Алдарындағы малдарын тартып алды. Негізгі күнкөрісі мал болған халқымыз аштыққа ұрынды, шамасы барлар жан сауғалап шекара асып кетті. Сөйтіп тұтастай бір ұлтқа қасақана зұлмат жасалды.
Кеңестік жүйенің осы бір ең ауыр қылмысы ұзақ жылдар бойы аса құпия болды, айтылмады да, жазылмады да. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен ашаршылық және оның зардаптары жан-жақты зерттеліп, бұл нәубеттің қасіретін бүгінгі өскелең ұрпақтың терең білуіне мүмкіншілік жасалды.
Қазіргі қолдағы архив қорларында сақталған санақ материалдары, мемлекет қайраткерлері мен қазақтың зиялы қауым өкілдерінің И.Сталинге, Л.Мирзоянға жазған сол кездегі хаттары және осы тақырыпты терең зерттеген отандық және шетелдік тарихшы ғалымдардың пікірлеріне қарағанда, 1930 жылы 1 маусымға дейінгі есеп бойынша Қазақстанда 5 миллион 873 мың халық, соның ішінде 4,5 миллион қазақтар тұрған екен. Ал 1932 жылы «Казсовнаркомның» мәліметіне сүйене отырып, Л. Мирзоянға жазылған ресми хатта Қазақстанның ауылдық жерлеріндегі 4 миллион 800 мың халықтың 2 миллион 250 мың ғана қалғаны атап көрсетіледі.
Демек, екі жыл ішінде ата қонысында тұрып жатқан қазақ халқы тең жартысынан айырылған. Мұндай ауыр қасіретті бірде-бір халық басынан өткермеген екен. Қазір демограф мамандар қолдан жасалған осы ашаршылық болмаса, осы күндері біздің халқымыз 45 миллионға жетуі мүмкін екенін дәлелдеп, айтып жүр.
Жылдар өтіп, ұрпақтар да алмасып жатыр. Тарихтың бүгінгі талабына сай болсын десек, осы бір ашаршылықтың залалы мен зардабын әлі де болса нақтылай түсу қажет. Қазақстан тарихындағы осы бір нәубетті кезеңді есте қалдыру үшін Үкімет алдағы уақытта мына мәселелерге назар аударса:
1. Үкімет деңгейінде отандық және халықаралық мол тәжірибесі бар сарапшыларды тарта отырып тарихи құжаттар мен фактілердің, аштықты көзбен көрген адамдардың естеліктерінің негізінде ашаршылықтың құрбаны болған отандастарымыздың біртұтас мемлекеттік реестрін жасау үшін ғылыми-зерттеу орталығын құру керек;
2. Үкімет деңгейінде қуғын-сүргіндердің қасіретіне және ашаршылық құрбандарына ресми құқықтық, саяси баға берілетін арнайы шешім шығарылып, қолдан ұйымдастырылған аштықтың құрбаны болған миллиондаған жазықсыз жандардың рухы алдындағы өзіміздің азаматтық парызымызды орындау;
3. Ашаршылықтың қайғы-қасіреті мен салдары әлі де болса кеңінен айтылып, барлық ақпарат құралдары мен арнайы кинофильмдер арқылы жас ұрпаққа терең жеткізілуі міндет.
Біз осы ұсынысымызды Үкімет басшысына депутаттық сауалмен жолдадық.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
Сенат депутаты