Біз қазақстандық делегацияның құрамында кәрі құрлыққа сапарлап қайтқан облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Кемел ОСПАНОВПЕН және М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ғылым және инновациялар проректорының міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал ИБРАЕВАМЕН тілдесіп, айтулы оқиғаға орайлас ойларымен бөліскен едік.
К.Оспанов: – Биыл «Мағжан Жұмабаев жылы» ретінде жарияланып, 125 жылдығы кең көлемде атап өтілуде. Түркі әлемі үшін ұлы ақынның орны бөлек, есімі қастерлі, өмірі үлгі, отты жырлары ортақ қазына екенін Түркияның Анкара, Кастамону қалаларында өткен жиындарға қатысу барысында көзіміз анық жеткен еді. Оның көптеген өлеңдерін тәржімалап, жеке жинақ етіп шығарған белгілі ақын Али Акбаштың айтуына қарап Анадолы жұрты оны еркіндікке жаны құмар түркішіл, тұраншыл, бар ғұмырын халқының, елінің тәуелсіздігі жолына сарп еткен азатшыл тұлға ретінде бағалайтынын білдік. Оның бір мысалына өткен ғасырдың 20-шы жылдары 250 мың түрік шейіт болған «Чанаккале» соғысын келтірді. Орны толмас қайғыға ортақтасқан, бірінші болып үн қатқан сезімтал суреткер «Алыстағы бауырыма» деген атақты өлеңін жазып, қаржылық көмек ұйымдастыруға белсене қатысқан. Біртуар тұлғаның жырлары Түркияда 1960 жылдардан бері жүйелі түрде жарық көріп келе жатқаны сүйсінтеді. Ал Париж төрінде өткен айтулы басқосу Елбасы белгілеп берген рухани жаңғыруымыздың халықаралық деңгейдегі жалғасы десек, артық айтқандық емес. ЮНЕСКО-ның «Мұраны сақтау, насихаттау және жалғастыру» стратегиялық міндеттерінен туындайтын талаптарымен үндесетін және әлемнің 20-ға жуық елінен білікті ғалымдар, мәдениет, қоғам қайраткерлері бас қосқан халықаралық форумда Мағжан рухы ерекше асқақталды. Өмірі мен шығармашылығына қатысты мазмұнды баяндамалар жасалды. Мичиган штаты университетінің профессоры Тимур Қожаоғлуның «Мағжан – оттың, еркіндік пен махаббаттың ақыны» атты кітабы таныстырылды. Жинаққа ағылшын тіліне аударылған өлеңдер топтастырылған. Тағы 40-ға жуық жауһар жырларын аудармаққа ниетті екен. «Түркі әлемінің 100 тұғырлы тұлғасы» ауқымды жоба таныстырылымының өтуі, оған Мағжан есімінің енуі өте құптарлық.
А.Ибраева: –Түркі академиясының рухани саладағы тың бастамалары көп. Солардың біріне – айтулы ақынның Парижде өткен 125 жылдық мерейтойының мерекеленуіне қатысу бақытына ие болдым. Айтулы шара Алаштың ардақты азаматы Мұстафа Шоқайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, асылымыздың рухына бас июден басталды. Меніңше, Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан мемлекеттерінің өкілетті елшілері, ЮНЕСКО ұйымының өкілдері ерен қызығушылық танытуы, жойылу қаупі алдында тұрған түркі тілдері төңірегінде тұжырымды ойлардың айтылуы, шешімді мәселелердің қозғалуы тектен-тек емес. Моңғолиядан Мажарстанға дейінгі кең аймақта өмір сүретін түркітілдес ұлыстардың дабыл қағарлық шетін мәселелері жетіп артылады. Осы тұрғыдан алғанда, ЮНЕСКО мінберінен айтылатын ұсыныс-пікірлердің салмақты келетініне, ескерусіз қалмайтынына сенімдіміз. Бағдарламаның бірінші бөлімі тұтас түркі тарихына, рухани құндылықтары мен тілдік жүйесіне арналып, теориялық-методологиялық проблемалар жан-жақты қамтылды. Тимур Қожаоғлу, Якуб Омероғлу, Фархат Фихри, Борантай Бедюров, Игорь Кызласов, Ахат Салихов сынды түркітанушылар түптамыры Алтайдан бастау алатын түркілердің әлем тарихында алатын орны мен рөлін, тілдік ерекшеліктерін, болашағына қатысты тұжырымдарын жіліктеп берді.
Панельдік сессияның екінші күні түркі тілі мен әдеби-мәдени мұралары талқыланды. Осы жерде Мағжанның 125 жылдығына орай әлемнің бірнеше тіліне аударылған кітаптар тұсаукесерінің өтуі керемет әсер қалдырғанын бөле-жара айтқан абзал. Ұлттық, рухани құндылықтарымыздың әлемдік деңгейде танылуына Халықаралық Түркі академиясының атқарып жатқан еңбегі зор.
Біз өзімізбен бірге Мағжанға арналған архивтік құжаттар көрмесін ала барған едік. Оны жиналғандардың қызыға тамашалауы форум мәнін аша түскендей болды.
– Жергілікті жерлерде қандай жұмыстар қолға алынбақ?
К.Оспанов: – Мағжанның мерейтойын жоғары деңгейде атап өтудің өңірлік нақты бағдарламасы жасалып, оның аясында 300-ге тарта іс-шара өткізу белгіленген. Ондағы басты мақсат – шығармашылық мұраларын насихаттау арқылы жас буынның ел тарихына деген сүйіспеншілік сезімін нығайту, қазақстандық патриотизмге баулу. Ақынның туған күні қарсаңында «Мағжан көктемі» төртінші республикалық өнер фестивалі, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, тағылымды кештер өткізіледі. Өмірі мен шығармашылығын кеңінен қамтитын екі томдық жинақ шығарылады. Бабамыздың туған жері Сарытомарда «Мағжан оқулары» мен ұлттық спорт түрлерінен өтетін шараларға ұласады. Ақындар айтысы, оқушылар арасында ғылыми жобалар байқауы ұйымдастырылады. Көшелер мен алаңдарға, мәдениет, білім ошақтарына есімі беріледі.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы