05 Маусым, 2018

Адам өлімі статистика емес

646 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сарыағаштағы 7 жасар баланың оқиғасы ел арасына енді тарай бастағанда Денсаулық сақтау министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі оқиғаны жоққа шығаруға тырысқаны бәріне мәлім.

Адам өлімі статистика емес

Алайда кейіннен жұрттың жұмылуымен мәселе  Елбасы назарына дейін жетіп, істі жабуға тырысқандардың тауы шағылды. Кешегі күндері KADEX көрмесінде бір адам оқыс қайтыс болғаны белгілі. Өркениетті қоғамда мұндай жағдайда шараны ұйымдастырушы тұлғалар кешірім сұрап, қателікті қайталамауға уәде беріп жатады. Ал бізде көрмеге жауапты Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов журналистерден қашып, сұрақты жауапсыз қалдырды. Он екі адамның өмірін қиған менингит жұқпалы ауруына қатысты баспасөз мәслихатын өткізген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та осы «үлгіден» ұзап кетпеді.

Төтенше жағдай немесе созылмалы шиеленіс кезінде бұқарамен тиімді байланыс орнату аса маңызды. Әлемдік тәжірибеде мұны кризис коммуникациясы дейді. Негізгі идея – халықтың шынайы ақпаратты уақтылы алуға деген мұқтаждығын қанағаттандырып, көпшіліктің үрейге бой алдыруына жол бермеу. Ақпарат неғұрлым кеш берілсе және ақпарат берушінің беделі төмен болып, айтқан сөздері адамдардың сенімінен шықпаса ел дүрлігіп, халықты басқару қиындап кетеді.

Бүгінгі ақпараттық қоғамда кризис коммуникациясының рөлі арта түсті. Себебі ресми мекеме жағдайды саралап, асықпай баяндама жасаймын дегенше әлеуметтік желілер оқиғаны санаулы секундтар ішінде барша халыққа жеткізіп үлгереді. Тиісті ұйымнан дер кезінде нақты ақпарат тарамаған кезде, ел арасында неше түрлі алыпқашпа әңгіме көбейеді, күдіктер күшейеді. Лауазымды тұлға тұрғындардың алдына шығып, мәлімдеме жасаймын дегенше ақпараттық фон теріс сипат алып, айтылған әрбір сөз сенімсіздікпен қабылданады.

Менингит ауруы жедел тарай бастады деген алғашқы ақпарат екі апта бұрын пайда болды. Сырқат белгілерімен ауруханаға түскендердің 15-і менингококк инфекциясын жұқтырғаны анықталған. Өкінішке қарай, олардың үшеуі көз жұмған болатын. Араға екі апта салып, ауруды жұқтырғандар саны 58-ге, өмірден озғандар саны 12-ге жетті. Денсаулық сақтау министрлігінің әртүрлі деңгейіндегі лауазымды тұлғалар мәлімдемелер таратып, сақ болуға шақырып жатқанымен, мекеменің бірінші басшысы бұқара алдына кеше ғана шықты. Е.Біртановтың бір сағаттық мәслихаты халықты тынышталдырудан гөрі одан әрі ашу мен ызаға бөлеп, халықтың шарасыздық сезімін тудырды. Біржақты Денсаулық министрін кінәлаудан аулақпыз, бұл жерде ұпай іздеген желі қолданушылары мен сенсация қуалағыш басылымдардың да «еңбегі» бар. Дегенмен, министр кризис коммуникациясы тұрғысынан бірнеше қателік жіберді деп білеміз.

Ең әуелі министр қайтыс болған адамдардың жақын туыстарына көңіл айтып, марқұм болған жандардың өмірін сақтап қала алмағаны үшін кешірім сұраудан бастауы керек еді. Қайғыға душар болғандарға дәл қазір құрғақ есептен гөрі адамдық көңіл көбірек қажет. Мұнымен қатар министрдің жұқпалы дерттен өмірден озғандарды тілге тиек етуі де көпшіліктің шамына тиді. Баяндамасын тыңдай отырып, адамның өлімі қайғы емес, жай ғана статистика секілді. Ауырғандар мен қайтыс болғандардың санын өткен жылдардағы көрсеткіштермен салыстырып, 12 адам өлімін қалыпты жағдайға теңеу арқылы министр мен оның баяндамасын әзірлеген мамандар сөздің салмағы мен халықтың жанын түсінбейтіндігін дәлелдеді.

Е.Біртановтың есебінен мәселені шешуден гөрі министрліктің саясатын ақтауға деген ниет көбірек байқалды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына сүйенген министр мырза менингитке қарсы вакцинаны міндетті екпелер күнтізбесіне кіргізбеуді өз сөзімен негіздеп бере алмады. Халық оның сөздерін карантин жариялау үшін 12 адамның өлімі аз, менингиттен одан да адам көп қайтыс болсын, содан соң шешімімізді қайта қараймыз деп айтқандай қабылдады. Құдды бір халықпен саудаласқандай әсер қалдырды.

Дегенмен министр Е.Біртановтың кеш болса да, баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің көптеген ыңғайсыз сұрақ­тарына қысылмай жауап беруіне оң баға беруге болады. Лауазым иесі осыған дейін сақтандыру ісі даулы мәселеге айналған кезде де халық арасындағы ең белсенді сыншысы Рақым Ошақбаевпен пікірсайысқа түсуге келісіп, теледидардан сақтандыруға қатысты барлық қарсы дәйектерге жауап бергені ел есінде. Осылайша ол халық алдындағы жауапкершіліктен қаш­пайтындығын көрсетті. Ал кешегі мәс­лихаттағы коммуни­кация қателіктері министрге тек дәрігер болудан дәрігерлердің жұмысы мен халықтың денсаулығына жауапты мемлекеттік қайраткер болуды үйрену қажеттігін көрсетсе керек.

Дархан ӨМІРБЕК,
«Егемен Қазақстан»