Қазақстан • 04 Маусым, 2018

Елбасы Назар­баев Университетінің түлек­теріне дип­лом тапсырды

409 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Астанада Назар­баев Университеттің түлек­теріне дип­лом тапсыру рәсіміне қатысты. Аталған жоғары оқу орны осымен төртінші рет түлектерді шы­ғарып салу рәсімін өт­кі­зіп отыр.

Елбасы Назар­баев Университетінің түлек­теріне дип­лом тапсырды

Жиынға қатысушыларға ар­налған сөзінде Елбасы биыл бүкіл еліміз бойынша 140 мың­нан астам студент жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алатынын атап өтті. Жалпы, аталмыш жоғары оқу орнын биыл бакалавриат, магистратура және РҺD бағдарламалары бойынша 811 студент бітірді. Оның ішінде бакалавриат бағ­дарламасы бо­йынша 506 студент, магистратура бойынша 302 түлек және докторантура дә­режесі бойынша 3 студент диплом алды. Диплом алғандардың қатарында қазақ­стандық жастардан бөлек, Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген
8 шетелдік азамат бар.

Айта кету керек, биыл уни­верситеттің Медицина мектебі алғашқы 25 түлегіне диплом берді. Олар енді медицина док­торларының, ғылыми зерттеу­шілер мен академиялық клини­цис­тердің бірінші санатын то­лық­тырады.

– Бүгін біз Қазақстанның ең үздік оқу орнының түлектеріне ақ жол тілеу үшін жиналып отырмыз. Назарбаев Университеттің төртінші жылғы бітірушілерін және еліміздегі барлық оқу орындарының түлектерін шын жүректен құттықтаймын! – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев білім экономикасы мен инновациялық дамуды қалыптастыру ісіндегі зерттеу университеттерінің рөлі мен маңызын ерекше атап өтті. Сондай-ақ қысқа мерзім ішінде Университет жаңарудың символына және еліміздің ғылыми-зерттеу, инновациялық және кадрлық әлеуетінің өсу орталығына айналғанын айтты.

– Назарбаев Университетінің ғалымдары халықаралық рей­тин­гі жоғары басылымдарда 1700-ден астам мақала жария­лады, 36 патент алынды. Корпо­ративті демеушілер ғылыми зерт­теулерге 40-тан астам грант бөлді. Университет иннова­циялық кластерді табысты қа­лып­­тастырудың негізі болды. Ғылыми-техникалық қызмет нәти­желерін коммерцияландыру аясында 21 жоба қолдауға ие болды, – деді Қазақстан Пре­зи­денті.

Салтанатты рәсімде университет басшысы Шигео Кат­су мырза да Назарбаев Универ­ситеттің түлектері өз Отанында да, сондай-ақ шетелдерде де сұ­ранысқа ие бәсекеге қабілетті маман екендігін айтып өтті. Ал­ғашқы докторант түлектерді қоса алғанда, бұған дейінгі үш жылдың түлектері, яғни 1800-ге жуық студент өткен жылы әртүрлі компанияларға табыс­ты жұмысқа орналасқан. «Тү­лектердің жартысынан көбі бірден жұмысқа орналасады. Олар қаржы қызметтерін көр­сету, инженерия, робот техникасы секторларында жұмыс істейді, ірі консалтингтік ком­па­нияларға шақырту алады. Біз көпшілігінің өз бизнесін ашу үрдісін көріп қуанамыз. Біздің студенттеріміз негізінен Қазақстан аумағында жұмыс істейді, ал сыртқа кеткендер өз білімдерін әрі қарай жал­ғастыруды көздейді. Студент­тердің бір бөлігі халықаралық компанияларға табысты жұ­мыс­қа орналасады. Бұрнағы жыл­дары 30-дан астам түлек Еуропаның, Солтүстік Амери­ка­ның және Азияның еңбек нары­ғында өз орындарын тапқан. Олардың арасында Google және Microsoft сияқты жетекші ІТ компанияларда, сондай-ақ Сили­кон алабында жұмысқа орна­ласқан түлектер бар», дейді Ш.Катсу.

Мемлекет басшысы уни­вер­ситеттің одан әрі табысты дамуы еліміздің адами капиталының артуына септігін тигізіп, Қа­зақ­станда бүкіл Орталық Азия өңірі ауқымындағы толыққанды білім беру хабын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін осы жоғары оқу орнына алдыңғы қатарлы зияткерлік және ғылыми ресурстарды жұмылдыру, өндіріс пен кә­сіп­керліктің инновациялық мәде­ниетіне бағытталған оқу бағдар­ламаларына бет бұру, сондай-ақ қашықтықтан білім беру платформасын дамыту арқылы Университет жұмысын жандандыруды тапсырды.

