Форум жұмысы барысында Қазақстан тарапынан Президент Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының халықаралық ынтымақтастық бойынша инспекторы Ғалымжан Махан қатысты.
ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Ламберто Заньер, Норвегия Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Айдун Халворсен, БҰҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі арнайы баяндамашысы, профессор Фернард де Варене форум қатысушыларына кіріспе сөз сөйледі.
Белгілі саясаткер, Норвегияның бұрынғы Сыртқы істер министрі және ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар жөніндегі Жоғарғы комиссары Кнут Воллебек Осло ұсыныстарын іске асыру жөніндегі негізгі баяндамасында «ЕҚЫҰ аймағында аз ұлттардың саны тұрақты түрде өсіп келеді» деп атап өтті.
Форум барысында Ғ.Махан қатысушыларға Қазақстан халқы Ассамблеясының қазіргі жұмысын айта отырып, еліміздегі қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік моделі, халықаралық ынтымақтастықты, оның ішінде ұзақ тарихы бар ЕҚЫҰ-ның АҰЖК офисі жөнінде айтты.
Сөз сөйлеу барысында 2017-2018 оқу жылдарында республика бойынша өзбек, ұйғыр, тәжік тілдерінде білім беретін 27 мектепте 16 442 оқушы оқитыны, және 140 аралас мектепте 100 мың оқушы Қазақстанда мекен ететін этностар тілдерінде білім алатыны жөнінде айтылды.
Форум аясында К.Воллебек біздің елімізге келген тұрақты сапарларын үлкен ризашылықпен еске алды. Норвегиялық саясаткер «Ұйым тарихында Қазақстан ЕҚЫҰ-да ең табысты төрағалық еткендердің бірі болды» деп атап өтті.
Өз кезегінде ЕҚЫҰ-ның Жоғарғы комиссары келесі жылы біздің елге келуді жоспарлап отырғанын айтты.
«Егемен-ақпарат»