Сондай-ақ, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, жоғары оқу орындарына облыс әкімінің 100 білім гранты бөлінеді. Өткен жылы 95 жас тегін білім алу мүмкіндігіне ие болған-ды. Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Әрқашан күн сөнбесін» атты іс-шарада облыс әкімі Ж.Түймебаев Елбасы жас ұрпақтың ертеңіне ерекше мән беріп келе жатқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы «елімізде туылған әрбір баланы мемлекет өз қамқорлығына алуға тиіс» деген болатын. Міне, осы бағытта атқарылып жатқан іс көп. Сендердің еліміздің беделді азаматы болатындарыңа кәміл сенемін», -деді облыс басшысы құттықтау сөзінде. Облыс тұрғындарының 1 млн. 240 мыңнан астамы 18 жасқа дейінгілер. Өкінішке қарай, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны -2648, оның 2068-і қорғаншылық және қамқоршылыққа, 184-і патронаттық тәрбиеге өткен. Ал 349-ы балалар үйлерінде тәрбиеленуде.
Мерекелік жиында балалар үйінің тәрбиленушілеріне сый-сияпат жасалды. Сондай-ақ, облыс әкімі түрлі байқауларда топ жарған, балалар үйінің өнерлі 10 оқушысын «Алғыс хатпен» марапаттады. Одан бөлек, жиынға қатысқан барлық балаларға түрлі ойыншықтар үлестірілді. Ал 50 бала кинотеатрлардың, Астана қаласына жасалатын 3 күндік экскурсияның билетіне ие болды. Салтанатты рәсім балаларға арналған мерекелік дастархан мен концерттік бағдарламаға ұласты. Сонымен қатар, балалар Жайлаукөл демалыс аймағындағы аттракциондарда көңіл көтеріп, асфальтте сурет салу байқауына қатысты.
Еркін ДОСЫМБАЙ,
Суреттерді түсірген Самат МЫРЗАЛИЕВ,
Оңтүстік Қазақстан облысы.