- Жуырда ғана Парламентте «Діни қызмет пен діни бірлестіктер» жөніндегі заң жобасына енгізілген толықтырулар мен өзгертулер бір ауыздан мақұлданды. Осы заң жобасы аясында діннің «деструктивті құрал» ретінде пайдалануы және «діни субъектілердің» құқықтары мен міндеттері айқын көрініс тапты. Алайда, «діни бірлестіктер мен ұйымдардың қаржылық жүйесінің ашықтығы» туралы бап әлі де түсіндіру мен анықтауды қажет етеді. Жалпы мұндай талап пен міндет қандай қажеттіліктен туындады?
- Жалпы, бұл сұраққа жауап бермес бұрын, біріншіден заң жобасындағы осы өзгерістер мен толықтыруларға тоқталайын. Бүгінгі таңда әлемде болып жатқан саяси-әлеуметтік және геосаяси құбылыстар діни кейіпте өте күрделі мәселелер туындатып отыр. Таяу шығыс пен Еуропадағы діни радикалдану көрсеткіштерінің жоғарылауы, жалпы әлемге терроризм мен экстремизмнен төнген қауіп-қатерлердің артуы мен нео-салафилік саяси қозғалыстардың кейбір территориялардағы экспанциясы мен үстемдік құруы қазіргі таңдағы діни аспектіден туындап отырған мәселелердің әлемдегі реалды бейнесі. Мінеки, осындай факторлардың қатарында Сирия мен Ирактағы соғыс, әлемнің түкпір - түкпіріндегі террорлық оқиғалар орын алуда. Бізде мемлекет ретінде, жалпы қоғам ретінде бұл құбылыстардан алшақ емеспіз, себебі шекара деген ұғым ол тек әлем картасындағы сызықтар ғана. Сондықтан әлемге бейбітшілік пен келісімнің жаршысы болып танылған ел үшін, мұндай мәселелерде қырағы болғаны керек.
Бүгін қабылданып жатқан заңдар мен нормалар осы мәселелерге мемлекет ретінде, тұтас қоғам ретіндегі біздің дер кезіндегі жауабымыз деп қабылдаймын. Себебі, жалпы «діни қызмет пен бірлестіктер» заңының аясында қабылданып жатқан барлық өзгерістер елдегі орын алған және де болуы мүмкін радикалды қауіп–қатерлерді шешуге немесе алдын-алуға бағытталған. Мысалы, «деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» ұғымдарының Орталық Азияда алғаш құқықтық анықтамалыққа ие болуы, «қоғамдық орындарда деструктивті діни ағымдарға тиесілігін жария көрсететін сыртқы атрибуттарды қолдануға, киім-кешекті киюге заңнамалық тыйым», «ішкі істер органдарына деструктивті діни ағымдардың ұстанушыларына ресми ескерту жасау бойынша өкілеттілік беру», «Қазақстан азаматтарының шетелдерде діни білім алуын реттеу», сіз жаңа атап отырған «діни бірлестіктердің қаржылық ашықтығын қамтамасыз ету» бұл өзгерістердің барлығы, біздің етек-жеңімізді жиып, есік-тереземізді түгендегеніміздің белгісі.
Ал діни ұйымдардың қаржылық ашықтық мәселесіне келетін болсақ, ең біріншіден атап кету керек бұл толықтыру да дін атын жамылған қауіптердің алдын алуға немесе оларды реттеуге бағытталған. Себебі осы күнге дейін діни ұйымдар мен бірлестіктердің қаржылық айналымы мен меншіктік материалдық базасы мемлекеттік органдардың назарынан тыс болып келді. Бұл орын алған жағдайлар діни ұйымдардың заңсыз әрекеттермен айналысуына, мәселен сыбайлас жемқорлықтың объектісі немесе шет елден заңсыз әрекеттерді қаржыландыруға көмектер алуға мүмкіндік берді.
Мұндай мемлекеттік құқықтық реттеу құралдары басқа да шет елдерде кеңінен қолданыс тапқан. Яғни, дін тарату эгидасымен кіріс немесе шығыс қаржыларды бақылау, көре алу халықтың және мемлекеттің қауіпсіздігі үшін, бүгінгідей террорлық қауіп жайлап отырған кезеңде өте маңызды алғышарт болып табылады. Кейбір бейресми деректерге сүйенетін болсақ, жылына еліміздің территориясына нео-салафилік құрылымдарды қаржыландыру үшін 15 миллион АҚШ долларынан астам қаржы кіреді екен-мыс. Мәселен, ол қаржылардың қайда, қандай мақсаттарда жұмсалатыны белгісіз. Ал нақты ресми мәліметтерге келсек, мемлекеттік кіріс комитетінің ақпараты бойынша елімізде 425 компания мен қоғамдық ұйым шет елден қаржы алып отыр.
Оларға келіп жатқан қаржылардың қандай мақсаттарда жұмсалып жатқанын ешкім білмейді. Мүмкін, мемлекетіміздің саяси тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне зиян әскери құрылымдарды қаржыландырып отырған шығар?! Кім біледі?!
- Ал, енді бұл мәселеге еліміздегі мешіттердің қандай қатысы бар? Ақпарат құралдарында мешітке түсіп жатқан садақа мен зекет секілді қаржылық кіріс көздеріне де есеп беру керек деген мәліметтер тарап жатыр, шіркеулердің қаржылық есебі ше, ол қалай болады?
- Мешіттер мен шіркеулер құқықтық статусы бойынша діни бірлестіктерге жатады, біріншіден осыған байланысты. Және де біздің мемлекетіміз құқықтық, зайырлы ел болғандықтан барлық діни ұйымдар мен бірлестіктерге теңдей құқықтық мәртебемен қарайды. Яғни, заңда аталаған міндеттер баршаға ортақ. Сол себептен бұл мәселеден шошудың қажеті жоқ. Егерде еліміздің болашағы мен ертеңі маңызды болатын болса, заң нормаларын басқалармен бірге орындау керек, мұнан ешкімнің есебі күйрей қоймайды деп ойлаймын. Қайта ел арасындағы алып қашпа әңгімелерден мешіт, шіркеу секілді діни мекемелер азат болып, дін қызметкерлеріне деген сенім артады. Мәселен, сол садақаның әрбір тиынын халыққа санап, көрсетіп беріп жатса халықтың сүйіспеншілігі мен сенімінен басқа алар алғыс болмайды, ал бұл құбылыстар өз кезегінде дәстүрлі діни ағым ұстанушылардың саны мен сапасын арттырмаса, кемітпейтіні сөзсіз. Осындай бір діни-әлеуметтік эффекті болуы әбден мүмкін.
- Осы арада туындайтын тағы бір сұрақ, мемлекет діннен ажыратылған деген ата заңымыздағы тұжырым бар, яғни діни бірлестіктердің ішкі саясаты мен олардың қызметіне араласу олардың құқықтарына қол сұғушылық болып табылмайды ма?
- Бұл арада бір нәрсеге мән беру қажет. Жаңа айтып кеткенімдей жалпы бұл қабылданып жатқан өзгерістер мен толықтырулар, мемлекетіміздің, еліміздің қауіпсіздік бағытындағы мүдделері үшін ұйымдастырып жатқан дүние. Яғни, дін атын жамылған құбылыстардың еліміздің тұрақты дамуына кедергі болуының алдын алатын профилактикалық тетіктер. Енді сіз айтып отырған құқықтық шектеулерге келетін болсақ, Еуропалық адам құқықтары жөніндегі конвенцияда екі құқықтық тетік көрсетілген. Бірі осы конвенцияның сегізінші бөліміне сай жеке өмір мен оған қол сұқпау және де тоғызыншы бөліміне сәйкес діни – сенім бостандығы жөніндегі құқықтар. Бұл құқықтар қай кезде шектеледі немесе қандай жағдайларда шектелуі мүмкін?! Онда: «Егер зайырлы демократиялық мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мен қоғамдық қауіпсіздігіне, яғни оның азаматтарының өміріне қандай да болмасын бір қауіп төніп тұрған болса, бұл құқықтар сол елдің заңнамасы бойынша шектелуі мүмкін» - делінген.
Ал, енді мемлекетіміздің тұрақтылығы мен тыныштығына, төнетін қауіп пен қатер алдында мұндай құқықтық реттеуші тетіктерді пайдалану, «құқықтық шектеу» деп айта алмаймын, бұл тек қана «реттеу» мен «бақылау». Сондықтан, мемлекет ретіндегі тұтастық пен ұрпақтарымыздың болашағына деген сенім керек болатын болса, «түймедей нәрсені түйедей» етудің керегі жоқ.
- Түсінікті. Соңғы сұрақ, ертең заң қабылданған соң осы құқықтық міндеттерден бас тартып, оны орындауға қарсы діни бірлестіктер мен ұйымдарға қандай шара қолданылады?
- Нақты осы бапқа келетін болсақ, толықтыру еніп жатқан салалық заң жобасында, 20- баптың бірінші және екінші тармақтарына өзгеріс еніп отыр. Яғни, ол жерде «діни бірлестіктерге түсетін қаржы қаражаты, қайырмалдық, қайырымдылық көмек және басқа да мүлік, оның ішінде халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардан түсетін қаржылар міндетті түрде діни бірлестіктердің қаржылық құжаттарында есепке алынады» және де «Осы баптың 1-1-тармағында көрсетілген барлық кірістер көлемі және сондай-ақ шығыстар көлемі ҚР заңнамасына сәйкес жыл сайын бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады» - делінген. Ешқандай жасырын іс-әрекеті жоқ немесе діни қызметтен басқа да бір мақсат, мүдделерді көздемейтін бірлестік пен ұйым үшін бұл талаптар сондай бір қиындық тудыра қоймайды деп есептеймін.
- Сұқбатыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан Гүлнұр Қуанышбекқызы,
«Егемен Қазақстан»