Аймақтар • 04 Маусым, 2018

«Мерейлі отбасы» – өнегелі ұрпақ тәрбиелеген отбасы

1801 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Мерейлі отбасы-2018» бай­­қауы өткен Е.Өмірзақов атын­­дағы облыстық филар­мо­ния­ның концерт залы лық толы. Бала­ларын, бірін-бірі жетек­теп, үбірлі-шүбірлі болып сах­наға көтерілген отбасылардан зал­ға қарай бір мейірлі шуақ ша­шыл­ғандай, ал көрермен де осы шуаққа ынтығып келгендей еді. 

«Мерейлі отбасы» – өнегелі ұрпақ тәрбиелеген отбасы

Берекелі отбасы – мықты мемлекеттің іргетасы екенін де осы залға жиналған жұрт біледі, со­ған ұмтылады. «Мерейлі отб­а­сы-2018» байқауына қатысу­шы­­лар мен жиналғандарды облыс әкімі Архимед Мұхамбетов құт­тықтады.

– Ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын адамгершілік, еңбек­қор­­лық, толеранттық, үлкенге құр­мет, кішіге ізет секілді ізгі қа­сиеттердің барлығы да от­ба­сын­да қалыптасады. Біздің елімізде отбасыға жан-жақты қамқорлық көрсетіледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Пре­зи­денттің бес бастамасы» атты Үндеуінде қолжетімді тұр­ғын үй, балалардың жатақ­ханасы мен білім гранты, салық жеңілдігі сияқты мәселелердің барлығы да алдымен отбасына қамқорлық ниетінен туған. Мысалы, биыл облыста 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл өткен жылдан 10 пайызға көп. Қаншама отбасы қоныс тойын тойлайды, тұрмысын түзейді. Осы байқау нұрын тасытқан мерейлі отбасылардың барлығы да еліміздің, ұлтымыздың бай­лығы, – деді облыс басшысы.

Ұлттық байқау дәстүрге енген бес жылдан бері оған облыс­тан 500 отбасы қатысқан екен. Ал биыл байқаудың аудандық және қалалық сатысына 92 отбасы қатысты, облыстық деңгейге 36 отбасы шықты. Оның салтанатты марапаттау шарасына 20 отбасы келді. Жыл сайын бай­қау үш аталыммен өтеді. Би­ыл «Өнегелі отбасы» аталымы бойынша сахнаға шыққан отба­сыларының әрқайсысы өз дәстүрімен қызықты, бақытты. Дегенмен байқаудың аты – байқау, жеңімпаздың аты аталу керек. Қостанай қаласынан Қаржауовтар «Өнегелі отба­сы­ның» жеңімпазы атанды. Қадыр мен Майра – облысқа белгілі әнші­лер. Олар тәрбиелеген ұл мен қыз да ата-ананың ізін қуды. Енді бұл отбасында үшінші ұрпақ, яғни Қадыр мен Майраның бес немересі де сахнадан көріне бастады. Өнегелі отбасына диплом мен 150 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.

«Парасатты отбасы» аталымы бойынша Таран ауданынан келген Александр мен Любовь Семгиндер отбасы жеңімпаз деп танылды. Отағасы теміржолшы болып еңбек етеді. Ұлдары Сергей мен Евгений әке жолын қуып, теміржолшы мамандығын таңдады. Теміржолшылар әулеті аталатын отбасы спорттан да құралақан емес. Оларға диплом мен 150 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.

«Мерейлі отбасы» аталы­мы­ның бас жүлдесі бірауыздан Арқалық қаласынан келген Алматовтар отбасына лайық­тал­­ды. Жасы сексеннің сеңгіріне кет­­кен Орекен ағай мен Гүлжиан апай 8 бала тәрбиелеп өсірді, олар­­дың барлығы да жоғары бі­лім алған маман. Бала­ла­рынан 16 немере, 5 шөбере сүй­іп отыр.

– Ұлттық тәрбиенің арқа­сын­да Гүлжиан екеуміз 58 жыл бақытты, берекелі өмір сүр­дік. Алланың берген балаларын өсірдік. Гүлжиан 80-ге кел­ген анамды, 90-ға келген әкем­ді бағып-қағып, жөнелтті. От­ба­сындағы берекенің басты құ­ралы – сыйластық, ағайын-туыс­ты қадірлеу, дос-жаранды ба­ғалау болды. Менің айтар өсиетім, Қазақстандағы әр отбасында 5-6 бала болуы керек. Бас­ты байлық, елдің құты, мем­ле­кеттің мықтылығы осында, – деді «Мерейлі отбасы-2018» облыс­тық байқауының жеңім­па­зы болған отбасының атасы Орекен ағай.

Мерейлі отбасына облыс әкімі диплом мен 300 мың теңгенің сертификатын табыс етті.

Енді Алматовтар отбасы рес­пуб­ликалық «Мерейлі отбасы-2018» байқауына Қостанай облысының атынан қатысатын болады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы