06 Маусым, 2018

Медицина терминдерін қалай қазақшалап жүрміз?

6274 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Б­үкіл медицинаның терминдік жүйе­сін сала-салаға бөліп қарастырар бол­­сақ, бір ғана анатомиялық және гис­тологиялық атаулар тізімінде 10 000-нан астам термин бар. 

Медицина терминдерін қалай қазақшалап жүрміз?

Ағзалардың тек қана функциясын сипаттайтын сөз­дер саны 20 000-нан артық, зерттеу әдіс­теріне, емдеу әрекеттеріне қа­тыс­ты 40 000-ға жуық сөз бар. Тек ауру­лар­дың жеке атауы 10 300-ге жуық. Қойы­латын диагноздардың түрі 30 000, ал симптомдардың бірнеше он мыңдаған атауы бар. Соңғы он шақты жыл ішінде ашылған жаңалықтарға байланысты ғылыми ұғымдар саны күрт кө­бей­іп кетті. Бір ғана онкологиялық тер­миндер саны қазіргі кезде 35 000-нан асып кетті. 

М.Чернявскийдің деректеріне қара­ған­да французша медициналық сөзд­ік­тегі терминдер саны 200 000, ал неміс ті­лін­дегі медициналық сөздікте 250 000-ға жуық жетекші термин бар екен. 

Қазақ дәрігерлері бір-бірімен қазақ­ша тілдесуі үшін қазақи-кәсіби лекси­ка орнығуы қажет. Ғалымдар мен маман­дар­дың түсінісу құралы – терминдер. Ал академик Ә.Қайдаровша айтқанда, «Тер­миннің бәрі – сөз, ал сөздің бәрі – тер­мин емес» екені белгілі. Осы қағи­датты ескермеу салдарынан соңғы жыл­дары медицина саласында жарық көр­ген, екінің бірі тіс батыра алмайтын қазақша диссертацияларды былай қой­ғанда, қарапайым оқулықтар мен пән құралдарының өзін парақтап шық­қан­­да тілдік селкеулік пен ұғымдық қа­те­ліктерге көз сүрінеді.

Грек пен латын тілінен енген кейбір ме­дициналық терминдерге өте сәтті қа­зақша эквивалент табу оңай емес. Грек, латын тілі былай тұрсын, тіпті орыс­ша терминнің семантикасынан а­л­шақ кететін, кейде түпкі терминнің де­фи­ни­циясына қайшы келетін шала туған ба­ламаларды ұсынған сөздіктердің ілі­ми-танымдық пайдасынан гөрі кел­ті­ретін зияны басым. Мәселен, 80-жылдары шыққан бір сөздікте және одан кейінірек түзілген (түзілген емес-ау – термелеп көшірілген) тағы бір сөздікте «кардиоспазм» «жүрек қыспасы» деп аударылған. Ал осы «кардиоспазм» сөзінің синонимі «ахалазия кардии», яғни өңештің қысыңқылығы. 

Мысалы, абсорбция деген терминді орыс тіліндегі түсіндірмесіне сүйеніп, «сіңіру», «жұтылу», «сорылу» деп қа­зақ­шалап шатастып жүрміз. Сіңіру – усвоение, жұтылу – поглощение, соры­лу – всасывание, ал абсорбцияның өзіне тән сипаты бар ерекше процесс. «Аменция, деменция, имбецил, дебил, идио­тия, ши­зофрения, олигофрения, гебеф­рения» деген психиатриялық дерт атауларын жеке-жеке саралауға салмай, топырлатып «есуас, жарымес, есалаң, нақұрыс, мақау, алаңғасар, ақылсыз, ақымақ, мисыз, миғұла, кеңкелес», т.б. деп ауда­ра сал­ғанды да көріп жүрміз. Шизофрения сол күйінде шизофрения! Өзіндік симптомы бар бүкіл ғылымға термин ретінде сіңген гректің «идиотия» сө­зі қазақта да «идиотия» болып қалуы ке­рек. Достоевскийдің «Идиотын» «На­құрыс» деп аударғанда ұтқанымыз бар ма? 

