Ақтаудағы «Каспий» футбол клубы өнер көрсететін стадионда қазір жөндеу жұмыстары басталып, іс алға жылжыды. Жақын арада жергілікті жанкүйер бір жарым жыл уақыт салып сүйікті командасымен қайта қауышуы ықтимал. Ал «Атырау» командасы негізгі мекені «Мұнайшыда» өз ойындарын өткізе алмай, қала маңындағы «Томарлы» деген стадионды жағалап жүр. Талай мәрте мінбелерде сөз болған бұл мәселе шешімін таба алар емес. «Атырау» командасы еліміздің 4 дүркін чемпионы – «Астанамен» болатын ойынды осы «Мұнайшыда» өткізуі керек болған. Алайда Қазақстан футбол федерациясының техникалық комитеті мұндай сапасыз алаңда футбол ойнауға рұқсат бермеген. Содан бері жанкүйерлер қауымы дабыл қақты.
1950 жылы пайдалануға берілген «Мұнайшы» стадионы Қазақстандағы ең «ардагер» спорт кешені десек артық емес. Мұнайлы өлке Атырауда қаншама спорттық жарыстарға пана болған, құтты мекен халыққа армансыз қызмет қылды. 1999 жылы қайта жөндеуден өтіп, сәл де болса реңі кіріп қалған еді. Одан кейін 2014 жылы тағы бір косметикалық жұмыстар жүргізіліпті. Дегенмен стадионның қазіргі жағдайын көрсеңіз, тозығы жеткеніне еш шүбә келтірмейсіз. «Атырау» командасы қазір өзінің екінші стадионы «Судоремонтникте» де емес, қала маңындағы «Томарлы» стадионында ойнап жүр. Себебі «Судоремонтниктің» өзі талаптарға сай емес. Бұл жағдайға қарап Атырау қаласына жаңадан салынған жақсы бір стадион керектігін анық ұғасыз. Жанкүйерлердің де талабы осы.
Құрманғазы ЖАРМҰХАБЕТОВ, жанкүйер:
– «Мұнайшы» стадионында футбол ойнау былай тұрсын, оны тамашалаудың өзі өте қиын. Ешқандай жағдай қарастырылмаған. Отыратын орындықтар сынған, санитарлық тазалық сын көтермейді. Жасыл алаң шұрқ тесік. Футболшылар киім шешетін бөлме мен дәретхана жайлы сөз қозғамай-ақ та қояйын. Бір мысал, өткенде Самат Смақов «Атыраудағы стадион Қазақстандағы ең нашар стадион» деп айтты. Бір жағынан намысымызға да тиетін сөз, алайда ауруын жасырған өледі. Қаламызда неше түрлі ірі мұнай компаниялары бар. Соларды демеушілікке тартса да облыс әкімдігі бір стадион құрылысын бастаса екен деп тілеп отырмыз.
«Атыраудың» мұндай оқиғаға тап болуы бірінші мәрте емес. 2012 жылы Қазақстан футбол федерациясының шешімімен «Мұнайшы» стадионында футбол ойындарын өткізуге тыйым салынды. Одан кейін 2014 жылы қайта жөндеуден өтіпті. Енді құрылыс тәртібі бойынша арада 5 жыл өтпесе стадион жөнделуіне қаржы бөлінбейді екен. Яғни мұңы көп «Мұнайшы» 2019 жылды күтеді.
Азамат БЕКЕТ, Атырау облысы спорт басқармасының басшысы:
– 2014 жылы қайта жөндеу жұмыстары жүрген жоқ. Тек жасыл алаң ғана жаңартылды. Бірақ қазір алаңның қос қақпасының алды ойылып қалған. Біз сол жерге өзіміз жасыл шөп өсіріп жатырмыз. Бір қақпаның алды ғана дұрыс келіңкіремей, шөбі жатық болмай тұр. Бұл сәл уақытты талап ететін жағдай. Жақын арада «Атырау» клубы өз алаңындағы ойындарын «Мұнайшы» стадионында өткізе бастайды. Ал стадионның түгел жөндеу жұмыстары тек келер жылы ғана іске асады. Біз бұл жағдайды жанкүйерлерге түсіндіріп айттық.
Өткен апта соңында жанкүйерлер алқасы облыстағы спорт басқармасы мен клуб басшыларымен кездесу өткізіпті. Талап қойған жанкүйерлер сұрақтарына толыққанды жауап ала алмай күпті көңілмен қайтқан. Команданың дені – легионерлер жыл басынан бері мардымды нәтиже көрсетпей жүр екен. Мысалы, Сикимич пен Бабатунде секілді шетелдік шабуылшылар маусым басталғалы бері 1 голдан ғана соққан. Осыған байланысты клуб басшысы Тимур Негимовке хабарласып мән-жайды білдік.
Тимур НЕГИМОВ, ФК «Атырау» директоры:
– Легионерлерді бапкерлер алады. Мен тек соларға қаржы тауып берумен ғана айналысамын. Сикимичті өткен жылдан бері қалдырып, командада ұстауымыздың себебі бар. Соның арқасында өткен жылы 4 ойында жеңіске жеттік. Бабатунде кеше ғана гол соқты. Жақын арада ашылып ойнап кетеді деп отырмыз. Ал стадионға келетін болсақ, біз «Мұнайшыда» ойнауға рұқсат алдық. 17 маусым күні «Тобылға» қарсы матчымыз сонда өтеді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Атырауда жаңа стадион салыну жайлы жоспар жоқ. Тек 3000 адамға арналған жабық манеж салынады. Одан бөлек «Мұнайшы» мен «Судоремонтник» стадиондары күрделі жөндеуден өтеді екен. Бұл енді, әрине бұрын да айтылып келе жатқан әңгімелер мен жоспарлар. Жыл сайын қайталанатын жағдай түбі шешімін тапса екен дейміз. Құрғақ уәдемен алдарқатып отырған басшылардың ісін жанкүйерлер білмейді емес, біліп отыр. Амал қанша?!
Айтпақшы, «Қайратқа» қарсы өткен ойында 3:1 есебімен жеңілген «Атырау» жанкүйерлердің ерекше «алғысын» алды. Көрермендер жасыл алаңға дәретхана қағазын лақтырды.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»