Шынымен де келесі он жыл­дың ішінде көптеген жұмыс орын­дары айтарлықтай өзгереді немесе тіпті революциялық тех­­но­логиялардың салдарынан жойылып кетуі де мүмкін. Ке­лешекте адамдарға қара­ғанда роботтар мен автомат­тан­дырылған процестер жақсырақ жұмыс жасайтынын жүйрік уа­қыт өзі дәлелдеп келе жатыр. Де­мек, болашақта жасанды интел­лектімен ынтымақтасу, осы тү­лек­тердің еншісінде болмақ.

– Университет еліміздің ғана емес, сондай-ақ алыс және жақын шетелдердің оқымыстыларын тартатын орталыққа, жастардың жобаларын бірлесе жүзеге асыратын орынға және Гарвард, Корсер, Хан академиясының онлайн-курстары үлгісімен білім берудің интернет-платфор­масына айналуға тиіс, – деді Қаза­қ­стан Президенті.

Сонымен қатар салтанатты шарада Нұрсұлтан Назарбаев Астана экономикалық форумында көтерілген жаһандық өзгерістердің бес мегатренді туралы айтып, елдің ауқымды экономикалық, саяси және рухани жаңғыруын жүзеге асыру ісіндегі өскелең ұрпақтың рөліне баса назар аударды.

Оны айтудағы себеп, жаңарған Қазақстанның келбеті де, жаңа формацияның ұрпағы да және мұны өмірде іске асыра­тын да бүгінгі түлектер екені даусыз.

Айта кетейік, түлектердің көп­­­шілігі, атап айтқанда 195 түлек Ғылым және технологиялар мек­тебі бойынша жоғары оқу орнын тәмамдап отыр. Ал 156 түлек Инженерия мектебінің, 155 түлек гуманитарлық және әлеу­мет­тік ғылымдар мектебінің түлегі саналмақ. Сондай-ақ магис­тр­лік бағдарламалар бойынша Жо­ғары бизнес мектебінде 64 түлек, Жоғары білім беру мектебінде 46 түлек, Жоғары мемлекеттік сая­сат мектебінде 48 түлек, Гума­ни­тарлық және әлеуметтік ғылым­дар мектебінде 33 түлек, Ғылым жә­не технологиялар мектебінде 23 тү­лек, Инженерия мектебінде 63 тү­лек іргелі университет қа­быр­ғасынан үлкен өмірге қанат қақты.

Салтанатты рәсімде Елбасы қолынан диплом алғандардың бірі Жоғары білім беру мектебінің көп тілді білім беру магистрі – Әсем Амантай. Ол осыған дейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша 2006-2009 жылдар ара­лы­ғында Мичиган мемлекеттік уни­верситетінде бакалавриат бойынша білім алған. Болашақта үш тілді білім беретін орталық ашуды армандайды.

Білімімен озғандарды сана­­ма­ла­сақ, олардың қатары жыл­дан жыл­ға артып келе жат­қан­дығы қуантады. Елбасы тапсырмасына сәйкес, университет 2025 жылға дейін студенттер санын екі есеге көбейтіп, бакалаврларды 5 жарым мыңға дейін жеткізуді көздейді. Ғылыми жұмысты қарқынды дамыту үшін РһD доктор санын да арттыру көзделген. Оған Елбасы ұстаздар қауымының қажырлы еңбегі мен бай тәжірибесінің үнемі қажет болатынын атап өтті.

– Жаңарған Қазақстанның келбеті де, жаңа формацияның ұрпағы да және мұны өмірде іске асыратын да сіздер боласыздар. Сіздердің күш-қуаттарыңыз, баста­ма­шылдықтарыңыз, ақыл-ой­ларыңыз бен креативті ұста­ным­­дарыңыз Отанымыздың табыс­ты дамуының кепілі санала­ды. Сіздер өздеріңіздің қайта­лан­бас өмір жолдарыңызды жүріп өткелі тұрсыздар. Мен сіздер­дің әрқайсысыңызды мақтан тұта­мын, – деді Қазақстан Президенті.

Шара соңында Мемлекет бас­шысы үздік дипломдарды тап­сыру сәтінде Назарбаев Уни­вер­ситеттің оқытушы-профессорлар құрамын және түлек­терді тағы да құттықтап, олар­дың өз идеяларын жемісті жүзеге асыруына тілектестік біл­дірді.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»