Қазақстан • 04 Маусым, 2018

Энергетика вице-министрі үйқамаққа алынды

414 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев пара алу күдігіне ілікті. Бұл туралы бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Энергетика вице-министрі үйқамаққа алынды

«Агенттіктің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Энергетика вице-министрі Жақсалиевтің  Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы көлді тазарту бойынша жұмыстарды қабылдау барысындағы заңға қайшы әрекеттерін әшкереледі. Күдікті вице-министр 2015 жылы «Аймақ и К» ЖШС мердігер ұйымының мүддесі үшін лауазымдық өкiлеттiгін теріс пайдаланған», - деді ол.

Оның айтуынша, Жақсалиев орындалған жұмыстың көлемі 30 есе артық бағаланғанын біле отырып, жалпы сомасы 863 млн теңгені құрайтын су қоймасының түбінен 109 мың текше метр шөгінділерді алу туралы актілерге қол қойып, аталған соманы мердігерге аударған.

«Сонымен қатар, сот сараптамасының қорытындысы бойынша аяқталмаған жұмыстардың құны 746 млн теңгені құрады. Жақсалиевтің заңсыз әрекеттері нәтижесінде мемлекетке аталған сомаға зиян келтірілді. Күдікті үйқамаққа алынды», - деді Жахин.

Айта кетейік, бұл, жемқорлық күдігі бойынша ұсталып отырған Энергетика министрінің екінші орынбасары. Ағымдағы жылдың 2 наурызы күні Астана қаласының №2 Алматы аудандық соты вице-министр Ғани Сәдібековті екі айға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы шешім шығарды. Кейін министр орынбасарының қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы үйқамаққа ауыстырылды.

Ғ.Сәдібековке «Аймақ» ЖШС мердігерлік ұйымының басшысы Д. Дуанбекпен сөз байласып, Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы көлді тазартуға бөлінген аса ірі мөлшердегі бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылып отыр. Қылмысқа Энергетика министрлігінің департамент басшысы Ж. Нұрбеков және мердігер ұйымның өкілдері С. Жұмалинов және Б. Қадырберлин де қатысқан.