«Жалпы ағымдағы жылдың 4 айында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 1152 қылмыстық құқықбұзушылықты тіркеді. Оның ішінде 820-сы немесе 71 пайызы сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар. Қылмыстардың 40 пайызын парақорлық және 32 пайызын бюджеттік қаражатты ұрлау фактілері құрайды», - деді ол агенттікте өткен баспасөз мәслихаты барысында.
Оның айтуынша, республика бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған 390 адам жауапкершілікке тартылуда. Оның 8-і республикалық, 32-сі облыстық, 56-сы- қалалық және аудандық деңгейдегі басшылар. Жемқорлық қылмыстардың 139-ын жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жасаған. Одан кейін ішкі істер органдары - 95, мемлекеттік кірістер органдары - 37 және ауылшаруашылығы қызметкерлері 21 қылмыс жасағаны анықталған.
«Анықталған залалдың сомасы былтырғы мерзіммен салыстырғанда 2 есе артық. Яғни 4,2 млрд теңгені құрайды. Залалды өтеу 2,5 есеге артты. Сомасы 636 млн теңгені құрайтын мүлікке тыйым салынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қылмыстық процесте жазалау төмендетілді. Ұсталған адамдардың саны екі есеге төмендеді, қамауға алынғандардың саны 3 есеге қысқарды, парақорлық үшін сотталғандардың 68 пайызы еселенген айыппұл төлеуге тартылды», - деді Нұрлан Жахин.