Әлем • 04 Маусым, 2018

Инвестиция тартудағы дипломатиялық ілкімділік

831 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанның шетелмен алыс-берісі, байланысы жаңа бағытта өрбіді. Әсіресе еліміз соңғы жылдары сыртқы экономикалық байланыстарын үдете түсіп, сырттан келетін инвесторларға жағымды ахуал жасау арқылы көптеген инвестиция тартылды. Әрине оның бастауында қай елге сапарлап барса да мемлекеттің экономикалық жоғын түгендеп, ел бизнесмендері үшін экспортқа жол ашып жүрген Елбасының еңбегі тұр. 

Инвестиция тартудағы дипломатиялық ілкімділік

Өткен замандарда бабаларымыз дала диплома­тиясын дамытып, жан-жақ­қа керуен-керуен жүк жет­кізіп, Ұлы Жібек жолын қалып­тас­­тырса, кейінгі ұрпақ сол жол­ды жаңғыртып, алыс-жа­қынмен қарым-қатынасты жаңа биік деңгейге шығар­ды. Әсіресе соңғы жылдары Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның сырт­қы эко­н­оми­калық саясатын ілгері­летіп, елге инвести­ция тарту, қазақстандық ком­па­ния­лардың өнімдерін экспорт­қа шығаруға көмектесу жөніндегі тапсырмасы бойынша шетел­дегі елшіліктер жүйелі жұ­мыс істеуде. Осы жүйелі атқа­ры­­лы­п келе жатқан үлкен жұ­мыс­­­тарды сәтті жүзеге асы­­ру­­да елі­міздің сыртқы сая­си ве­дом­­с­твосының үлесі жоғары.

Қазақстан экономика­сы­ның басым салаларына шет­елдік инвестиция және ин­но­­вациялық техноло­гия тар­туға, сондай-ақ отан­дық кә­сіп­орындардың экспорт­қа бағытталған өнім­дерін шет­ел рыногына шы­ғаруға жәр­дем­десу, ықпал ету елі­міз­дің сыртқы саясаты­ның өзекті элементі және сау­да-эко­номикалық дип­лома­тия­ның негізін қалаушы басым­дықтарының бірі. Сол себепті Сыртқы істер министрлігінің тікелей қолдау көрсетуімен еліміздің әр өңірлерінде және шетелдерде жыл сайын сауда-экономикалық және инвес­ти­циялық тартым­дылықты арт­тыруды діттеген көптеген іс-шаралар жүзеге асырылады. Сондай-ақ шетелдік іскер топтардың Қазақстанға, қазақстандық экономикалық делегациялардың шетелдерге сапарлары ұдайы ұйым­дас­тырылып келеді. Мемлекет басшысы қойған тапсырмаларды орындау үшін шетелдік мекемелер, инвестициялар, экономика және сауда жөніндегі кеңесшілер, ДСҰ, сондай-ақ Қазақстанның шетелдегі құрметті консулдарын қоса алғанда, министрліктің және еліміздің шетелдердегі бар­лық әлеуетті ресурстары іске қосылып, жұмылдырылған.

Елбасы Н.Назарбаев эко­но­микалық дипломатияны дамыту, елге қаржы тарту мақ­сатында тәуелсіздіктің елең-алаңынан бастап ірі мемле­кеттер мен экономикасы дамыған алпауыт елдерге жиі сапарлады. Шетелге жаса­ған әр сапарында сол ел­дің биз­нес-қауымдастығымен жеке-жеке кездесіп, соның нәтижесінде ірі сомадағы ком­мерциялық келісімдер жаса­лады. Сол дәстүр бүгін­ге дейін жалғасып, ізінен жаңылған емес. Мысалы, был­тыр Мемлекет басшысы Әзербайжан, Өзбекстан, Беларусь және басқа да елдерге сапарлау барысында жалпы көлемі 1 млрд АҚШ долларынан асатын инвестициялық және сауда келісімдеріне қол қойылды. Ал шет мемлекеттер басшыларының Қазақ­­станға жасаған сапарлары де нәтижелі болды деуге үлкен негіз бар. Атап айт­сақ, Германия президенті Ф.В.Штай­н­майердің елімізге маусым айында жасаған сапары ая­сында жалпы көлемі 1 млрд АҚШ доллары болатын 21 келісімге, Түркия Прези­денті Р.Т.Ердоғанның қыр­күйек­тегі сапарында көлемі 590 млн АҚШ доллары болатын 9 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Бұл жобалардың артында қыруар еңбек пен әр деңгейдегі келіссөздер, түрлі бастамалар және екі тарапты да қанағаттандыратын пайда жатыр. Бұл құжаттардың негізінде барыс-келісті ұлғай­тып, түрлі жұмыс орындарын ашу мәселесі діттеліп отыр­ғаны белгілі. Осының арқа­сында қазынаға түсетін салық көлемі артып, елдің биз­нес әлеуеті күшейе түсе­ді. Эко­номикалық диплома­тияның жемісі – елге келетін инвестиция мен сыртқа шығатын экс­порттық өнімдер, міне, осы.

