Қазақстан • 05 Маусым, 2018

Менингиттің қайдан таралғаны үш аптадан кейін белгілі болады

437 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Менингит жұқпасының еліміздің аумағында таралуы себебін анықтауға үш апта уақыт керек. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.

Менингиттің қайдан таралғаны үш аптадан кейін белгілі болады

«Материалдар жинадық, геномдық сараптама жүргізілетін болады. Содан кейін сипаттамасына салыстырмалы сараптама жасап, қорытынды шығарамыз. Меніңше, бұл жұмыстарға шамамен үш апта уақыт кетеді», - деді Бекшин.

Оның айтуынша, осы жұмыстар аяқталғаннан кейін менингит жұқпасының елімізде бұрыннан бар дерт екендігі, туристер не шетелдік қонақтардан таралғаны нақты анықталатын болады.

«Біздің халқымыз да бизнес мәселелерімен туристік сапарлармен үнемі қозғалыста болады. Қазақстанның ішінде де көші-қон процесі өте жоғары», - дейді Бас санитарлық дәрігер.

Бұдан бөлек Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қазақстандықтарға бетперде тағып жүруге кеңес берді.

«Әсіресе адам көп жерде, қоғамдық көліктерде жақын тұрамыз. Сондықтан бірреттік бетперде тағып жүруге кеңес береміз. Көп мәрте қолдануға болатын бетпердеңіз болса, оны үтіктеп, жуып, қайта киіңіз. Бірретік бетпердені ары кетсе екі сағат қолдануға болады, ары қарай ол жарамсыз», деді Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау Комитетінің төрағасы Бекшин Астанадағы брифингте.

«Бірреттік бетпердені қолданғаннан кейін тастау керек. Екі-үш сағаттан артық тағып жүру кеңес етілмейді, себебі тыныс алу кезінде дымқыл ауа тарайды, онда бактерия мен вирус көбеюі ықтимал. Сондықтан әрбір екі-үш сағат сайын бетперде ауыстыру керек. Бетпердені науқастар тағу керек дейтіндер де бар. Ауыратын адамдар қоғамдық көлікте жүрмеуі керек. Олар түрлі шараларға қатыспауы керек. Бетпердені негізінде ауырмау үшін тағады», - деді Бекшин.

Мұның алдында Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2018 жылы менингит жұқтырудың 58 жағдайы тіркелгенін мәлімдеген еді. 12 адам қайтыс болған, оның бесеуі балалар. Дерт жұқтырғандардың тізімінде 14 жасқа толмаған 18 бала бар.