Сондықтан да Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында еліміздің барлық өңірлеріндегі оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3D-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құруды тапсырған болатын. Енді Елбасы тапсырған міндетті жүзеге асыру мақсатында өңірлерде тиісті жоспарлар мен жобалар қабылданып, оның алғышарты түзілу үстінде.
Алдағы оқу жылында әулиеаталық жұртшылықты жағымды жаңалық күтіп тұр. Жамбыл облыстық білім басқармасының Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталығында ІТ-сыныбы ашылады. Аталған сыныпты жабдықтауға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры қолдау көрсетіп отыр. Осы орайда, Жамбыл облысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры күндері өтті. Бұл ретте қор өкілдері облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков және жастармен тікелей жұмыс жүргізетін басқарма басшыларымен кездесті. Кездесу барысында Тұңғыш Президент – Елбасы қорының атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың директоры Шәрия Қашқыноваға 3 миллион теңгенің сертификатын тапсырды.
Жамбыл өңірінде ашылуы жоспарланып отырған ІТ-сыныбына Тұңғыш Президент – Елбасы қоры қолдау көрсетіп отыр. Мұнда бір жылда 200 жеткіншекті оқыту көзделіп, жұмыс сабақтан тыс қосымша білім беру негізінде жүргізілмек. Орталық директорының айтуынша, барлығы 20 топ ашылып, әр топқа 10 оқушыдан бөлінетін болады.
Сонымен қатар Тұңғыш Президент – Елбасы қорының өкілдері М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің базасында студенттермен кездесіп, жастар саясатын дамыту мәселесі мен мәдениет, ғылым және әлеуметтік салалардағы бірлескен жобалар жайын талқылады. Өз сөзінде Елбасы қорының атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов жастарды қолдауға, қазақстандық креативті және бәсекеге қабілетті ғылыми қауымдастықты қалыптастыруға бағытталған көптеген жобалар бар екенін, оған кез келген студенттің қатыса алатынын айтып өтті.
– Бұл жобалар Елбасы Жолдауында қойылған міндеттерге сәйкес әзірленіп, іске асырылуда. Жоғары технологиялар күн санап жаңарып отырған кезеңде дамыған елдер бір-бірінен қара үзіп қалмау үшін жаңа идеяларды жүзеге асыруға талпынып жатыр. Сондықтан қор жастар жобаларын әлемдік деңгейге шығаруды көздейді. Қазіргі таңда экономиканы дамытуға басымдық берілген көптеген стартап жобалар қолға алынуда. Қордың жұмысы арқылы еліміздегі мыңға жуық жас ғалымдардың үздік жобалары іріктелді. Енді жаз айларында Сингапурда өтетін әлемдік байқауда озық жобалардың көшін бастасақ деген ойымыз бар, – дейді ол.
Бүгінде еліміздің әрбір өңіріндегі жастармен берік байланыста жұмыс атқарып келе жатқан қор өткен жылдан бері жұмыс бағытын біршама өзгертіп, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сәйкес Smart Zholy және Method PRO жобаларын әзірлеген еді. Нәтижесінде компьютер бағдарламаларын жасаумен айналысып жүрген дарынды жастар мен олардың өнімдерін тұтынатын еліміздің және шетелдің ірі компанияларымен өзара байланыс орнатуға мүмкіндік туып отыр.
Кездесу барысында биыл оныншы рет өткізіліп отырған «Болашақ ғалымдар» атты студенттердің үздік ғылыми жұмыстары анықталды. Аталған бәсекеде топ жарған Тараз қаласының экологиялық проблемаларын шешу жолдарын зерттеген Ислам Дямуршаев, Никита Самойленко, Бағжан Тұман мен емдік қасиеттері бар трикотаж құрылымына зерттеу жасаған Жанерке Майрова, Қымбат Аниярбекова сияқты ТарМУ студенттері марапатталды. Айта кетейік, осы уақытқа дейін ТарМУ-дың 30-ға жуық студенті Елбасы қорының әр жылдардағы стипендианты атанған екен.
Жамбыл өңірінде өткен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры күндерінің аясында смартфондар мен планшеттерге арналған латын қарпі бар «Qazaq Latyn Keyboard» клавиатура жобасының тұсауы кесілді. Сонымен қатар Елбасы қорының қолдауымен әзірленген қазақ тілін оқытатын «Soyle.kz» онлайн-курсы мен бірқатар мобильді қосымшалар туралы мағлұмат беріліп, жастарға шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы