Аймақтар • 02 Маусым, 2018

Қызылордада мемлекеттік қызметшілер отбасыларымен бірге сайысқа түсті

388 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылордалық 8 мемлекеттік қызметшінің отбасы өзара тартысқа түсіп, мықтыларын анықтады.

Қызылордада мемлекеттік қызметшілер отбасыларымен бірге сайысқа түсті

«1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне» орай «Мұз айдыны» спорт кешенінде өткізілген «Әкем, анам және мен – спорттық жанұя» атты отбасылық спартакиадаға қала әкімі аппаратының, әділет, қазынашылық, кірістер департаменттері мен экономика, ауылшаруашылығы, білім басқармаларының мемлекеттік қызметшілерінің отбасылары қатысты.

Жалпы, жыл басынан бері Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастамасымен мемлекеттік қызмет істері органдарының және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың 20 жылдығын ұлықтау аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Отбасылық спартакиада да сол шаралардың бірі.

Отбасылық жарысты өткізудің басты мақсаты мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, «денсаулық зор байлық» деген сөзді қоғамда кеңінен насихаттау, жемқорлыққа қарсы күресте отбасының рөлін арттыру.

5 эстафеталық ойын түрінен қызық та тартысты өткізілген спорттық сайыста білім басқармасынан қатысқан Әбдірамановтар отбасы жеңімпаз атанса, әділет департаментінен Абдреевтер отбасы жүлделі екінші орынды және экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан Мухитдиновтар отбасы үшінші орынды иеленді.

Жеңіске жеткен отбасылар арнайы кубокпен, дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды. Спартакиадаға қатысқан барлық отбасыларға алғыс хат табысталып, балаларға сыйлықтар берілді.