Мемлекет басшысының экономикалық дипломатияны дамытуға ерекше көңіл бөлуі нәтижесінде 2016 жылы да біршама уағдаластықтарға қол жеткен. Мысалы, Иранға ресми сапары барысында жалпы көлемі 1,4 млрд АҚШ долларын құрайтын 48 келісімге, Түркия сапарында 520 млн АҚШ доллары болатын 20 құжатқа қол қойылды. Оған Сауд Арабиясына барған сапарындағы құны 200 млн АҚШ долларына жететін 10 келісімді, Жапония сапарында қол қойылған құны 1,2 млрд АҚШ доллар болатын 13 құжатты, Оңтүстік Кореяға сапарындағы жалпы көлемі 640 млн АҚШ долларына жететін 24 келісімшартты қосыңыз. Бұл келісімшарттар құр қағаз жүзінде қалмақ емес. Сыртқы істер министрлігі Мем­лекет басшысының  шет­ел­дерге жасаған және шет­ел­дер басшыларының қазақ­стан­дық сапары барысын­­да қол жеткізілген уағда­лас­тық­тар­дың іске асырылу мониторингін зерделеп, оның орындалуын қадағалау бо­йынша тұрақты түрде жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ транс­ұлттық корпорациялармен бір­лескен инвестициялық жоба­лар туралы келісімдерге де ерекше назар аударылады.

Ел өңірлерінің экономика­лық әлеуетін таныстыру мақ­саты экономикалық дипло­матияның тағы бір маңызды тарауы десек қателеспейміз. Өйткені Қазақстанның қай өңірін алып қарасақ та, иге­рілмеген экономикалық мүм­кіндіктерді көруге болады. Бұл әлеуетті ел игілігіне айналдыру үшін көршілермен тұрақты қарым-қатынас орнатып, экономикалық байланысты жолға қою және шет­елдік инвесторларды тар­туға бағытталған түрлі эко­но­микалық, бизнес-форум­дар жиі ұйымдастырылып жүр. 2017 жылы өткен барлық өңірлік бизнес-форумдар нәтижесінде көлемі 5 млрд АҚШ долларын құрайтын 50-ден астам құжатқа қол қойы­лыпты. Олардың қата­рында «Aktobe Invest-2017» форумында 209 млрд теңге­лік 11 меморандумға, «Алматы Инвест-2017»-де құны 15 млн АҚШ доллары тұратын бірнеше келісім­шартқа, «Қостанай Инвест-2017»-де құны 200 млрд теңге болатын 26 құжатқа қол қойса, «Атырау Инвест-2017» форумы аясында 3,3 млрд доллар инвестиция тартылды. Ауқы­мы өте кең бұл бизнес-форумдар өзге де өңірлерде жалғасын тапты. Биыл да бұл форумдар дәстүрлі жолынан жаңылмай, ел экспортын дамытуға септігін тигізеді деген сенім мол. Бұл шаралар экономикалық дипломатия бойынша Сыртқы істер министр­лігінде жүргізілген үлкен жұмыстардың нәтижесі десек артық болмас.

