Аймақтар • 05 Маусым, 2018

Елшілер қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

404 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарағандының іргесіндегі Спасск мемориалында саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу шарасы өтті.

Елшілер қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Аза тұту жиынына облыс басшысы Ерлан Қошанов, Иран, Чехия, Венгрия, Румыния, Финляндия елшіліктерінің басшылары, Украина елшілігінің өкілдері, сондай-ақ еліміздің Сыртқы істер министрлігінің өкілдері қатысты.

– Бұл күн – еліміздің тарихында қара таңба болып қалған қасіретті шақтың жаңғырығы. Қуғын-сүргін заманы жекелеген адамдардың ғана емес, тұтас бір халықтардың тағдырын тәлкек етті. Біз сол жазықсыз жапа шегіп, қуғын көрген боздақтардың аруағына тағзым жасауға жиылып тұрмыз, – деді Ерлан Қошанов. – Сол бір қаралы кезеңді жадымызда ұстау – қуғын-сүргін құрбандары мен келешек ұрпақтың алдындағы адамгершілік парызымыз. Өткенді түзету мүмкін болмаса да, бейбітшілік пен келісімде, адам мен оның құқықтарын бірінші кезекке қойып өмір сүруге болады.

Ол Елбасының «Еліміз басынан өткен сұмдық сынақтарды ешқашан ұмытпайды және ең ұлы қазына – Тәуелсіздікті бағалап, сақтай біледі. Тарихымыздың осы ащы тағылымы оны Қазақстанның қазіргі ұрпағының жадына тоқып, зердесіне түйе білуімен құнды болмақ» деген сөзін еске салды.

Жиында қуғын-сүргін көрген жан­дардың ұрпағы Борис Макаров сөз алып, отбасының тарихын баяндай келе, қиын-қыстау заманда бауырына тартып, барымен бөліскен қазақ халқына алғысын айтты.

Мұсылман, православие, католик діндері өкілдерінің діни рәсімдерінен кейін саяси қуғын-сүргіннің ирандық және чехиялық құрбандарына арнал­ған екі ескерткіш белгі ашылды.

Айта кету керек, НКВД-ның 1938 жылдың 29 қаңтарындағы «Иран операциясы туралы» нұсқауын қандықол нарком Николай Ежов КСРО-ның барлық республикаларына таратқан. Содан кейін-ақ ұлттық белгісіне қарай тұтқындаулар басталып, сотталған 13 мыңнан астам адамның 2 мыңнан көбі атылып кеткен.

– Кеңес Одағының әр түкпірінен ұсталған ирандықтар Қазақстанға жер аударылды. Олардың көпші­лігі оңтүстіктегі шекаралас өңірлер­­де тұтқындалған. Қазір Қазақстан­да 5 мыңдай ирандық тұрады. Өткен тарихымызды ұмытпау үшін осы ескерткіш белгіні қойып отыр­мыз, – дейді Иранның Қазақстан­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Моджтаба Дамирчилу.

Қазақстандағы жалғыз Иран мәдени орталығы Оңтүстік Қазақстан облы­сында жұмыс істейді. Оның жетек­шісі Капар-Пур Нуребек осы жиынға арнайы келіп қатысты.

– Біз бүгін жазықсыз жапа шеккен чех бауырларымыздың алдындағы парызымызды өтеп отырмыз. Мұрағат деректеріне сүйенсек, кеңестік лагерьлерде бұрынғы Чехословакияның 25 мыңнан астам азаматы азап шеккен екен. Олардың жартысы осы жерде көз жұмған. Бүгін ашып отырған ескерт­кішті біз сол саяси қуғын-сүр­гіннің құрбандарына арнаймыз, – деді Чехияның Қазақстандағы Төтен­ше және өкілетті елшісі Элишка Жигова. Елші қазақ халқына, Қазақ­стан Пре­зиденті Н.Назарбаевқа әртүр­лі халық­тардың тағдыр-тарихына құрметпен қарап, естен шығармағаны үшін ризашылығын білдірді.

Спасск мемориалдық кешені заманында әскери тұтқындар жерленген тұстан бой көтерген. Өткен ғасырдың 30-50-ші жылдарында бұл жерде КСРО-ның ішкі істер бөлімшелері мен лагерьлер болған. Мұрағат мәліметтеріне сәйкес, Спасск қорымында 5 мыңнан астам адам жерленген. Олардың ұлты 50-ден асады. 1987 жылдан бері осы жерге бірнеше мемлекеттің өкілдері ескерткіш орнатты. Мұнда жыл сайын 31 мамыр күні қуғын-сүргін құрбандарына тағзым ету дәстүрге айналған. Иманды ұрпақтар биыл да сол дағдысынан айныған жоқ.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