Аймақтар • 04 Маусым, 2018

Петропавлдың ботаникалық бағында алғаш рет алоказия гүлдеді

1029 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Емдік қасиеті мол алоказия өсімдігі Қызылжар өңіріне 1985 жылы Вьетнам елінен әкелініпті.

Петропавлдың ботаникалық бағында алғаш рет алоказия гүлдеді

Оның жапырағы көлемді болғандықтан "піл құлағы" деп те атайды. Алып алоказия гүлі «ғұмырында» бір-ақ рет гүлдейді екен. Әлемде бұл өсімдіктің 70-тен аса түрі кездеседі. Петропавл ботаникалық бағында екі мыңға жуық экзотикалық өсімдіктер бар.

«Алоказияның атаулары көп. Жаңбыр жауғанда «піл құлағының» жапырағынан су тамшылайтындығына қарап "жылауық",  кейде ауа райын болжағыш" деп те атайды. Гитостерол, темір, мыс, никель және т.б макроэлементтер пен дәрумендерге бай», дейді  «Қызылжар оранжереясы» МКҚК экскурсия жетекшісі Екатерина Воложина.

Оның айтуынша «піл құлағы» өсімдігін жөтел, мастопатия, ревматизм ауруларына қолдануға болады. Сонымен қатар денедегі жараны жазатын, аллергия, қабыну мен ісінуге қарсы емдік қасиеттері де дәлелденген. Гүлде биологиялық белсенді заттардың көп болуына байланысты әр түрлі инфекциялық ауруларға қарсы таптырмайтын «дәрі» десе де болады.

Мұның алдында ботаникалық бақта банан ағашы мен гибискустар  шешек жарған болатын. Енді міне алғаш рет алоказия гүлдеп тұр.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»