Қыруар табысқа кенелген Канада
Былтыр Қазақстанда баламалы энергия көздерінен алынған қуат көлемінің үлесі 1 пайызды құрады. 2020 жылы бұл көрсеткіш 3 пайызға жетеді деп күтілуде. Ал 2050 жылға қарай еліміздің энергетикалық балансындағы жаңғырмалы энергияның үлесі 50 пайыз болмақ. ВР компаниясының бас экономисі Спенсер Дейл келтірген мәлімет бойынша, 2035 жылға қарай қазбалы отынның үлесі 30 пайызды ғана құрап, ал баламалы энергия көздерінен алынатын қуат еуропалық дамыған елдерде − 40 пайызға, АҚШ пен Қытайда 20 пайызға жетпек.
Таяуда елордада АҚШ кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен алқалы жиында әлемдегі және Қазақстандағы жаңғырмалы энергияның үлесін арттыру, «жасыл» технологияларға көшу тақырыбында әңгіме өрбіді. Канада елшісі Николас Бруссо өз елінде соңғы жылдары аталған саладағы көрсеткіш екі есе артып, жаңа технологиялар арқылы балама энергия көздерін дамыту қарқын алғанын, ол экономиканың дамуына негіз болып отырғанын айтты. Оның айтуынша, Англияның орталық банкі келтірген болжамға сәйкес, 2022 жылы «жасыл» энергиядан түсетін пайда 3 млрд АҚШ долларын құрамақ. Өткен жылдың жаһандық экологиялық таза технологиялар индексінде Канада әлем бойынша 4-орынға табан тіреп, АҚШ-ты да басып озған. Бұдан экологиялық таза технологиялардан ел қазынасына пайда алып келуге болатындығын көруге болады. Канадада 2016 жылы ІЖӨ-нің 2 пайызын аталған сала құраған. Құны 11,5 млрд долларды құрайтын экологиялық таза технологиялар экспортталып, бұл бағытта 275 мың адам жұмыс жасайды. Аталған саладан пайда табуға болатынын түсінген канадалықтар осы бағытта жұмыстарын жандандырып, бүгінгі күні мемлекеттен ешқандай субсидия қарастырылмаса да, жекеменшік секторлар жел және күн энергиясын дамытуды жолға қойып отыр.
Соңғы 100 жылда әлемдегі электр энергиясын өндіру ісі цифрланып, орталықтанған сипатта дами түсті. Ал 2025 жылға қарай 17 млрд құрылғы интернет желісіне қосылып, электр қуатын тұтыну қарқыны еселене түспек.
Бұл дегеніміз жер бетіндегі әрбір адам кемінде 5 құрылғыны электр желісіне қосады деген сөз. Әлемдік сұранысты өтеу үшін Қазақстанда да ірі бастамалар қолға алынбақ. Өз сөзінде GRATA International заң фирмасының серіктесі Шаймерден Чиканаев Қазақстанда баламалы энергия көздерінің үлесін 2030 жылы 30 пайызға жеткізу жоспарланып отырғанын айтты. Ол үшін биылғы жылы аталған салада ауқымды 16 жобаны іске асыру көзделген.
Былтыр Астанада өткен ЭКСПО көрмесінен кейін «жасыл экономикаға» бағытталған ірі жобаларды іске асыру үшін шетелдік инвесторларды тарту, оларға тиімді ұсыныстар мен қолайлы жағдай жасау заң аясында қарастырылып отыр. Заңгер өз сөзінде шетелдік инвесторлардың Қазақстанда білек сыбана жұмыс істеуі үшін заңдағы құқықтық-нормативтік актілер аса қолайлы екенін айтады.
– Бастамасы жаман емес, қаржылық айналымнан пайда түскенін байқап отырмын. Бұл мемлекет тарапынан инвестициялық климаттың жақсаруына аса мән беріліп отырғанын аңғартады, – деді заңгер Ш.Чиканаев.
