Әнұранды оқушылар, студенттер, мемлекеттік қызметшілер бірлесіп орындады. Аталмыш патриоттық іс-шараны Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырды. Шараға қалалық басқарма және аудан әкімдіктерінің өкілдері қатысты.
«Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш етуші әрі тарихымыздың өткені, бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Еліміздің бас нышаны болып табылатын рәміздерге құрмет көрсету және олар туралы заңнамалық ережелердің дұрыс орындалуын қамтамасыз ету кез келген азаматтың парызы, ал мемлекеттік мекемелер үшін негізгі міндет», – деді Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қамбаров.
Іс-шараның басты қонағы болып Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков қатысты.
«Бұл ерекше күн. 1992 жылы біз Қазақстан Республикасының рәміздерін қабылдадық. Сол күннен бастап, міне 26 жыл өтті. Содан бері біздің мемлекеттік рәміздеріміз әлем бойынша танылып, құрметтеле бастады», – деді Жандарбек Мәлібеков.
Еске сала кетейік, 1992 жылдың 4 маусымында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік рәміздер туралы заңға қол қойған болатын.