Жиынға қатысқан Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин шара барысында заңға енгізілген өзгерістер мен түзетулер, сондай-ақ құзыреттілік туралы ақпарат берді.
«24 мамырда Мемлекет басшысы кәсіпкерлік қызметтің реттелуін жетілдіру үшін тиісті заңға қол қойды. Заңмен 14 кодекс пен 109 заңға 1000-ға жуық түзету енгізіледі. Бизнесті қайта реттеу және оның шығындарын азайту, әкімшілік кедергілерді жою және кәсіпкерліктің дамуын ынталандыру бойынша жүргізіліп жатқан саясатты ескере отырып, заң төмендегі бағыттар бойынша әзірленген. Олар – мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін реформалау, ақпараттық құралдарды реттеу, табиғи монополиялар субъектілері және квазимемлекеттік сектор көрсететін міндетті қызметтерді реформалау, бизнес шығындарын түбегейлі төмендету, бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтау және алып тастау, Қазақстанның «Doing Business» рейтингінде позицияларын жақсарту. Жүйелі түрде жүргізілген реформалар арқасында бүгінде кәсіпкерлік субъектілерге қатысты тексерулердің жалпы саны 2010 жылдан 4,2 ретке немесе 76,6 пайызға қысқартылды. Сонымен қатар 2013 жылғы, яғни жоспарлы тексерулер жүргізілген кезеңдегі, 2014 жылғы, жоспарлы тексерулерге мораторий жарияланған кезеңдегі, сондай-ақ 2015 және 2016 жылдарғы кезеңдегі, яғни іріктеме тексерулерге ауыстыру жүзеге асырылған кезеңдегі деректерді салыстырып тексеру кезінде қолайсыз оқиғалардың саны түбегейлі өзгерген жоқ. Осыған байланысты біз мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін түбегейлі өзгертуді ұсындық. Осындай өзгерту жаңа профилактикалық бақылау институтын енгізуді көздейді. Ол әкімшілік істі бастамай, құқық бұзушылықтардың профилактикасын жүргізеді. Өз кезегінде, ол прокуратура органдарында тіркеу, тексеру субъектісіне хабарлау негізінде жүзеге асырылады. Мұндай бақылау нәтижесінде бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріледі. Бұл ретте, осындай профилактикалық бақылау мен қадағалау нәтижелері бойынша өрескел бұзушылықтар анықталған жағдайда, оны қайта тексеру мақсатында жоспардан тыс тексеру жүргізуге мемлекеттік органның құқығы сақталады. Осылайша біз қоғамдық сананы өзгерту бойынша үлкен қадам жасаймыз. Ол кәсіпкерлікпен әріптестік өзара қарым-қатынас жасауға және қалыптасқан мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесінің танымын және тәртібін түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді. Сөзсіз, аталған реформа қоғамдық сананы жаңғырту саясатымен сәйкес келеді. Бұл, кәсіпкерлердің негізгі қызметіне кедергілеріне байланысты шығындарын және қысымды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықты азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге бүгінде бар болған 144 саланың 20-сы және 544 бақылау функциясының 108-і алынып тасталады. Оларды алып тастаудың негізгі себебі қайталануы және жүзеге асыру кезінде тиімділіктің болмауы болып табылады. Сондықтан тұтынушылардың қауіпсіздігі тиісті деңгейде қамтамасыз етіледі», деді С.Жұманғарин.
Сонымен қатар ол бизнеске түсетін үлкен жүктеменің бірі тексеру жүргізу мерзімі болып табылатынын тілге тиек етті.
«Өйткені бақылаушы кәсіпкерді тексерумен ұзақ уақыт өткізеді. Сондықтан заңмен ерекше тәртіп бойынша тексеру жүргізу мерзімдері 30-дан 15 жұмыс күніне дейін, жоспардан тыс тексерулер 30-дан 10 жұмыс күніне дейін қысқартылды», деді ол.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»