Жаңа технологияларға қажеттілік артқан сайын ғылым әлеміндегі жетістіктер алға шығып, ақпараттық жүйенің оқырман сұранысына сай жұмыс істейтіні заңдылық. «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы арасында жасалған меморандум негізінде Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында 30 адамға арналған «Бродкастинг» залы ашылды. Сонымен қатар 10-ға жуық компьютер мен 6 моноблок қойылған электронды зал да заман талабына сай жасақталған.
«Бродкастинг» залының тұсаукесер рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысып, жаңа ақпараттық технологиялармен жабдықталған залдармен танысты. Мұнда кітапхана қызметкерлерінің жұмысын бір жүйеге түсіруге түрлі мүмкіндіктер де қарастырылған екен. Мәселен, А4 форматындағы 3D принтерлер, моноблоктар және жоғары жылдамдықты интернет желісі бар. Өз сөзінде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев Елбасының тапсырмасына сәйкес қабылданған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында партияның 10 стратегиялық жоба белгілегенін айтты.
– Соның ішіндегі ең маңызды мәселелердің бірі – цифрландыруға көшу, сондай-ақ жастарға ақысыз ІТ-сыныптарын ашу, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды ақпараттық технологиялар орталығында оқыту қолға алынуда. Ал «Бродкастинг» залы Қазақстанның заманауи кітапханалары жобасы аясында ашылды. Бұл бастама кітапханалар жүйесін цифрландыруды көздейді, – деді ол.
Жаңа ашылған «Бродкастинг» залында бейнеконференциялар өткізуге мүмкіндіктер бар және облыс аудандарындағы 10 кітапхана да онлайн жүйеге қосылған. Сонымен қатар Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада құнды кітаптар сериясына енгізілген 5539 кітаптың электронды нұсқасы жасалған екен. Кітапхана директоры Эльмира Абдинованың айтуынша, мұнда жергілікті ақын-жазушылармен келісіліп 100 кітап цифрландырылған. Және бүгінде 5639 туындыны оқырманның электронды форматта оқуға мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда өлкетану кітаптарын цифрлы жүйеге көшіруге дайындық жұмыстары жүргізіліп келеді. Аталған жүйе арқылы республикалық және орталық кітапханалар арасындағы байланыс артып, кітапханалар өзара электронды түрде әдеби шығармалар алмасатын болады.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы