«Астана» драмасында Арқа төсінен ғажайып қала салған Елбасының қаһармандығы, тоқырау жылдарында тосырқап қалмай, елін тығырықтан аман-есен алып шыққан тынымсыз еңбегі мен ерлігі, қайраткерлік қасиеттері нақты тарихи оқиғалар негізінде ширатыла отырып, ұйғыр театрының сахнасында алғаш рет келісті көркем бейне ретінде ұсынылды. Спектакль Астананың 20 жылдық мерекесіне орайластырыла қойылып отыр. Бұл спектакль ұйғыр театрының, сол театрда еңбек ететін ұйғыр өнер ұжымының Астанаға ғана емес, тұтас қазақ еліне ризашылығының, ізет көңілінің дәлелі іспеттес.
Жазық даладағы шағын қаланы шырайлы шаһарға айналдырып, Астана жасау идеясы Президенттің перзенттік жүрегінен әбден иі қанып шындыққа айналғанын драматург пен режиссер шеберлігімен жасалған ұтымды штрих, сенімді деталь, толымды диалогтар дәлелдей түседі. Алғашқы аласапыран кездегі ауыртпалықтар туралы көбірек ойлап, кеудесінде тұнған аңсарлы арманына үнемі алаңдап жүрсе де, «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» мінезімен кейінге ысыратын терең толғанысын автор әсерлі суреттейді. Қойылым бастан-аяқ Астана қаласының өркендеуін Елбасы атымен байланыстыра қарайды. Айналасындағы қарсылықтарға қарамастан қазақ елінің келешегі үшін тарихи тағдырлы шешім қабылдауы нағыз қаһарманның ісі екенін көркем шежіремен көрсетеді. Тұғырына қалт-құлт етіп қонақтап жатқан тәуелсіздіктің бұлтартпас айғағы, «дәлелі – мынау» дегізетін нақты мысалы, кейінгі жылдардағы айбар-айбыны Алатаудан Арқаға бет түзеген ұлы көштің керуенінде жатқанын көрермен де бар жұлын-жүйкесімен сезіп отырады.
Ұйғыр әдебиетінің көрнекті өкілі А.Аширидің жаңа пьесасы жиырма жыл бұрынғы Астананың тұрғызылу тарихына шегініс-шолу жасай отырып, театр мен оның көрермендеріне Елбасының көркем тәсілмен байытылған жаңа шынайы образын сыйлады. Спектакльдің премьерасына келіп қатысқан Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы республика театр сахналары дайындап жатқан тарту-туындылардың ішінде «Астана» қойылымының айырықша болғанын атап өтті. «Бүгінгі спектакль үшін Мұрат Ахмадиев пен Ахметжан Ашириге рахметімді айтамын. Рас, тамашалаған спектакльдің салмағының зор екенін ерекше атап өткеніміз орынды. Себебі тәуелсіздіктің елең-алаңындағы ауыр кезеңнің шындығын көрсету оңай емес. М.Ахмадиевтің кәсіби шеберлігінің арқасында Ұйғыр театры бұл идеяны жүзеге асыра алды. Алда Астананың 20 жылдығы аясында Ұйғыр мемлекеттік академиялық драма театрының халықаралық гастролін ұйымдастыру ісі жоспарда тұрғанын, театрдың таяу уақытта күрделі жөндеуден өткізілетінін айтып, сіздерді қуантқым келеді», деді министр А.Мұхамедиұлы.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