Сырттан инвестиция­лар тарту бойынша жұмыс­­ты кү­шейту үшін еліміз инвес­ти­ция­лық басым­ды­ғы жоға­ры 10 жетекші елде Ин­вес­­ти­циялар және даму министр­лігінің инвестициялар жө­ніндегі кеңесшілерін таға­йын­дап, инвесторлармен мақ­сат­ты жұмыс істеу үшін «Kazakh Invest» ҰК» АҚ фронт-кеңселерін ашу тур­а­лы шешім шығарды. Олар­дың қатарында Герма­ния, Фран­ция, Қытай, Ұлыбри­тания, Оңтүстік Корея, Жапо­ния, АҚШ, Италия, Иран және Үндістан бар. Сауда-ин­вес­тициялық бағытқа қатыс­ты жұмыс барысында  Сырт­қы істер министрлігі, Инвести­ция­лар және даму министр­лігі мен басқа да мүдделі мем­­лекет­­тік органдар ұлттық ком­­­па­­­ния­лармен біріге отырып, өзара тығыз қарым-қаты­наста жұмыс атқаруда. Соны­мен қатар екіжақты үкімет­аралық комиссиялар (ҮАК) мен іскерлік кеңестер шетел мемлекеттерімен қарым-қа­ты­нас тиімділігін арт­тыру бо­­йынша жұмыс жүр­гізу­де. Әсі­ресе ҮАК-тер­дің инвести­ция­­лық және экспорт­тық мін­дет­­терді шешудегі әлеуеті зор.

Еліміздің сыртқы саяси дипломатиясының келесі бір маңызды басымдығы – шетелдегі қазақстандық бизнестің құқықтарын қорғау және қолдау. Осы орайда былтыр қазақстандық бірқатар ірі компаниялар экспортты ілгерілету мен инвестиция тарту бойынша Сыртқы істер министрлігіне өтініш берді. Олардың қатарында «Қайнар-АКБ» ЖШС, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ, Қазарнаулыэкспорт» РМК, «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» АҚ, «Қазгер-Құс» ЖШС, «Семей инжиниринг» АҚ, «ЗКМК» АҚ, «Молоч­ные истории» ЖШС және басқалар бар. Бұл компания­лар өз өнімдерін экспортқа шығару­ға құмбыл, ал оларға шетел­­дік әріптестерімен келіс­сөз­ге оты­руға сыртқы саясат ведомствосы үлкен көмек береді. Әрі болашақта орын алатын түрлі жағдай­ларда компания құқықтарын қор­ғау­ға барынша атсалыса­ды. Бұл әрине үлкен көмек, осы орайда мемлекет қанаты­ның астына алған компаниялар жауапкершілігін түсініп, өз істерін барынша сауат­­ты жүргізуге тырысары сөз­сіз. Осы орайда айта ке­тер тағы бір жайт, былтыр ел тарихында алғаш рет Вьет­­нам­ға 720 тонна бидай «Қазақ­­стан-Ляньюньган (ҚХР)-Вьет­нам» жаңа көлік дәлізі бо­йынша тасымалданды. Бұл тасымалды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың енші­лес компаниясы «КТZ Express» АҚ»  «Ляньюньган қ. Қытай-Қазақстан халықаралық логистикалық компаниясы» ЖШҚ-мен бірлесе жеткізді. Қазақстандық бидайды сатып алған вьетнамдық компания ел өнімін тексеріп, оң нәтиже берсе қазақстандық бидайды үнемі сатып алып, көлемін ұлғайтуды жолға қоймақ. 

Сыртқы байланыстардың әлеуетін толық пайдаланып отырмыз деуге әбден болады. Байқағанымыздай, құны өте жоғары инвестициялық тұрғыдағы әр келісімшарт оңайлықпен түзілмейді. Ол үлкен еңбекті, қабілетті, тиісті  мемлекеттік қызметкерлер­дің маңдай терін талап етеді. Мұның барлығы, әрине еліміз­дің сыртқы саясатта көп­век­торлы бағыт ұстануы­ның нәтижесінде жүзеге асып отыр деуге толық негіз бар. Себебі бүгінгі таңда Қазақстан Орта­лық Азия елдерімен де, көршілес алып екі державамен де, Оңтүстік Азия елдерімен, Батыс мемлекеттерімен, қоры­та айтқанда, әлемнің кез келген елімен терезесі тең дәрежеде сауда-саттық жүргізіп келе­ді. Экономиканы дамытуға қар­қын берген бұл үдерістерде Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының «көрінбейтін жұмыстарының» үлесі зор.

Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»