Xалықаралық қолданыстағы термин­дер­ді (мысалы: функция, реакция, рефлекс, элемент, тонус, т.б.) қазақшаға аудара берсек, ғылыми ұғымнан алшақтап кетуі мүмкін. Қазақы балама табамыз деп кейде мазмұны мүлдем басқа жақ­қа жетелеп кететін жарыспалы атаулар­ды (мысалы, синергизм деген сөзді сел­бесу, бірлесу, қатарласу, үйлесім, ұш­тасу, септесу деп, «спазмды» – түйі­лу, тарылу, тырысу, бырысу, жиыры­лу) тықпалауды қою керек. Тағы да бір жиі кездесетін қателік – басқа тіл­ден ен­ген дербес ұғымдық мәні әр­түр­лі тер­миндерді қазақтың бір-ақ сөзі­мен атай салу. Мысалы, бір сөздікте ко­ма – естүссіздік, сопор – естүссіздік деп аударылған (дұрыс жазылуы ес-түс­сіз). Кома мен сопордың өзіндік айыр­ма­шы­лығы бар екі түрлі дерттік жағдай, ал қазақша баламасы олардың «есі» мен «түсін» түстеп беріп тұрған жоқ. Кей­бір оқу құралында эпилепсия да – «қоян­шық», припадок та – «қояншық» деп берілген. Ал сонда эпилептические при­падки деген диагноздың қазақшасы «қояншықтың қояншығы» бола ма? 

Медицинамыздағы көптен бері бағы ашылмай жүрген термин – «ме­дицин­ская сестра». Сол «сестрамызды» қазақшалауға тырысып «аяжан» де­дік, «медицина бикеші» дедік, кей­ін қысқартыңқырап «медбикеш», «мед­бибі» дедік. «Медицинская сестра» орыс ті­ліне кейінірек келген сөз. Ертеректе ол «сестра милосердия» болған. Осыған орай мейірімділіктің иесі деген ұғымнан шығатын МЕЙІРИЕ деген сөзді ұсынған едік. Осыдан кейін бірер жылдың ішін­де «мейірбикеш», «мейірбике», «мейір­кеш» сөздері айналымға ене бастады. Мейі­рімділіктің иесін неге МЕЙІРИЕ де­мейміз?! 

Ғылыми ұғымды түсіндіре алатын, қысқа әрі нақты қазақша балама табыл­ған­ның өзінде, ол терминдік атау ма, әл­де бейнелі атау ма – сөз төркініне үңіл­у қажет. Мысалы, орыс тіліндегі санаторий – терминдік атау, ал здравница – оның бейнелі атауы, сол сияқты баланит – термин сөз, ал осыны «воспаление кожи головки мужского полового члена» десек, экспрессивті аударма, түсіндірме болып кетеді. Енді осыны қазақшалаймыз деп бас қатырудың қажеті жоқ. Баланит – диагноз, қалсын. 

 Қазақ тілі – бай тіл. Осы пікірімізді «медицина ауылынан» алысқа бармай-ақ дәлелдеуге болады. Мысалы, «острое заболевание», «острая боль», «острый нож», «острый угол», «острая игла», «острый красный перец», «острый язык», «острая ситуация» – орыс үшін бәрі «острый», ал қазақ үшін әрқайсысының өзіне тән атауы бар – «жіті ауру», «қатты ауырсыну», «өткір пышақ», «сүйір бұрыш», «үшкір ине», «ащы қызыл бұрыш», «орақ тіл», «шиеленіскен жағдай». Әу баста кім ұсынғаны белгісіз, әйтеуір «острое заболевание» дегенді жұрт «жедел ауру» деп жүр. Осы «жедел» жылдамдықты білдіретін ұғым, яғни «скорый», «быстро» деген сөз, ал «острый гастрит», «острая пневмония», «острый панкреатит» т.с.с. атау­лар­дағы «острый» сөзі аурулардың жыл­да­мдығын емес, оның күрт басталу­ын, ауқымдылығын, ауырлығын, ағымын, т.с.с. жан-жақты сипаттайтын сөз, яғ­ни патологиялық процестің жітілігін көр­сетеді. Сондықтан да «жіті гастрит», «жі­ті пневмония», «жіті панкреатит» деп атау­ды ұсынғанбыз. 

Латын, грек терминдеріне орыс жалғау-жұр­нақ­тары қосылып пайда болған сөздерді қа­зақшаға бейімдегенде олардың эти­мо­логиялық түбіріне үңілу қажет. Мысалы, ревматический дегенді ревма­ти­калық деп жазу қате, себебі түбірі «рев­матизм», демек ревматизмдік болу керек, мысалы теоретический де­ген­ді теоретикалық демейміз ғой. Өкініш­ке қарай, антиревматикалық, функ­ционалдық, индустриалдық, фол­ли­­кулярлық, алвеолярлық, лей­ко­­ци­тар­лық, бактериалдық, брон­хо­эк­та­ти­калық, липолитикалық деген сияқ­ты тер­­миндердің төркініне үңілмей, қате­лер­­ді оқи-оқи – көрмейтін, ести-ести – саңқұлақ болып алдық. 

Қазақша медициналық сөздіктерді ашып, алфавит бойынша «А»-дан бастап аборт деген терминге үңіліп көрейікші. Аборт­тың қазақшасы түсік деп берілген. Латын­ша abortus – процесс прерывания беременности, ал түсік – недоносок (преждевременно рожденный плод), сон­дықтан аборт – түсік түсу, түсік тастау болу керек (егер өздігінен болса) немесе түсік түсіру, түсік тастату болу керек еді (егер әдейі жасалған болса).

Медициналық сөздіктерден неполный аборт – толықсыз түсік, несостоявщийся аборт – кешікті түсік деп аударғанды көргенде бұл қандай қазақша болды екен дейсің. Ал криминальный аборт – қылмысты түсік деп жазылып жүр, кейбір сөздікте астыртын түсік деп берілген. «у вас угрожающий аборт» дегенді қазаққа айту үшін біздің медициналық сөздіктерге сүйенсеңіз – «сізде қауіпті түсік бар» деп іштегі ұрықты қылмыскерге теңеп сақау қазақша шығарған болар едіңіз. Дұ­рысы – сізде түсік түсу қаупі бар деу керек қой. Бұл, тек қана аборттың ай­на­­ласынан алынған бірер мысал. Осы сияқ­ты қателіктер қазақша медициналық сөздіктерде толып жатыр. 

 Бүгінгі қазақ тіліндегі ғылыми тер­мин­деріміздің қолданысында бірізділік болмауының, санамызды шатастырған жарыспалы атаулардың айналымда қаптап жүруінің көптеген себептері бар.

Бірінші себеп. Терминология деге­ні­міз – өзінің ішкі заңдылықтары бар күр­­делі ғылыми сала екенін терең түсіне бер­мей­тін біздер, яғни әртүрлі ғы­лым са­ла­­сы­ның мамандары өздерінің сала­лық тер­миндерін жаппай және жапа-тар­м­а­ғай жүйе­сіз қазақшалауға кірісіп кетті. 

Сөзжасам заңдылықтарын жетік біл­мей­тіндігімізден әйтеуір, -лік, -лық, -дік, -дық, -тік, -тық деп жалғау-жұрнақты жапсырып кора головного мозга дегенді бас+тық ми+лық қыртыс, носовая перегородочная область дегенді мұрын+дық қалқан+дық аймақ деп аудармалап, тер­миндерді толғанып ізденбей, толғат­пай туындатып жатырмыз. Қазақ ті­лінің сөйлем құрау заңдылықтарын же­те білмейтіндігімізден «платное глаз­ное отделение» дегенді «ақылы көз аурулары бөлімшесі», «платное прок­­то­логическое отделение» дегенді «ақы­­лы тікішек аурулары бөлімшесі» деп ау­дарып алып, жаза салып көзіміз бен тікі­шегіміз ақылы болып кеткенін аңғар­май қалдық.

