Қазақстан • 05 Маусым, 2018

Менингитке салғырттық танытпайық!

543 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Соңғы күндері менингококк инфекциясынан көз жұмған адамдар саны арта түсті. Ресми дерек көзі бойынша, 12 адам аталған індеттің шеңгеліне іліккен. Алғашқы ошағы Алматыда басталған ауруды жұқтырғандар мен оның құрбаны болғандардың басқа өңірлерде де тіркеле бастауы қоғамды кәдуілгідей алаңдатып отыр. Ал қатерлі жұқпаға қатысты Денсаулық сақтау министрлігінің ұстанымы қандай? Жауапты ведомство қандай алдын алу шараларын қолдануда?

Менингитке салғырттық танытпайық!

Бұл тарапта БАҚ өкілдерінің қоғамды менингит қаупінен сақтандыру қызметі белсенді екені байқалды. «Егемен Қазақстан» редакциясы да аталған мәселеге құзырлы органдардың назарын аударту және жұртшылықты сақтық шараларымен қамту мақсатында газет пен газет сайтында бірнеше материалдар легін жариялады (Қараңыз: «Менингиттен қалай қорғану керек?», «Менингит қаншалықты қауіпті?», «Менингит меңдеп тұр ма?» және тағы басқа материал­дар). Бас басылым бұл мәселені назарында ұстайды. Ал құзырлы органдардың ресми сайтына үңілсеңіз, бұл қауіпті жұқпа Қазақстанда мүлдем таралмағандай бейтараптық бар.

Десе де, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ауру өршігеннен бері алғаш рет Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистерге мән-жайды баяндады.

Карантин жарияланбайды

Министрдің айтуынша, жыл басынан бері Қазақстанда менингит инфекциясын жұқтырған 58 науқас тіркелді. Олардың 18-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Биылдан бастап аталған дерттен 12 адам көз жұмды, соның ішінде бесеуі – 14 жасқа дейінгі же­ткіншектер. Ведомство бас­шы­сының сөзіне қарағанда, ме­нин­гитке шалдығудың ең жо­ғары көрсеткіші 2015 жылы тіркелді. Сол жылы 424 оқиға анықталған. Ал 2016 жылы 120 науқас, 2017 жылы 62 науқас аталған ауруға кез бол­ған. «Жыл сайын ауруға шал­дық­қан­дардың саны өзгеріп тұрады. 2013 жылы 18 науқас көз жұмды, 2014 жылы – 15, 2015 жылы – 21, 2016 жылы – 7, 2017 жылы – 11, сондай-ақ биыл менингиттен 12 адамның өмірі қиылды. Жалпы, осы жағ­дай басталғанда, ең бірінші науқас 30 сәуірде тіркелді. Біз қажет­ті эпидемиологиялық және меди­циналық көмекті ұйымдастыру жұмыстарын барлық өңір бойынша қамтыдық. Өткен аптада менің бұйрығыммен арнайы республикалық штаб құ­рыл­ды. Сонымен қатар әр об­лы­с­тың негізінде өңірлік штаб­тар да жасақталды. Бар­лық алдын алу шаралары және емдеу-ұйымдастыру жұмыс­тары сол штабтың негізінде әзірленіп, жүзеге асырылады», деді Е.Біртанов.

Министрдің сөзіне қараған­да, еліміздегі норматив­тік құқықтық базаға сәйкес, вак­ци­на­лау туралы шешімді Ин­фек­циялар бойынша ұлттық үй­лестіру-консультативтік ко­митеті қабылдайды. «Өткен аптада осы комитеттің отырысы өтті. Оның құрамына барлық инфекционистер мен эпидемиологтар кіреді. Олар вакциналау туралы шаралар қазір ерте деген шешім қабылдады. Сәйкесінше, екпелердің ұлттық күнтізбесіне менингит бойынша вакциналауды енгізудің қажеттігі жоқ. Бұл өз кезегінде тиімсіз болады», деді Денсаулық сақтау министрі. Сондай-ақ менингококк вакцинасының бағасын реттеуге тоқталған сала басшысы оның бағасы көтеріліп кетпеу үшін барлық шаралар қабылданып жатқанын, оның бағамы шетелден сатып алынған бағамен тіркелетінін және басқа елдердегі бағамен салыстырылатынын, осы арқылы белгілі шекті баға қойылатынын атап өтті. Сондықтан бұл тарапта Фармация комитеті жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар ол менингиттен қайтыс болған адамдар туралы әлеуметтік желіде тарап жатқан жазбалардың тексерілмеген ақпарат екенін алға тартты.