Электромобильге сұраныс аз
ALD Automotive аймақтақ менеджері Марсис Мауринстің келтірген мәліметі бойынша, былтырғы жылдан бері Қазақстанда ресми түрде 13 электр автокөлігі сатылған. Десе де, Алматыда TESLA электр автокөлігін тізгіндеушілерді жиі көреміз. Электр көлігінің бұл түрі елде ресми тіркеуде болмағандықтан, аталған көлік түрінің жалпы деректе нақты қаншасы қолданыста екендігі белгісіз. Ал гибридтік, яғни дәстүрлі жанар-жағармаймен де, электр қуатымен де жүре алатын машиналарға биыл қызығушылық танытқандар саны 37-ге жеткен. Айта кетерлігі, Toyota электр қуатымен жүретін автокөліктер шығаруда көшбасшылардың бірі. Бірақ аталған корпорация Қазақстанға көліктің дәл осы түрін саудаға қоюдан бас тартқан. Себебі алғашқы тәжірбиелері сәтсіз аяқталып, сатуға алып келген темір тұлпарларын кері қайтаруға мәжбүр болған. Ескеретін тағы бір жайт, электр қуатымен жүретін көліктерге Алматының ауа райы қолайлы болғанымен, машина аккумуляторы Астананың қақаған қысында жиі отырып қалады.
Әлем бойынша Норвегия, Нидерланд, Бельгия сынды елдерде экологияға зияны жоқ автокөліктер шығаруға мемлекет тарапынан айрықша қолдау көрсетіледі. Мысалы, электрлі автокөлік тізгіндеген норвегиялықтар көлікті тегін қуаттауға, автобус жолағымен жүруге, мемлекетке аз мөлшерде салық төлеуге мүмкіндік алған. Бұған қоса, осы елде электр қуатымен жүретін көліктердің санын арттыру мақсатында импорттаушылар салықтан тұтастай босатылып отыр.
Қоршаған ортаға залалы жоқ автокөліктер әлем жұртшылығының қызығушылығын тудырмай отырғандығының да өз себебі бар. Алдымен жанар-жағармаймен жүретін автокөліктермен салыстырғанда электр қуатымен жүретін көліктердің бағасы әлдеқайда қымбат. Екіншіден, олар ауа райының барлық кезеңінде шыдас бермейді. Үшіншіден, қуаттайтын орындардың тапшылығы және сапасының жоғары болмауы көлік құмарлардың күмәнін арттыра түседі.
Қазақстанға қандай пайдасы бар?
«KB Enterprises» компаниясының директоры Тайлан Караманли баламалы энергия көздерінен алынатын энергиялық қуатты тариф ретінде қарастырмай, оның болашағынан әлдеқайда орасан зор мүмкіндіктерді көруге шақырады. Қазақстанның территориясы ауқымды болғандықтан оның барлығын цифрлы жүйеге енгізу мүмкін емес. Мысалы, шалғай жердегі жылыжайға электр қуатын орталықтан тартқаннан гөрі, сол жерге күн батареясын орнату әлдеқайда тиімді. Шығынды кемітіп, ертең алатын өнімнің бағасы да арзандайды. Бұл ең алдымен экономикалық тұрғыдан тиімді екенін айтады Т.Караманли.
Қазақстан климат жөніндегі Париж келісіміне сәйкес 2020 жылдан бастап әр бес жыл сайын ауаға зиянды шығарындыларды азайту міндетін жүктеп отыр. Әлем елдеріндегі тәжірибелерді негізге алған Қазақстан 2019 жылдың соңында Экологиялық кодекске толықтырулар мен өзгерістер енгізбек. Айта кетерлігі, өткен жылы Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы құрылып, оған елдегі қордаланып қалған экологиялық мәселелердің шешімін табу міндеті жүктелген. Қауымдастықтың басқарма төрайымы Айгүл Сағадибекқызына хабарласып, экологиялық заңға нақты қандай өзгерістер енуі қажеттігін сұрап, орталық қолға алған бастамалар мен жоспарлар жайында мағлұмат алдық.
– Бүгінгі күні таза ауада өмір сүріп, экологиялық таза өнімдер өсіру үшін су мен жердің экожүйесін сақтап, топырақ тозаңдануының алдын алу, су қоймаларын таза ұстау, атмосфераны ластанудан сақтау қажеттігі туындап отыр. Қауымдастық негізге алатын міндеттердің ішінде ұлттың саулығы мен адам өмірінің сапасын жақсарту, одан бөлек қалалардың, елді мекендердің тұрақты дамуы негізінде қоғамдағы экологиялық жүйенің сақталуын қадағалау басшылыққа алынады. Құрылғанына аз уақыт болғанымен Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы біршама жұмыстың басын қайырып, бірқатар мәселелердің оң шешім табуына ұйытқы болып отыр. Қауымдастық ірілі-ұсақты 80-ге жуық экологиялық ұйымдардың, оның ішінде бизнес өкілдері мен қоғамдық ұйымның басын біріктіп отыр, – деді басқарма төрайымы.
Оның айтуынша, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шаралардың жүйелі жүргізілуіне мемлекеттік органдардың ықпалы зор. Қауымдастық осы мақсатта Энергетика министрлігі мен Астана қаласы және Қарағанды облысы әкімдіктерімен бірлескен меморандумға қол қойған. Неліктен алдымен аталған өңірлердегі экологиялық мәселелердің назарға іліккенін айтқан А.Сағадибекқызы қыста елорданың аспаны көк түтінге оранғанын айтты.
– Белгілі болғаны қаладағы ЖЭО-дан (жылу электр орталығы) бөлінетін қалдықтар, сапасыз бензин қолданатын көліктер санының артуы, көмір жағатын үйлерден үздіксіз шығатын қалдықтар, осының барлығы ауаның ластануына себеп болып отыр. Ал Теміртау өнеркәсіптік индустриялық қала болғаннан кейін де экологиялық мәселелердің күрделенуі түсінікті жайт. «Арселор Миттал Теміртау» мен ЖЭО-дан шығатын қалдықтар, оған қоса қаладағы көліктер мен жеке үйлердегі ауаны ластайтын түтіндер салдарынан Теміртауда ақ қардың орнына қара қар жауғанын білеміз. Осы мәселелерді жан-жақты зерттей келе, нақты шешімдер шығаруға бағытталған 8 бағыт бойынша қысқа мерзімді және де ұзақ уақытты қамтитын жоспар әзірледік. Келісім бойынша алдағы екі жыл ішінде Астана және Теміртау қалаларындағы су қоймаларын тазартудан бастап, көгалдандыру жұмыстарына дейінгі іс-шараларды қамтитын экологиялық жағдайды тұрақтандыру жоспары іске асады. Қауымдастық сайтында атқарылған жұмыстар жайында ақпараттар толықтай жарияланып отырады. Ал өз кезегінде ұзақ мерзімге жоспарланған шаралардың ішінде халықаралық және Париж келісіміне сәйкес төмен көміртекті дамыту ісі қолға алынбақ. Қауымдастық қазіргі уақытта Қызылорда, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының басшыларымен экологиялық мәселелерді анықтап, зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында келіссөздер жүргізіп жатыр,– деді басқарма төрайымы.
Келер жылы елімізде Экологиялық кодекске өзгерістер енбек. Қауымдастық тарапынан аталған заңға алып-қосар ұсыныстар да баршылық. Осы ретте жақында қауымдастық атынан экологиялық тұжырымдама дайындалып, Энергетика министрлігіне ұсынылған. Онда ауаны ластамаудың жолдарын қарастырудан бастап, «жасыл» технологияларды қолдануға дейін нақты жоспарлар мен атқарылар жұмыстар қамтылған.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»