Екінші себеп. Керісінше, тіл маманда­ры әртүрлі салалық терминдердің, оның ішін­де медицина терминдерінің де, қандай элементті, затты, процесті, құ­бы­лысты, қандай ұғымды бейнелеп тұрғанын толық және терең біле бер­мейді.

Үшінші себеп. Өз саласының термин­д­е­рін жасаумен айналысып жүрген ма­ман­дар мен филологтер арасында бірі­гіп, ақылдасып отырып жүргізілген ыжда­ғат­ты ізденіс жоқ. Қанша мамандық бар – сонша пікір ұсынылып, пәтуаласа алмай жүрміз.

Төртінші себеп – пендешілік фактор. Кей­де құнды пікірді босағада қалдырып «лау­азымдының» терминсымағын «аузы қисық болса да» төрге шығаруға бағыт­талған пендешілігіміз бар. Термин жасау мех­наты ғылыми атақ алып, жүлде жи­нау үшін емес, ана тілдің шырайын бұз­бай тілімізді байыту үшін жасалу керек. 

Бесінші себеп – көзжұмбайлық, нем­қ­ұрайдылық. Осыған орай айтарым – ендігі жазылатын оқулықтарды байқау-бәйге жариялау арқылы шығару керек. Оқулықтың сапа­сына ғылыми және тілдік тұрғыдан ба­ға беріп таңдап алу үшін филологтерден және салалық ғылым мамандарынан тұра­тын сараптаушы комиссия құрылуы қажет.

Алтыншы себеп. Со­автор­лық, көп­автор­лық фактор. Талай қа­зақтың қыз­ме­тінде нан табуына 30 жыл бойы үлес қосып келе жатқан Ғ.Мұса­баев пен Н.Сауранбаевтың басқ­ару­ы­­мен шық­қан күректей-күректей 2 том­дық Орысша-қазақша сөздікті жа­зу­ға атсалысқан небары 8-ақ адамның аты-жөні көрсетіліпті. Ал 18 жыл бұ­рын шыққан 31 томдық сөздіктің меди­ци­наға арналған, аумағы алақандай ғ­ана, «семіздігі шынашақ шығатын» 15-томның алғашқы 4-5 бетіне қос-қос­таған ғылыми атақтары мен лауазымда­ры көрсетіліп, 68 адамның аты жазылып­ты. 2000 жылы шыққан медицина, био­ло­гия түсіндірме сөздігінде атақ-даңқ­та­ры көрсетілген 97 адамның аты жүр. Осындайда жарықтық Владимир Даль мен Ожеговтар бүкіл орыс сөздерін же­ке дара жүйелеп жазып шыққаны өті­рік емес пе екен деген ой келеді. 

Жетінші себеп. Ғылыми термин­де­ріміздің бір ізге түсе алмай жүруіне журналист ағайындар да кінәлі. Олар үшін, мысалы, сибирская язваны – сібір жарасы дей салу оңай. Сол жара адамға жұқ­са күйдіргі, түйеге тисе – ақшелек, еш­кіде – кебенек, сиырда – қарасан, жылқыда – жамандат деп аталатынына бас қатырып ізденбейді.

Орыс тіліндегі медициналық термин­дердің қазақша баламасын табу керек, егер ондай ұғым қазақ тілінде жоқ болса, онда латын немесе грек тілінен енген аталымдар қалу керек. 

Терминдерді тәржімалағанда міндетті түр­де сол ғылым саласының ғалым маманы және тіл ғылымы саласының маманы бірлесіп жұмыс істесе дұрыс болар еді. Өйткені бұл екеуінің одақтасуы арқылы ғылыми терминнің тереңіндегі иірімдер игеріліп, қазақ тіліндегі ұмыт болған архаизмдер орнын табар еді.

Мұхамбедия АХМЕТОВ,

«Астана медицина университеті» АҚ 

Мемлекеттік тілді дамыту және 

тіл саясаты бөлімінің басшысы, профессор