Анкара қаласындағы Неджип Фазыл атындағы драма театрында қазақ əдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» кітабы таныстырылып, повест желісімен түсірілген Абдолла Қарсақбаевтың фильмі көрсетілді. Түркиядағы мәдени күндер «Сүйінбай Аронұлы» атындағы саябақта Сүйінбай Аронұлы мен Жамбыл Жабаевты еске алу жиынымен жалғасып, Жамбыл атындағы көшеде ескерткіш-тақта ашылды. Бабалар рухына тағзым жасалып, құран бағышталды. Жиын барысында Қазақстанның Түркиядағы Елшісі А.Сапарбекұлы екі ел бауырластығына шынайы ризашылығын білдірді. «Түркі жерінде абыздарымыздың ардақталып жатқаны түркі жұртымен бауырластығымыздың айғағы. Бұдан былайғы мәдени саладағы ынтымақтастығымыз туыстығымыздың тереңдеуіне ықпал ететіні сөзсіз» дей келе, Кечиорен муниципалитетінің мэрі Мұстафа Ак мырзаға шынайы алғысын білдірді.
Жамбыл ауданының мәслихат хатшысы С.Жұрын Жамбыл ауданындағы бір көшеге Кечиөрен атауының берілгеніне тоқталып, мәслихаттың шешімін табыс етті. Ал Халықаралық «Жамбыл» қорының президенті М. Ізбасар Түркі әлемі жазушылары және өнерпаздар қорының президенті Яхия Акенгинге халықаралық Жамбыл сыйлығын тапсырды.
«Қазақстан күндері» Анкарадағы Ыхламур сарайында Астана қаласының 20 жылдығына арналған дөңгелек үстелмен жалғасты. Аталған жиынға Елші А.Сапарбекұлы, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің (ТҰҰМ) депутаты Халюк Ипек, Қожа Ахмет Ясауи университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы Мұса Йылдыз, Ақтөбе қаласының әкім орынбасары Қ.Қасымов, ЭкоЕуразия қауымдастығының төрағасы Хикмет Ерен, жазушы-аудармашы С.Соқпақбаева, әдебиеттанушы-ғалым Н.Бекеева, т.б. қатысты.
ТҰҰМ депутаты Халюк Ипек Қазақстан-Түркия қарым-қатынастарында Астана қаласының алар орны ерекше екендігін айта келе, Қазақстан астанасының тарихы Н.Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, Сирия мәселесінде Астана процесінің ғаламдық саясатқа тигізген ықпалы зор, деп атап көрсетті.
Жиын соңында Елшісі А.Сапарбекұлы Кечиөрен муниципалитетінің әкімшілігіне зор алғысын білдірді. Сонымен бірге Ақтөбе қаласы мен Анкара-Кечиөрен муниципалитеті арасындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қ.Қасымов облыс әкімі Б.Сапарбаевтың сәлемін жеткізіп, Мұстафа Ак мырзаға шапан жапты.
«Қазақстан күндері» «Калаба Кент» алаңында өткен «Қазақстан кеші» мен «Антарес» сауда орталығындағы «Астананың 20 жылдығы» концертіне ұласты.
«Қазақстан күндері» Малатия, Афшин қалаларында жалғасын тапты.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»