаса, қара жердің қойнауын кім-көрінгеннің қажетіне жаратуы дағдыға айналып бара жатқан сияқты. Мемлекет меншігін көпе-көрінеу талан-таражға салу қылмыс. Отырыс барысында «Импульс» ЖШС директоры Юрий Венчиков мәлімдегендей, қазір біздің өңірімізде құм мен қиыршықтастың 40 пайыздайы ғана заңды жолмен өндіріледі. Ал қалған бөлігін ешқандай рұқсат құжатсыз көрінген жерден өндіретін алыпсатарлар саудалап жүр.
Бұрын далада құрылысқа қажет тас пен құм алуда геологтардың шағын топтары ғана жүрсе, қазір олардың саны да, өндіріс ауқымы да артып, тіпті біреулерге келісімшарт бойынша қопара жеткізіп беруге көшкен. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Айталық Шақан кентінде біреулер жерді қуатты эксковатормен қопарып, ондаған тонна топырақты әлдеқайда тасып жатыр.
Ю.Венчиковтың айтуынша, осындай заңсыздықтар кейінгі уақытта Нұра өзенінің бойында, Бұқар жырау мен Абай аудандарында көбейіп кеткен. Мұндай заңсыз әрекеттерден мемлекет жыл сайын кемінде 1,5 миллиард теңге салықтан қағылады екен. Табиғатқа келтірілетін залал қаншама! Заңсыз жер қазушылар көбінесе басқа жақтардан арнайы техникалар алдырып, қопарғыш мамандар шақырады. Олардың соңынан терең шұңқырлар қалады. Судың да сұрауы бар заманда бұл не деген бейбастақ әрекет?! Оларды құқық қорғау органдары да назарынан тыс қалдырып отыр. Шахтинск қаласының өзінде құм мен қиыршықтас қоспасы төрт жерде еш рұқсатсыз өндіріледі екен. Олар осы өнімдердің жергілікті нарығын басып алған.
Бәзбіреулердің айтуынша, заңсыз жолмен өндірілген өнімді әшкерелеу қиын емес, оларды саудагер екі есе арзан бағамен сатады екен. «Онда неге тоқтау салынбайды?» деген сауал өз-өзінен туындайды. Сөйтсек мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы мен экология департаменті бұл проблеманы жақсы біледі екен. Прокурор Жандос Сыздықовтың айтуынша, облыс аумағында жер қойнауы заңсыз пайдаланылған 65 учаске әшкереленген. Алайда келтірілген экономикалық залалды есептеу қиын. Әр жерден топырақ пен қиыршықтас қазып алушылар тұрақты жұмыс істемейді. Ал учаскелік полиция қызметкерлері күдікті деген тұстардың өзін басқа жұмысын жиып қойып, ұзақ мерзім торуылдай алмайды. Тіпті құзырлы орындарда заңсыз жер қазушыларға тексеріс жүретіні туралы алдын ала ескертіп отыратын адамдар бар деген күдік те жоқ емес.
Облыс әкімі мемлекеттік кіріс департаменті мен кәсіпкерлер палатасының, басқа да мүдделі тараптардың өкілдерінен жұмыс тобын құруды тапсырды.
– Жер қойнауын заңсыз пайдалануға жол бермеу үшін жүйелі шаралар белгілеу қажет. Спутниктік бақылау мен басқа да ресурстарды іске қосыңыздар және бұл жұмыстардың нәтижесі туралы маған бір айдан соң есеп бересіздер, – деді Е. Қошанов.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