Жамбыл Серғазыұлы грек-рим күресімен көп жыл айналысып, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстанның чемпионы болған. Оның бастамасымен дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернаты ашылып, халықаралық додаларда олжа салған Роман Мелешин, Данияр Кәленов, Ақан Баймағамбетов, Аманғали Бекболов секілді саңлақ спортшылар тәрбиеленіп шыққан.
Дене шынықтыру және спорт басқармасының жетекшісі Руслан Есеналин құттықтау сөзінде дәстүрге айналған жарыс халықаралық мәртебе алып, қатысушылар қатары көбейіп келе жатқанын жеткізді. Аймақ басшысының қолдауымен кәсіпқой палуандардың «Қызылжар арландары»клубының құрылғанын атап өтті.
Екі күнге созылған тартысты бәсекеде алаң иелері Станислав Ярош (67 кг), Зелимхан Усманов (72 кг), Айбек Қуанышев (77 кг), Станислав Рыльский (87 кг) және Жанарбек Қабдолов (97 кг) жеңімпаз атанды. Челябілік Алексей Мирзакабилов ақтық айқаста петропавлдық Рамазан Күзентаевтың жауырынын жер иіскетіп, 55 кило салмақта чемпион болды. 60 кило салмақта Алматы облысының намысын қорғаған Олжас Сұлтан барлық қарсыласынан басым түсті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер заттай, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»