Сондай-ақ атаулы жыл ІТ-балалар әлемі, саламатты болашақ және жетім балаларды қолдау жөніндегі үш тұғырдан тұрады. Осы орайда роботтехника орталықтарын жабдықтау ісі қолға алынып, 150 спорт және ойын алаңдары жабдықталу үстінде. Қазіргі кезде аймақта «Әсем» жыл бойы оқу-сауықтыру лагерінің, сал ауруына және аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған орталықтардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоғарыда атап өткендей, жыл басында облыс әкімі Б.Сапарбаев «Бақытты бала» жобасына сәйкес жүргізілетін сан алуан іс-шаралардың басым бөлігі 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне дейін салтанат құратынын жеткізген-ді. Солай болды да. Сөз бен істің бірлігіне бұдан артық мысалды тауып айтудың өзі қиын. Айталық аталған жоба балалардың алдында тұрған барлық өзекті мәселелерді шешуді көздесе, осы істің үдесінен шығу үшін бес айда бес жылға татырлықтай іс тындырылды десек, артық кете қоймаспыз. Әсіресе келешек ұрпақ өкілдерінің жан-жақты әрі үйлесімді түрде дамуына негіз қаланғаны үлкен мерей. Жыл басынан бергі өткізілген 600-ден астам іс-шара осы арнаға бағытталды.
«Бақытты бала» жобасының басты тармағының бірі балалардың жазғы демалысын ұтымды түрде ұйымдастыруға арналған. Бұл жөнінде облыста тиімді шаралар қабылданған. Осы орайда бірінші кезекте мүгедек балалардың алаңсыз ем алуы мен дем алуына басымдық берілген. «Күншуақ» балаларды сауықтыру лагерінің негізінде оның кейбір мысалдары газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде жазылды да. Аталған тізімді тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасынан шыққан балалар толықтыра түседі. Бұдан кейінгі кезекте республикалық және халықаралық байқаулар мен олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері тұр.
Кешегі 1 маусым күні облыс орталығында өткізілген балалардың «Сәлем саған, Астана!» атты мерекелік шеруі кезінде мыңға жуық балаға демалуға және экскурсияға шығуға жолдама табысталды. Соған сәйкес олар Татарстан мен Өзбекстанның киелі де көркем жерлерімен таныса алады. Соның ішінде облыстағы жеткіншектердің белгілі бір бөлігі Ресейдің Орынбор облысындағы жыл бойы жұмыс жасайтын лагерьде демалатын болса, 500-ге жуық бала Шығыс Қазақстан облысындағы демалыс лагерьлеріне аттанбақ. Осы орайда балаларды қорғау күні өткізілген шеру республикалық маңызға ие болғанын әрі оған елу мыңға жуық жеткіншек қатысқанын айтқан жөн. Балалар шеруінің аса ауқымдылығын осыдан-ақ байқауға болатындай.
Сонымен бірге облыс орталығында «бақытты бала» жобасы аясында балалар мен жасөспірімдердің фестиваль-байқауы да мәреге жетті. Мұндағы басты мақсат балалардың өнері мен шығармашылығын дамыту және дарынды балаларды іріктеу десек, осы мақсат толығымен орындалғаны айқын. Мұндағы іріктеу кезеңдеріне 3500 бала қатысып, өнерлерін ортаға салды. Үздіктер осылайша үкіленіп, олардың бәріне тиісті марапаттар мен сый-сияпаттар тапсырылды.
Сондай-ақ Ақтөбе қаласында бүгінгі қазақ ән өнерінің жарқын өкілі Димаш Құдайбергеновтің қатысуымен «Бақытты бала» халықаралық байқауы өткізілді. Аталған вокалды фестиваль конкурсы талантты балалардың тұсауынкесумен бірге мемлекеттер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға да септігін тигізгені хақ.
– Бұл байқауға балалардың өнерін бағалауға келген едік. Олардың арасында жүріп, өзімнің бала кезім есіме түсті. Анам мені түрлі байқауларға жетелеп жүрді. Екеуміз пойызда өмір сүрдік десек те болады. Мұндай ауқымы жоғары байқаулар аса қажет. Себебі қазір талантты балалар өте көп. Олардың бағын байламай жарыққа шығару керек, – дейді қазылар алқасының мүшесі, «Әлемнің үздік отыз дауысы» тізіміне енген әнші Владислав Сытник.
Ақтөбедегі байқауға АҚШ, Франция, Германия. Жаңа Зеландия, Польша, Финландия, Қытай, Жапония, Малайзия, Ресей, Украина мемлекеттері секілді әлемнің түпкір-түпкірінен келген Димаштың фанаттары Димаш қазақ туризімінің елшісі, ол ел мен елді, мәдениет пен мәдениетті жалғастырып жүрген жас адам. Сірә мұндай адамдар мың жылда бір туатын шығар деп мәлімдеді.
63 жастағы Рай Уорд атты кейуана Димашпен кездесу үшін сонау Жаңа Зеландиядан арнайы келіпті. Байқауға әлем елдерінен 400-ден астам ұсыныс түскен екен. Оның тек жиырмасы ғана таңдалып алынған. Солардың бірі – Украинаның Киев қаласынан келген Любовь Гретенко. 11 жастағы әнші бұған дейін де түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иемденіпті.
– Халықаралық деңгейдегі байқауға бірінші рет қатысып отырмын. Іріктеуден өткенімді естіп қатты қуандым. Данелия Тулешова мен Димаштың орындауындағы әндерді сүйіп тыңдадым. Екеуімен де кездескеніме өте қуаныштымын, – дейді ол.
...Міне, осылайша Ақтөбеде жыл басында қанат қаққан «Бақытты бала» жобасы шешуші кезеңге аяқ басып келеді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