Аймақ басшысының бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров өз сөзінде ұрдажық саясат пен қолдан жасалған ашаршылықтың салдарынан терісейде де мыңдаған арыстар мен аптал азаматтар аяусыз қорлық, бейнет көргенін, тек Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ащы шындық айтыла бастағанын жеткізді.
Бұл орайда облыстың құрметті азаматы, қадірменді ақсақал Болат Сағындықов жетекшілік ететін «Память» қоғамдық қоры бірталай істер тындырғанын атай кеткен жөн. Қуғын-сүргін құрбандарының құрметіне мемориалдық кешен орнатылып, 7600-ден астам жерлесіміздің есімдері тасқа қашап жазылған. 8 мыңға жуық адам еш жазықсыз жазаланса, 1650-і ату жазасына кесілген.
–Жуырда қаралы тізім тағы да 8 адамға толықты. Нақты деректі анықтау мүмкін емес. Зұлматты жылдар қасыретін бүгінгі ұрпақ сезініп өсетіндей жұмыстар жүйелі жүргізілуі тиіс», дейді ұйым төрағасы.
Қоғамдық қордың қуғын-сүргін құрбандары жайлы жан-жақты мағлұматтар орналасқан мұражай ашу туралы ұсынысы облыстық әкімдік тарапынан қолдау тауып отыр. Сол сияқты мемориалдық кешенді өңіріміздің киелі орындар қатарына енгізу міндеті тұр. Мұнымен қоса ауылдық жерлерде ескерткіштер орнату шаралары жалғасын табатын болады. Мамлют ауданы Бостандық ауылында арнайы ескерткіш тұрғызылды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.