Аймақтар • 01 Маусым, 2018

Өскеменде Алматыдан әкелінген трамвайлар жолға шықты

364 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Өскеменде Алматыдан әкелінген екі трамвай жолға шықты. Қала әкімі Қуат Тұмабаев таңертең ертемен қоғамдық көлікке алғашқы жолаушылардың қатарында отырып, трамвайдың жүрісін тексерді.

Өскеменде Алматыдан әкелінген трамвайлар жолға шықты

Сурет Өскемен қаласы әкімінің баспасөз қызметінен алынды

«Барлық жүргізушілер трамвайды жүргізіп көргісі келеді. Қалай жүретінін, айырмашылығын байқағысы келеді. Олар Алматыдан жеткізілген трамвайлардың өзгешілігі көп екендігін айтып жатыр», - дейді «Өскемен көлік компаниясы» ЖШС қозғалыс қызметінің бастығы Ольга Китаева.

Шаһар тұрғындары да қоғамдық көліктің іске қосылғанына алғыстарын жеткізіп жатыр. «Біз трамвайлардың қайтадан жолға шыққанына, парк қызметкерлерінің жұмысқа қайта оралғанына қуаныштымыз. Бұл трамвай – кең, әдемі әрі таза екен. Әрине, трамвай жүрмегенде жұмысқа кешіккен кездеріміз де болды», - дейді қала тұрғыны Шолпан Әбдіжапарова.

Өскемен әкімі Қуат Тұмабаев қаладағы трамвай жолдарының 6 шақырымы күрделі жөндеуді қажет ететінін, парктің алда атқарар жұмысы ауқымды екендігін айтады.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН