Аймақтар • 01 Маусым, 2018

Орал қаласында мамандандырылған ХҚО ашылды

264 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орал қаласында автокөлік жүргізушілеріне арналған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Бұған дейін дәл осындай орталық Қазақстанның 14 облыс орталығында ашылған екен.

Суретті түсірген Динара КЕНДІРБАЕВА

Енді оралдықтар автомобиль көлігін тіркеу, жүргізуші куәлігін алу немесе ауыстыру бойынша мемлекеттік қызметтерді осы жерден ала алады.

Орталықтың ашылу салтанатына «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов және Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

- Енді азаматтар небары 90 минуттың ішінде көліктерін тіркеп, жүргізуші куәлігіне 2 сағаттың ішінде қол жеткізе алады. Құжаттардың осындай қысқа мерзімде жасалуы бизнес-процестердің автоматтандырылып, бір кешен аумағындағы қызметтердің ұсынылуының арқасында мүмкін болып отыр. Комиссия тексерісінен де осы ғимараттан шықпай-ақ өтуге болады, психиатр, нарколог сияқты мамандардың арнайы кабинеттері де қарастырылған, - деді Абылайхан Оспанов.

Бұл жерде жүргізуші куәлігін алу үшін қажетті қызмет түгел жинақталған. Мысалы, келуші теориялық емтиханды тапсыру сыныбында тестілеуден өтеді. Жүргізуші куәлігін алуға арналған практикалық сынақты үміткерлер арнайы автоматтандырылған автодромда тапсырады. Жүргізуші қашықтықты өздігінше өтеді, ал электрондық жүйе емтихан тапсырушының бағасын автоматы түрде шығарады. Бағдарламада 12 жаттығу бар. Сынақтан өткен адамның құжаты бірден жүргізуші куәлігін дайындау бөлмесіне жіберіледі. «Бұл емтихан тапсыру кезіндегі «адамдық факторды» және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін толығымен жоққа шығарады» дейді Абылайхан Оспанов.

- Бұл орталықтың басты ерекшелігі – автокөлік иелері үшін құжаттарын реттеуге барлық жағдай бар. Электронды кезек, төлем кассалары, медициналық тексеруден өту бөлмесі, автосақтандыру, тағы басқа құжаттар бір шаңырақта жасалады. Орталық таңғы 9-дан кешкі 8-ге дейін үзіліссіз жасайды. Бұл қызметтердің бекітілген регламенттері бар, ол бұзылған жағдайда қатаң шара қолданылатын болады. Жаңа ғимараттың ауданы 2500 шаршыметрді құрайды. Мұнда азаматтардың құжаттарын қабылдауға арналған 15 жұмыс орны бар. Сонымен қатар көлік салығын және жол жүру ережелерін бұзған автокөлік иелері айыппұлдарын «Connectionpoint» өзіне өзі қызмет көрсету секторында онлайн төлей алады, - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Мұрат Жұманбай.

Орал қаласы әкімі Мұрат Мұқаевтың айтуынша, бұл ғимараттың құрылысына 1 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылған.

- Болашақта бұл жерге аумағы 12 гектар болатын көліктік-логистикалық орталық құрылады, - дейді шаһар басшысы. 

Айта кету керек, бұрын көлік құжаттарын тіркеп, жүргізуші куәлігін беретін орын тар ғимаратта болды. Көлік құжаттарын реттеу бірнеше күнге созылатын. Енді облыстың кез келген тұрғыны осы жерде бірер сағаттың ішінде куәлік алып, көлік тіркетіп кете береді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Мұрат Жұманбайдың айтуынша, 2018 жылдың алғашқы 4 айында Қазақстанның мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында 161 780 жүргізуші куәлігі беріліп, 592 346 автокөлік тіркелген екен. Ал Батыс Қазақстан облысы аумағында 194 940 көлік құралы тіркелген, оның 102 560-ы Орал қаласында. Жыл сайын жаңадан тіркелген көлік саны көбейе түсуде, мысалы Орал қаласында 2017 жылы – 31 945 көлік, биылғы 5 айда 13 428 көлік тіркелген. Ал 2017 жылы 22 143 жүргізуші куәлігі берілген болса, биыл 5 айда 10 645 куәлік берілді. Жаңа орталық күніне 250 қызметке дейін, ал айына 6000 қызмет көрсетуді жоспарлап отыр.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

"Егемен Қазақстан" 

Батыс Қазақстан