Берекелі отбасы – мықты мемлекеттің іргетасы екенін де осы залға жиналған жұрт біледі, соған ұмтылады. «Мерейлі отбасы-2018» байқауына қатысушылар мен жиналғандарды облыс әкімі Архимед Мұхамбетов құттықтады.
– Ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын адамгершілік, еңбекқорлық, толеранттық, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді ізгі қасиеттердің барлығы да отбасында қалыптасады. Біздің елімізде отбасыға жан-жақты қамқорлық көрсетіледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес бастамасы» атты Үндеуінде қолжетімді тұрғын үй, балалардың жатақханасы мен білім гранты, салық жеңілдігі сияқты мәселелердің барлығы да алдымен отбасына қамқорлық ниетінен туған. Мысалы, биыл облыста 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл өткен жылдан 10 пайызға көп. Қаншама отбасы қоныс тойын тойлайды, тұрмысын түзейді. Осы байқау нұрын тасытқан мерейлі отбасылардың барлығы да еліміздің, ұлтымыздың байлығы, – деді облыс басшысы.
Ұлттық байқау дәстүрге енген бес жылдан бері оған облыстан 500 отбасы қатысқан екен. Ал биыл байқаудың аудандық және қалалық сатысына 92 отбасы қатысты, облыстық деңгейге 36 отбасы шықты. Оның салтанатты марапаттау шарасына 20 отбасы келді. Жыл сайын байқау үш аталыммен өтеді. Биыл «Өнегелі отбасы» аталымы бойынша сахнаға шыққан отбасыларының әрқайсысы өз дәстүрімен қызықты, бақытты. Дегенмен байқаудың аты – байқау, жеңімпаздың аты аталу керек. Қостанай қаласынан Қаржауовтар «Өнегелі отбасының» жеңімпазы атанды. Қадыр мен Майра – облысқа белгілі әншілер. Олар тәрбиелеген ұл мен қыз да ата-ананың ізін қуды. Енді бұл отбасында үшінші ұрпақ, яғни Қадыр мен Майраның бес немересі де сахнадан көріне бастады. Өнегелі отбасына диплом мен 150 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.
«Парасатты отбасы» аталымы бойынша Таран ауданынан келген Александр мен Любовь Семгиндер отбасы жеңімпаз деп танылды. Отағасы теміржолшы болып еңбек етеді. Ұлдары Сергей мен Евгений әке жолын қуып, теміржолшы мамандығын таңдады. Теміржолшылар әулеті аталатын отбасы спорттан да құралақан емес. Оларға диплом мен 150 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.
«Мерейлі отбасы» аталымының бас жүлдесі бірауыздан Арқалық қаласынан келген Алматовтар отбасына лайықталды. Жасы сексеннің сеңгіріне кеткен Орекен ағай мен Гүлжиан апай 8 бала тәрбиелеп өсірді, олардың барлығы да жоғары білім алған маман. Балаларынан 16 немере, 5 шөбере сүйіп отыр.
– Ұлттық тәрбиенің арқасында Гүлжиан екеуміз 58 жыл бақытты, берекелі өмір сүрдік. Алланың берген балаларын өсірдік. Гүлжиан 80-ге келген анамды, 90-ға келген әкемді бағып-қағып, жөнелтті. Отбасындағы берекенің басты құралы – сыйластық, ағайын-туысты қадірлеу, дос-жаранды бағалау болды. Менің айтар өсиетім, Қазақстандағы әр отбасында 5-6 бала болуы керек. Басты байлық, елдің құты, мемлекеттің мықтылығы осында, – деді «Мерейлі отбасы-2018» облыстық байқауының жеңімпазы болған отбасының атасы Орекен ағай.
Мерейлі отбасына облыс әкімі диплом мен 300 мың теңгенің сертификатын табыс етті.
Енді Алматовтар отбасы республикалық «Мерейлі отбасы-2018» байқауына Қостанай облысының атынан қатысатын болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы