Футбол • 04 Маусым, 2018

Касильяссыз да күші мығым Испания

633 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Миллиондаған адамды бір мезет сан түрлі әсерге бөлейтін футболдың қасиетін айтып жеткізу мүмкін емес шығар, сірә. Әсіресе дүбірлетіп әлем чемпионаты келгенде. Бүгін біз Ресейде өтетін әлем додасына қатысушы Испания құрамасы жайлы сөз қозғаймыз. Ал «А» тобындағы Ресей құрамасы туралы сөз алаң иелері ретінде ең соңынан айтылатын болады.

Касильяссыз да күші мығым Испания

Іріктеуден іркілмеген «Қызыл фурия»

Испания құрамасы үшін 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі сәтті өтті. Хулен Ло­петеги шәкірттері «G» тобын­да сөзсіз көш бастады. Іріктеу ке­зеңі алдында мамандар Ис­панияға осы топта екінші орында қалған Италия құрамасы қар­сылық көрсетеді деген болжам жасаған-ды. Алайда Пириней түбегінің футболшылары футбол мамандары сәуегейліктерінің быт-шытын шығарды. Он кездесудің тоғызында жеңіске жеткен испандар тек түзде ғана италиялықтармен тең ойнады.

Бүгінде Испания құрамасының асығы алшысынан түсіп тұр. Себебі командада әлемдік дең­гей­де өнер көрсете алатын Иньеста, Рамос, Сильва, Пике секілді ардагер ойыншылар бар. Бұлардың кез келгені өз шеберліктерінің арқасында ойын тағдырын шеше алады. Бұған дәлел 2008 және 2012 жылы Еуропа чемпионатында, 2010 жылы әлем чемпионатында жеңіске жеткенде нақ осы жігіттер командасын алға жетеледі. Ал бұлардың қатарына Ис­ко, Кос­та, Васкес, қақпашы Де Хеаның қосыл­ғанын ескерсек, құрама дейгейі анағұрлым жоға­ры екенін аңғару қиын емес. Оның үстіне биылғы жылғы наурыздың 27-сінде Испа­ния Аргентина футболшыларын 6:1 есебімен ойсырата жеңіп, әлем чемпионатына тек алтын үшін баратындықтарын аңғартқандай болды.

Испания әлем чемпионатының топтық кезеңінде тәжірибелі Пор­тугалия, тісқаққан Иран және Марокко құрамаларымен өзара мықтыны анықтайды. «Челси» командасының бас бапкері Жозе Моуриньюның пікірінше, Испания мен Португалия тек «В» тобында ғана емес, жалпы әлем чемпиона­тында бас­ты фа­вориттердің бірі. Алайда Ис­па­­нияның бас жаттық­ты­ру­шы­сы Лопетеги мұндай пікірмен келіс­пейтінін айтты. «Біз­дің топ­тағы командалардың осалы жоқ. Португалия Еуро-2016 чемпионы, Марокко Афри­ка құрлығындағы үздік команда­лары­ның бірі. Иран болса, Азия­дағы мықты әрі ірік­теу кезеңінде ең аз гол жі­бер­ген құрама. Бұл топ­та күт­пеген есеп тіркелуі әбден мүмкін».

Әрине бұл жерде Лопетеги бапкер «арық сөйлеп, семіз шық­қысы» келетін сияқты. Әйтпесе кезінде ойыншы ретінде «Реал» мен «Барселонаның» жейдесін ки­ген бұл бапкер 2011, 2012 жылдары 19 жасқа дейінгі Испания құрамасымен Еуропа чемпиона­тында екі мәрте, 2013 жылы Ис­па­ния жастар командасымен де кәрі құрлықтың басты додасында жеңіске жетпес еді ғой. Әліптің артын бағайық.

Сондай-ақ 21 мамырда бас бап­кер әлем чемпионатында доп тебетін 23 негізгі футболшының тізі­мін жариялады. Көптеген белді басылымға құрамаға ша­қыр­тылған 23 футболшы емес, оған енбей қалғандардың тізімі қызық болды. Себебі ӘЧ-2018 бар­майтын испандық аяқдоп шеберлерін тізбектеп шықсаңыз, «аһ» ұрасыз. Касильяс, Фаб­регас, Мата, Торрес, Вилья... жал­­ғасып кете береді. Осы футбол­шы­лардың өзі біріншілікте өнер көр­сететін көптеген құрама ойын­шы­ларының деңгейінен асып түсері анық. Әйткенмен, чемпион­дықтан дәмелі команданың қо­сал­қы құ­ра­мы да ұзын-сонар болатыны бел­гілі. Солай болу керек те.

Әр футболшыға – 800 мың еуродан

Сөз реті келгенде осымен он бе­сінші мәрте әлемдік додада сын­ға түсетін Испанияның ішкі чем­пионаты – Ла Лиганы да айта кетсек. Әлемдегі ең мықты чем­пионаттың бірі Ла Лигада кезінде талай танымал футболшылар – Роналдо, Ривалдо, Зидан, Каннаваро, Фигу доп тепкені белгілі. Бүгінде ФИФА-ның «Ең үздік футболшысы» атағын он жыл бойы өзара бөлісіп келе жатқан Криштану Роналду мен Лионель Месси де осы елде өнер көрсететіні белгілі.

Биыл Чемпиондар лигасында «Реал», Еуропа лигасында «Ат­летико» командалары жеңімпаз болғаннан кейін, Испания Корольдік футбол федерациясы «хет-трик» жасау­дан үмітті екенін аңғартты. Яғни әлем чемпионатында жеңіске жеткісі келеді. Ол үшін федерация футболшыларға қомақты сыйақы тағайындаған.

«Marca» басылымының жазуын­ша, егер де Испания ойыншылары сәтті өнер көрсетіп, әлем чемпионатының кубогын басына көтерсе, онда әрбір ойыншы 800 мың еуро сыйақы алады.

Испания алғашқы ойынын 15 маусымда Португалияға қарсы өткізеді. Егер де жеңіске жетіп жатса, онда чемпионаттың 1/8 финалына бір табан жақындай түседі. Ал оларды «А» тобының үздіктері күтіп алады.

Испания құрамасының тізімі:

Қақпашылар: Давид Де Хеа (Манчестер Юнайтед, Англия), Кепа Арри­сабалага (Атлетик), Пепе Рейна (Наполи, Италия);

Қорғаушылар: Жорди Альба (Барселона), Сесар Аспиликуэта (Челси, Англия), Даниэль Кар­вахаль (Реал), Начо Монреаль (Ар­сенал, Англия), Фернандес Иг­лесиас Начо (Реал), Альваро Од­риосола (Реал Сосьедад), Же­рар Пике (Барселона​), Серхио Рамос (Реал​);

Жартылай қорғаушылар: Иско (Реал​), Тиагу Алькантара (Ба­вария, Германия), Серхио Бус­кетс (Барселона), Давид Сильва (Манчестер Сити, Англия), Ан­дрес Иньеста (Барселона​), Ньи­гес Сауль (Атлетико), Коке (Атле­тико);

Шабуылшылар: Асенсио (Реал), Яго Аспас (Сельта), Дие­гу Коста (Атлетико), Морено Род­риго (Валенсия), Лукас Васкес (Реал​).

Алмас МАНАП,
«Егемен Қазақстан»