«Біріншіден, ақпарат беру туралы. Бүгінге дейін біздің Қоғамдық денсаулық бақы­лау комитеті 4 мәрте арнайы брифинг өткізді. Барлық Қоғам­дық денсаулық бақылау коми­тет­терінің жергілікті департа­менттері қажетті ақпараттарды интернет ресурстары арқылы жеткізіп жатыр. Біздің бүгінгі келген мақсатымыз да осы. Екіншіден, карантин туралы. Бүгінгі таңда карантин жария­лай алмаймыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарты бойынша 100 мың адамның ішінде 10 адамда осы менингит инфекциясы анықталса немесе бір аптаның ішінде 2 мың адам аталған дертке шалдықса карантин жарияланатын болады. Айта кететін тағы бір жайт, Талғардағы жағдай туралы таралған ақпараттар тек­серіл­меген. Бізге ол жайында түрлі мәлі­меттер түсіп жатыр. Біз осы­ған орай міндетті түрде арна­йы тексеру жұмыстарын жүр­гіз­еміз және медициналық көмек стандарттарын бұзу жағ­дайы орын алатын болса, оны құ­қық қорғау органдарына тап­сы­ра­мыз. Қазіргі уақытта про­кура­­тура тарапынан тексеріс бастал­ды.

Дәрігерлер, жедел жәрдем қызметі жақтан осындай заң бұзушылық болса жауапкершілікке тартылады. Осы дертке шалдыққан адамдар ең бірінші дәрігердің көмегіне жүгініп, адамдар көп шоғырланған жерлерге бармағаны абзал», деді министр.

Яғни, Денсаулық сақтау министрлігі әзірге карантин жарияламайтыны белгілі болды. Ал жұқпалы дерттің қанды шеңгелі кеңейіп келеді. Кеше ғана Алматы қаласында менингит инфекциясынан тағы бір адамның көз жұмғаны туралы ақпарат тарады. 27 жастағы өрт сөндіруші болып еңбек еткен Олжас Сүлеймановтың туыстарының айтуынша, науқас аурудың алғашқы белгілері байқалғаннан кейін 12 сағаттан соң қайтыс болған. «Ол ауруханада 12 сағат бойы қиналды. Біз жерлеуді бүгінге жоспарлағанбыз, бірақ мәйітін ала алмай отырмыз. Өлім себебіне сараптама жасалуы қажет», дейді марқұмның ағасы Ерболат Сүлейманов. Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті бұл өлімді растағанымен, егжей-тегжейлі ақпарат таратпады. Бұған дейін Алматы қаласының өзінде 32 менингитке шалдығу жағдайы тіркелген болатын. Өткен аптада Алматы қаласында 5 жасар бала мен 19 жастағы бойжеткеннің аталған аурудан көз жұмғаны туралы ақпарат тарағаны белгілі.

Алматы өңірінде жазғы лагерьлер бақылауға алынды

Жалпы, Алматы қаласы мен облысының аумағында менингококк инфекциясының таралу қаупі дабыл қағатын деңгейге жетті. Бүгінге дейін Алматы облысының мегаполиспен шектесетін Іле, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандары мен Талдықорған қаласында жұқпалы дертке шалдыққандар анықталып, тіркелген 6 оқиғаның үшеуі адам өліміне себеп болғаны анықталды. Қазір облыста жұқпалы аурумен күресу мен алдын алу жөніндегі штаб құрылып, жұмысқа кірісті. Біз осының алдында Талдықорған қаласындағы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыр жағдайда жеткізілген 2 жасар сәбидің менингококк инфекциясынан шетінегенін жазғанбыз. Өкінішке қарай, облыс дәрігерлері Талғар ауданының тұрғыны, 19 жасар бойжеткеннің де өміріне араша түсе алмады. Ал Қарасай ауданының аумағындағы «Алтын Орда» әмбебап базары жұмысшысының инфекция жұқтырып, қайтыс болғандығы туралы деректі мамандар ресми түрде растаудан бас тартып отыр.

Алматы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ерғали Сыдымановтың айтуынша, Іле ауданында анықталған 1 науқас емделіп, толықтай сауығып шықса, Еңбекшіқазақ ауданындағы инфекция жұқтырған 2 адам дәрігерлердің қадағалауында екен. Қазір Талдықорған қаласындағы көпсалалы ауруханада менингококк инфекциясын жұқтыруы мүмкін деген күдікпен 2 науқас тағы тексеріліп жатыр.

– Облыста 6 жағдай тіркелді. Іле ауданындағы сырқат толық емделді. Еңбекшіқазақ ауданында екі адам кеселге шалдығып, ем алуда. Қарасай ауданында бір адам емделіп шықты. Талдықорған қаласында 3 жасар бала қайтыс болып кетті. Талғар ауданында тұратын 19 жасар қыз дүниеден өтті. Талдықорған қаласында 2 адам ем алу үшін көпсалалы ауруханаға жатқызылды. Бірақ олардың диагнозы әлі анықталған жоқ. Облыс бойынша алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр, дейді Е.Сыдыманов.

