Қазақстан • Бүгін, 09:39

Голан жоталарында мыңнан аса қауіпті зат табылды

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

БҰҰ миссиясы құрамында қызмет ететін бөлінуді бақылау жөніндегі Қазақстан контингентінің инженерлік-саперлік тобы осы жылдың 8 айында бітімгерлер 32 жедел тапсырманы орындап, 1 000-нан астам қауіпті затты, оның ішінде 23 қолдан жасалған құрылғыны тауып, жойған, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Голан жоталарында мыңнан аса қауіпті зат табылды

Фотолар: Қорғаныс министрлігі

Бұған дейін алдыңғы ротация жұмысында 14 жедел тапсырманы орындау барысында саперлер 500-ден астам қауіпті затты және 6 қолдан жасалған құрылғыны жойған. Яғни көрсеткіш 2 есе артқан.

Инженерлік-саперлік топ командирі майор Ернар Амантайұлының айтуынша, жарылмаған оқ-дәрілердің көбі елді мекендер маңынан табылғандықтан бейбіт тұрғындардың өмірі мен денсаулығына зор қауіп төндіретіні анық.

«Қауіпті заттардың орналасқан жері туралы ақпарат БҰҰ қызметкерлерінен, патруль құрамынан және кейде жергілікті тұрғындардан келіп түседі. Хабар түскен соң оқиға орнына шығып, бақылау жасап, заттарды жою кезінде туындайтын ықтимал қауіптерді бағалаймыз. Барлық іс-қимыл инфрақұрылымға зиян келтірмеу мақсатында жүргізіледі», деді Е.Амантайұлы. 

Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, саперлерге көбіне артиллериялық және танк снарядтарымен, танкіге және жаяу әскерге қарсы миналармен, дрондардың оқтұмсықтарымен, сондай-ақ қолдан жасалған жарылғыш құрылғылармен жұмыс істеуге тура келеді екен. Бұл заттардың барлығы Сирия аумағындағы қарулы қақтығыстардың салдары, ал миссияның жауапкершілік аумағында олардың саны әлі де жетіп артылады.

Дегенмен, отандық контингенттің кәсіби жұмысы бейбіт тұрғындарға төнетін қауіп деңгейін айтарлықтай төмендетіп, БҰҰ жауапкершілік аймағында қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етіп келеді.