Қазақстан • 04 Маусым, 2018

«Нұр Отан» ұсынған жаңа жобалар қарқынды жүзеге асырылуда

748 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұри ТУМЫШЕВПЕН әңгіме 

«Нұр Отан» ұсынған жаңа жобалар қарқынды жүзеге асырылуда

– Нұри Лазарұлы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы 3 қарашада партия Саяси кеңесінің кеңейтілген оты­рысында партия алдына цифр­ландыруға қатысты тапсырмаларды берген еді. Осы тапсырмаларды орындау Маңғыстау облысында қалай жүзеге асырылып жатыр?

– Елбасы тапсырмасына сәй­кес 22 жаңа жоба қолға алынып, оларды тиімді жүзеге асыру үшін­ бірнеше меморандумға қол­ қойылған болатын. Жаңа ре­фор­маның басты мақсаты – Қазақстанның экономикалық, саяси және рухани жаңғыруына жан-жақты қолдау көрсетудің тиімді тетігін қалыптастыру болып табылады. 

Маңғыстауда барлығы ақы­­­сыз 35  IT-сыныбын ашу жос­­пар­да бар. Қазіргі таңда оның төртеуі ашылды. Атап айт­­қанда, Түпқараған ауданы Форт-Шев­ченко қаласындағы мектеп-интернатында, Қарақия ауданы Құрық орта мектеп-гимназия­сында, Мұнайлы ауданы Қызыл­төбе мектеп-лицейінде және Ақтаудағы №23 орта мектепте.

Мектептегі ІТ-сабақтарын информатика пәні мұғалімі немесе ІТ мамандары жүргізеді. Жоба «Love to Code» бағдарламалармен жұмыс істеуді балаларға үйрету арқылы «html&css-мен web» бағдарламалауға және өз бет­терінше сайт құрастыруға үйре­теді. Аталған бағдарламаны 12 жастан жоғары «Codemonkey» бағдарламасын меңгерген бала тез алып кетеді. Бұл бастамалар­ мектептерде факультатив пәні ретінде енгізіліп, 3-6 айлық курс­ ретінде оқытылады. Оқыту про­цесі модульдік жүйе бойынша жүр­гізіледі және оқуға 8-16 жас аралығындағы балалар тартылады. Курс аяқталғанда балалар аналитикалық ойлау қабілетіне, инженерлік ой қалыптастыруға, өзгеше ойлауға, уақытты дұрыс жоспарлауға, ірі тапсырмаларды кішігірім бөліктерге бөліп шешуге ие болып, өз бетінше шешім қабылдауды үйреніп шығады деп күтеміз.

– IT мамандар дайындау мәселесі қалай шешілуде?

– IT мамандар дайындау бо­йынша бағдарламалауды үйретуге жобаны іске асыра алатын IT мамандар, мұғалімдер таңдалып, алдын ала дайындық курстарынан өтеді. Маңғыстау облы­сы бойынша 328 IT маман әзір­ленетін болады. Жаппай кәсіп­керлік бағдарламасы аясын­да мамандығы сәйкес келе­тін 21 жұмыссыз азамат IT мамандық­тары бойынша оқытылады. Оқу­ды тәмамдаған мамандар об­лыс­тық жұмыспен қамту орта­лықтары арқылы жұмысқа орналасып, қолдау табады. Маман­дар­ды даярлау үстіміздегі жылдың шілде айынан басталады.

– Жоба біржақты, яғни оқу­шыларға IT-сыныптар сый­лаумен ғана айналыса ма?

– Жоқ, біз  жаңа жоба аясын­да мектеп асханалары мен спорт­ алаңдарын қайта жаң­ғыр­­­­ту жұмыстарын жанданды­рып, заман талабына сай қызмет көрсетуін басты назарға алып отыр­мыз. Партияның мектеп асха­насына жіті көңіл аударуы­ның басты мақсаты  – мектеп оқу­шыларының дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету. Мектеп асханасы басқарушыға сенiм­герлiкпен кем дегенде бес жыл­ға берілетін болады. Бұл жоба бойынша облыста 10 мектеп ас­ханасының құжаттары мамыр айы­нан бастап әзірлену үстінде. Ал, спорт алаңдарына ке­лер болсақ,  2018 жылы облыс бойынша 9 мектептің алаңы жаңар­тылып, мектеп асханасы сияқты мүлік басқарушыға сенімгерлікпен кемінде 5 жылға жалға берілетін болады. Жаңартылатын 9 спорт алаңының жетеуі Ақтау қала­сында, біреуі Жаңаөзен қала­сында болса, енді біреуі  Маңғыс­тау ауданында.

Біздің жобаларымыз аясынан кітапханалар да тыс қалған жоқ. Еліміздің кітапханаларын за­манауи оқу орталығы ретінде қалыптастыру мақсатында «Нұр Отан» партиясы кітапхана қорын цифрландыруды қолға алды. Жаңа ақпараттық технология­лар кеңінен пайдаланылып, оқырмандарға жаңа форматтағы «Рабис» бағдарламасы бойынша қызмет көрсетіледі. Қазіргі кітап­ханалар енді тек қызмет көр­сету мекемесі ғана емес, қа­ла, ауыл тұрғындары үшін зият­­­­керлік демалыс орнына айналады. Кітапханаларда «Ко­воркинг орталықтары» пайда бол­ды. Жұмыс істейтін басқа кеңістіктерден коворкингтің түбе­гейлі айырмашылығы, бұл түрлі кәсіби деңгейдегі, түрлі білім ие­ле­рінің ашық қоғамдастығы және кітапханаларды жетілдіруде үл­кен қадам болып есептеледі. Коворкинг орталығында кез кел­ген адам кітапхананың мате­риал­­­дық-техникалық базасын ноутбуктарды, кітаптарды, ғалам­торды тегін пайдалана алады, сондай-ақ, шай немесе кофе ішуіне де болады. Бұған қоса, төменгі сынып оқушыларына арналған «денсаулық сабақ­та­рын» жазғы лагерьлерде үш тілде 30-ға жуық еріктілер мен тәрбиешілер оқы­тады. Бұл жоба жөніндегі шаралар 2019 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар арқылы жүзеге асырылатын болады.

– «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауы туралы не айтасыз.

– «Қазақстанның үздік әлеу­меттік жобалары» байқауы  «Нұр Отан» партиясының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» және бизнес қауымдастығымен бі­рлесіп жасаған  жобасы. Байқау өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға көрсетілетін қызметтерді қоса алғанда, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бастамашыл әлеу­меттік жобаларды қолдау мақсатын көздейді. Байқау мамыр-маусым аралығында өткізіліп, қорытындысы жергі­лікті қатысушылар үшін 1-15 шілде аралығында, ал аймақтық жеңімпаздар 16-31 шілде ара­лығында анықталатын болады. қазіргі таңда Маңғыстау өңірінде аталған байқауды өз деңгейінде өткізу үшін дайындық, ұйым­дастыру жұмыстары жүр­­гі­зі­луде. Қысқасы, «Нұр Отан»­ пар­тиясы Маңғыстау облыс­тық филиалы бұл бағыт бо­йынша Мемлекет басшысы алға қойған тапсырмаларды жү­зеге асыруға жұмылуда. Бұл пар­тияның – елдік істерден шеткері қалмайтындығының айғағы.

Әңгімелескен

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы