Бүгінде бір адам ғана емес, үлкен бір үйлі жан сергелдеңде жүр. Үйдің отағасы Жарылқасын Желдірбаев ақсақал – ІІ топтағы мүгедек, оның ұлы Ерден Желдірбаев та аурудан жанымен қайғы болып жүрген азаматтың бірі. Егер басындағы баспананы Казкоммерцбанк алып қойса, отбасы қаңғып, далада қалмақ. Жарылқасын ақсақал осыған жаны күйзеледі. Үлкен отбасының иесі ғана емес, бұрынғы кәсіпкерді осынша жан күйзелісіне, сергелдеңге түсірген не?
Бәрі де кәсіпкерлікті дамытамыз деген отбасылық ниеттен басталды. Жарылқасын Желдірбаев пен ұлы Ерден Желдірбаев екеуі шағын бизнеспен айналысуды, тоғандық балық шаруашылығын ашуды ойлайды. Олардың жасаған бизнес-жоспары сол кездегі облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті мамандары мен А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті ғалымдары тарапынан қолдау табады. Шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы аясында Тұран Әлем Банктен несие алуды ойлайды. Ал ол бағдарлама «Шағын және орта бизнесті қолдау қоры» арқылы жүзеге асады және оның шарты бойынша банктен несие алу үшін өтімді кепілзат қойылуы тиіс болатын. 2007 жылы Желдірбаевтардың қолында өздері жинаған 100 мың АҚШ доллары көлемінде қаржысы болды да, бұл туралы банкке мәлімдейді. Банк мамандары оларға 400 мың доллар несие беру үшін алдымен 150 мың доллар ипотекалық несие алуды, соны өзінің 100 мың доллар қаржысына қосып, кепілге өтімді үй алуды, ал сол қаржыны кейінгі берілетін 400 мың доллардан ұстап қалып, 250 мың доллар қолына береміз деп кеңес береді. 2007 жылғы теңге бағанымен есептегенде Желдірбаевтардың өз қалтасынан шыққан 100 мың доллары 12 167 000 теңге, банктен алған 150 мың доллары 18 250 500 теңге болып, кепілге қою үшін барлығы 30 миллион теңгеден аса қаржыға Қостанай қаласының Гастелло көшесіндегі №68-үйді сатып алады.
Бірақ отбасы өтімді кепілзатын әзірлеп, кәсіп ашуға алатын несие қаржысы үшін Тұран Әлем Банкке келгенде, тіпті басқаша жағдайға кездеседі. Банк қызметкерлері оларға шағын және орта бизнесті қолдайтын бағдарлама жұмыс істемейтінін, дүниежүзілік ипотекалық қаржы дағдарысының басталуына орай банк келісілген 250 мың доллар ақшаны бере алмайтынын мәлімдейді. Қолда кәсіп ашатын қаржы жоқ, бар ақшасына кепіл үй алып қойған Желдірбаевтардың несиені екі ай ғана төлеуге шамасы жетеді. Шағын және орта бизнесті дамытуға атсалысамын, кәсіп ашамын деп, басын «батпаққа тығып алғанын» Желдірбаевтар білген жоқ. Олар ипотекалық қарызын қайта қаржыландыру үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» өтініш білдіреді. Желдірбаевтардың Тұран Әлем Банктен алғаны ипотекалық емес, тұтынушылық несие болғандықтан, банк көмектен бас тартады. Өйткені Тұран Әлем Банктің ипотекалыққа балап берген тұтынушылық несиесінің бланкасы ипотекалық несие туралы белгіленген ережелерге сәйкес келмейді.
Сонымен ұзын сөздің қысқасы, Желдірбаевтар отбасы 19 миллион теңгені уақытында төлей алмайды. Қостанай қаласындағы жеке сот орындаушы Несібелі Бәсенова №2 Қостанай қалалық сотының 2008 жылы 4 қыркүйекте шығарған шешімі бойынша берген №2-1410/2008ж атқару қағазы арқылы 2016 жылғы 10 наурызда Желдірбаев Ерденнің кепілде тұрған үйін №6724 лотпен электронды сауда алаңына орналастырады. Сөйтіп бірнеше рет өтпеген үйді, сол жылы 24 наурызда Казкоммерцбанкіне 10 655 360 теңгеге БТА банк АҚ пайдасына сатады. Сөйтіп 2016 жылғы 25 сәуір күні үйді меншік иесі Ерден Желдірбаевтың атынан Казкоммерцбанк АҚ-тың атына аударып жазып береді. Бұл құжатты бір жылдан кейін, 2017 жылы 3 мамырда тіркейді.
Ал Жарылқасын Желдірбаев үйді сатудың, тіпті заңсыз екенін айтады. Оған өзінің республиканың заңдарына сүйенген нақты дәлелдерін де алға тосады.
– Бұл жерде жеке сот орындаушы Бәсенованың үйді сатуы, тіпті заңсыз деп білемін. Ол үйді Тұран Әлем Банктің Қостанай филиалы атынан «Казкоммерцбанк» акционерлік қоғамына сатады. Ал Тұран Әлем Банктің филиалы 2015 жылдың 22 қыркүйегінен бастап Казкоммерцбанктің қарамағына өтеді. Қостанай қалалық әділет басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Сұлтановтың бізге берген жауабында Тұран Әлем Банк акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің шешімі негізінде аталмыш банктың Қостанай филиалы Қостанай қалалық әділет басқармасының 2015 жылдың 15 қазанындағы №610 бұйрығымен «Заңды тұлғалар» мәліметтері мемлекеттік базасы тізімінен алынып тасталған» делінген. Демек, Тұран Әлем Банктің Қостанай филиалының іс-әрекеті тоқтады деген сөз. Ал жоқ филиалдың атынан қалай әрекет етуге болады? Екіншіден, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енген «Азаматтық процестік кодекстің» жаңа редакциясындағы 53-баптың 3-тармағында бірінші және апелляциялық сатылардағы істі қарау кезінде тараптардың біреуі шығып қалған жағдайда іс бойынша іс жүргізу осы кодекстің 272-бабы бірінші бөлігінің 1-тармақшасына сәйкес тоқтатылатыны айтылған. Демек, осы заңға сәйкес жеке сот орындаушы Бәсенова заңсыз қолданған Қостанай қалалық сотының 2008 жылдың 4 қыркүйегіндегі шешімімен шыққан атқару қағазының күші жойылуы тиіс еді. Бірақ оны істі қараған №2 Қостанай қалалық сотының судьясы Мұрат Адам ескермеген бе, қалай? Егер еліміздің заңдарымен қорғана алмайтын болсам онда оның қажеті қанша еді? – деп налиды Жарылқасын Желдірбаев.
Расында, Тұран Әлем Банктің филиалы әрекетінің тоқтауына орай, Ерден Желдірбаев үйінің кепілдігі Казкоммерцбанкке өткен болатын. Бүгінде Казкоммерцбанк АҚ кепіл ұстаушы болып саналады. Ал Желдірбаев ақсақал: «Сонда үйді кепілге ұстап отырған банк оны заңды тұлға болып саналмайтын, жоқ филиалдан өзі қалай сатып алады?» дейді.
Біз осы іс бойынша жеке іс орындаушы Несібелі Бәсеновамен хабарласқанбыз.
– Кредитті алған Жарылқасын Желдірбаев ақсақалдың баласы Ерден Желдірбаев. Мен – сот орындаушымын. Тек соттың шешімімен ғана жұмыс істеймін. Соттың 2008 жылғы 4 қыркүйектегі шешімін 2016 жылы 24 наурызда орындадым. Маған дейін де ол кісі сот орындаушылар айтқан талаптың ешқайсысын орындаған жоқ. Ол кісінің кепілге қойған үйі туралы оған неше рет түсіндіріп айттым. «Банкпен сөйлесіңіз. Онда отырғандар да адамдар, түсіністікке барар. Үйіңізді өзіңіз сатыңыз, қарызыңыздан қалғанын өзіңіз алып қаласыз» деген жанашырлығымды да білдіргенмін. Оның біреуін де тыңдаған жоқ, «мені үйімнен айырдың» деп, менің үстімнен неше рет сотқа арыз берді. Бәрінен де жеңілді. Мен ол кісінің үйін соттың санкциясымен саттым,– дейді Несібелі Зарибанқызы.
Сот орындаушының айтуынша, банкке борышкер адам, оны бәрібір төлейді. Тұран Әлем Банктің Қостанай филиалының әрекеті тоқтағанымен, оның активі мен міндеттері Казкоммерцбанкке өтті. Өндіріп алушы соттың шешімімен өзгерді. Желдірбаевтан өндірілген ақша Казкоммерцбанкке аударылды.
Ал Жарылқасын Желдірбаев ақсақал мемлекеттің қайта қаржыландыруымен олардың кредиті толық өтеліп кеткендігін айтады. Ол «Бірінші кредиттік бюродан» алған қолындағы құжаттарын көлденең тартты.
– Ұлттық банк өзі жанынан құрған «Проблемалық несиелер қоры» АҚ арқылы 2015 жылдың 24 сәуіріндегі №69 қаулысына орай, қайта қаржыландыру үшін 130 млрд теңгені еліміздегі екінші деңгейлі 9 банкке бөледі. Казкоммерцбанктің «Бірінші кредиттік бюроға» берген мәліметінде №1101/07/114/83 несиелік келісімшарты бойынша Ерден Желдірбаевтың алған 150 мың АҚШ доллары көлеміндегі несиесі қайта қаржыландыру арқылы 2015 жылы 31 мамырда түгел жабылғаны туралы айтылады. Ал жеке сот орындаушы Несібелі Бәсенова Ерден Желдірбаевтың атындағы № 1101/07/114/83 несиелік келісімшартты екінші рет «іске қосады» да, 2015 жылы 23 желтоқсанда Қостанай қалалық сотына өтініш түсіреді. Соттың шешімімен 2016 жылдың 14 қаңтарында үйді бұғаттайды, – дейді Жарылқасын ақсақал.
Жарылқасын Желдірбаевтың айтуынша, үй сатылғаннан кейін Тұран Әлем Банктің Казкоммерцбанкке өткен баяғы филиалы мен несие алушы Ерден Желдірбаевтың арасындағы №1101/07/114/83 несиелік келісімшарт үшінші рет «іске қосылады» да, Ерден Желдірбаевтың атына жаңадан 9 902 008 теңге 77 тиын несие рәсімделеді.
– Ал бұл туралы менің балам Ерден Желдірбаев ешнәрсе білмейді. Сонда № 1101/07/114/83 несиелік келісімшартын 2015 жылы 31 мамырда мемлекеттің қайта қаржыландырғаны қайда? Е.Желдірбаевтың төлей алмаған кредиті қайта қаржыландырылмаса Казкоммерцбанк «Бірінші кредиттік бюроға» неге бұлай есеп береді? – дейді Жарылқасын ақсақал.
Бүгінде баспанасынан айырылып қалу қаупі төніп отырған Жарылқасын Желдірбаев 2015 жылы Казкоммерцбанкте жалған қайта қаржыландыру орын алған, соның салдарынан мемлекеттің 150 миллион теңгесі талан-таражға ұшыраған, Тұран Әлем Банктің қарыз алушысы Желдірбаевтар 40 миллион теңгеге зардап шекті деп біледі. Ол мұны республиканың Жоғарғы сотына жазған арызында Ұлттық банктің 2015 жылғы 24 сәуірдегі №69 және 2016 жылдың 16 маусымындағы 149 қаулыларынан, «Бірінші кредиттік бюросы» АҚ-тан алған құжаттарынан үзінді көшірмесін келтіре отырып, көрсетеді.
Ұзаққа созылған дауда екі жақ та өз ұстанымында заңға сүйендік дейді. Сот орындаушы Бәсенова «Желдірбаев соттың барлығынан жеңілді, сотқа, сот орындаушыға тіл тигізді» дейді. Ал Жарылқасын Желдірбаев қалалық сот, оның судьясы Мұрат Адам қараған істе әділеттікке нұқсан келгенін айтады. «Мен көрсеткен іс, банктегі, облыстық әділет басқармасындағы былықтар түбегейлі тексерілмей отыр» деген уәж айтады. Желдірбаев соттың барлық сатысына, прокуратураға арыздануын әлі тоқтатқан жоқ. Текетірес пен отбасының сергелдеңі жалғасуда. Ал ақиқат нүктесінің қашан қойылары белгісіз.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