Қазақстан • 05 Маусым, 2018

Мемлекеттік рәміздер мәселесі қаралды

539 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда еліміздің мемлекеттік рәміздер бойынша нормативтік-құқықтық актілерін жетілдіру мәселелері қаралды. Отырысқа Парламент депутаттары, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев және белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты.

Мемлекеттік рәміздер мәселесі қаралды

Отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова шараның Мемлекеттік рәміздер күнімен тұспа-тұс келгенін атап өтіп, қатысу­шыларды мерекемен құттықтады. Соны­мен қатар биыл мей­рам­ның Астананың 20 жыл­дық мерейтойы белесімен қатар келуінің сим­волдық мәні зор екендігін атап өтті. «Рәміз­деріміздің қоғамдық өмірде алар орны ерекше. Ол халқымыздың бірлігі мен пат­риот­тық сезімін білдіруде аса маңызды рөл ат­қарады. Сондықтан оның мән-маңы­зын наси­хаттау мен қолданылуын реттеп отыру – баршамыздың ортақ міндетіміз», деді ол. Мемлекеттік хатшы мемлекеттік нышан­дардың жекелеген орталық және жергілікті атқару органдарындағы қолданысы мен оларды дәріптеу жұмысы зерттелгенін айта келіп, Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаевтың, Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.Аманшаевтың, Қызылорда және Ақтөбе облыстарының әкімдері Қ.Көшербаев пен Б.Сапарбаевтың есебін тыңдады. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Сыр өңірін­де мемлекеттік рәміздерге деген құр­метті қалыптастыру, жас ұрпақтың санасына сіңіру басты міндет екенін атап өтті. Әкім бұл бағытта облыста ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын, атап айтқанда 2016 жылы биіктігі 60 метр болатын ту тұғырының, жалпы көлемі 3 гектарды құрайтын Мемле­кет­тік рәміздер аллеясы пайдалануға беріл­генін жеткізді. Сондай-ақ облыс әкімдігінің жанындағы арнайы комиссияның шешімімен ендігі кезекте барлық аудан орталықтары мен 46 елді мекенде осындай аллеялар ашыл­мақ. Оның айтуынша, облыстағы барлық мем­лекеттік мекемелерде, білім беру ұйым­дарында мемлекеттік нышандар талапқа сай орнатыл­ған. Дегенмен, Қ. Көшербаев бұл салада проблема бар екенін айтып, оны шешу мақсатында комиссия қарауына өз ұсынысын білдірді. «Мемлекеттік рәміздерді дайындайтын лицензиясы мен сертификаттары бар жеке серіктестік мекемелер Мемлекеттік рәміз­дер туралы Конституциялық заңға сәй­кес келмейтін мемлекеттік рәміздерді пайда­лануға беруде. Бұл жағдайлар Қарағанды қаласын­да орналасқан «Ақ бастау КЗ» ЖШС және Астана қаласында орналасқан «Зум» жарнама агенттігі» ЖШС-да кездесті. Бұл жөнінде техникалық реттеу және метрология комитетіне тиісті ұсыныс берілді», деді ол.

Бұдан соң сөз алған Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев осы облыстағы мемле­кеттік нышандар жағдайынан толық мәлі­мет бере келіп, қызылордалық әріп­тесі­мен толық келісе­тінін айтып, ұсынысты қол­дай­тынын жеткіз­ді. «Қазіргі таңда Туды, Елтаңбаны дайын­дай­тын мекемелер көп. Олардың әрқайсысы әртүрлі дайындайды. Ешқандай жауап­кер­шілік жоқ. Сондық­тан, олардың жауа­пкер­ші­лігін арттыруды ұсынамыз. Екінші­ден, олардан дайын­дайтын мемлекеттік рәміз­дер мемлекеттік стандарттарға сәйкес болуы керек­тігін талап ету қажет. Егер олардың лицензия­сы болса, сонда көрсетілген талаптарды толы­ғымен орындауы тиіс. Сол кезде ешқандай кемшіліктер болмайды деп ойлаймыз»,  деді ол.

Комиссия жұмысының қорытын­дысы бойынша Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова мемлекеттік органдар басшыларына мемле­кеттік рәміздерді пайдалану және насихаттау мәселелері, сонымен қатар осы саладағы заңнамаларды сақтау жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»