Сондай-ақ, менингококк инфекциясының таралу қаупі облыстағы балалардың жазғы демалыс орындарының жұмысына жіті назар аударуды қажет етіп отыр. Бұл туралы жұқпалы аурумен күресу мен алдын алу жөніндегі штабтың отырысын өткізген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мәлімдеді. Аймақтың барлық мектептерінің жанынан ашылған күндізгі демалыс лагерьлерінің жұмысы уақытша тоқтатылатын болды. Ал Еңбекшіқазақ, Панфилов, Текелі, Іле аудандарындағы жазғы лагерьлердегі жағдай қатаң бақылауға алынып, сақтық шаралары күшейтілді. Қазір бұл демалыс және сауықтыру орындарында 525 бала бар. Мұнан бөлек, облыс орталығы мен аудан орталықтарындағы жұқпалы ауру таралу қаупі жоғары орындарға дизенфекциялық тазалау жүргізіледі.

Айтпақшы, аймақта менингококк инфекциясының алдын алуға орай салынатын екпе жұмыстарын жүргізетін емхана тек Алматы қаласында ғана бар екен. Оның өзінде бұл инфекцияға қарсы егу жұмыстарына бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Сондықтан мегаполистегі жекеменшік емханаларға кезекке жазылып, ақылы түрде екпе салдыруға болады. Біз хабарласқан «Фармаком» емханасында бір реттік екпе салдыру құны 25 000 теңге тұрады. Емхана Алматы қаласының Қарасай батыр көшесіндегі №30 үйде орналасқан. Алдын ала 8-727-2917965 телефонына хабарласып, жағдайды біліп алуға болады. Дәл осындай ақылы қызмет көрсететін «Вакцина» клиникасы қаланың Бұзырбаев көшесіндегі №26 үйде қоныс тепкен.

Ауруды қайдан жұқтырғаны беймәлім

Сондай-ақ Қызылорда облысында да менингиттен 27 жастағы азамат қайтыс болды. Жаңақорғандағы менингит ауруына шалдыққан 1991 жылы туған азамат облыс аумағынан алысқа ұзамаған. Және марқұммен жақын араласты деген 15 адамнан алынған сараптамада ешқайсысынан ауру белгісі табылған жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Абдусәметов «Қарым-қатынаста болған азаматтардың барлығы бақылауға алынды. Олар антибактериялы профилактикалық емін толық алды. Азаматтарда ауру белгісі байқалып отырған жоқ», деді.

Менингит ауруының Алматы қаласында көбірек тіркелгендігі мәлім. Осыған орай Алматы облысында сапарда болып келген қызметкерлер жұқтырып келді ме деген де болжам бар. Бірақ бұл анықталған мәселе емес, күдік қана. Яғни марқұмның туған-туыстары ауданнан ұзап шықпаған азаматтың ауруды қайдан жұқтырғанын анық білмейді. Бүгінде аурумен қарым-қатынаста болған адамдар үйлеріне қайтарылды. Олар әлі де дәрігерлердің бақылауында болады. Өңірде арнайы құрылған штаб жұмысын жалғастырып жатыр.

Қауіптен қалай сақтануға болады?

Осы оқиғаларға байланысты еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин видеоүндеу жариялады. Ол рұқсат етілген профилактикалық шаралар туралы айта келіп, адамдар шоғыры көп жиналатын және желдетілуі төмен жабық ғимараттардағы сауда-ойын-сауық кешендері мен мәдени-бұқаралық шараларға баруды шектеуге кеңес берді. Оның айтуынша, науқастанған жанмен 3 сағат бойы тығыз байланыста болған адам аталған инфекцияны жұқтырады. Сондықтан бір реттік пайдалануға жарамды бетперде киюдің және оны 2-3 сағат сайын ауыстырып отырудың маңызы зор. Яғни, бұл ауруды міндетті екпесіз-ақ эпидемияға қарсы шаралармен алдын алуға болады. Ал вакцина кезінде ауруға қарсы иммунитет 5-15 жас аралығында әр адамның иммунитетіне байланысты 80 пайызды құрайды. Және бұл иммунитет 14-21 күнде қалыптасады.

Қазіргі кезде Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы қалалық мемлекеттік емханаларда екпе бойынша ақылы қызмет көрсету мүмкіндіктерін қарастыруда. Дәрігерлердің айтуына қарағанда, бұл инфекцияның қауіптілігі сонда, жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады және микроб дені сау адамның ағзасына науқас немесе тасымалдаушымен тығыз қарым-қатынаста болғанда жоғары тыныс алу жолдарының шырышты қабығы арқылы енеді. Жұқтырып алған кезден бастап аурудың басталуына дейін бір күннен он күнге дейін өтеді. Науқас алғашқы күнінен бастап айналадағыларға жұқпалы. Балаларда бұл ЛОР-органдарына қатысты болатындықтан, оториноларингологтарға тұрақты апарған абзал. Және тек қайнаған немесе бөтелкедегі суды ішу қажет. Тоңу, ашығу, ұйқысыздық, стресс және басқа да денсаулыққа кері әсерлерден аулақ болу керек.

Материалды дайындағандар

Рауан ҚАЙДАР, Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, Бақтияр ТАЙЖАН, Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»