Футбол • 06 Маусым, 2018

Футбол: Парсы патшалығының арманы

585 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әрбір Әлем чемпионаты кезінде көптеген қазақстандық жанкүйерлер Иранға болысып жатады. Оның сыры неде? Біріншіден, Иран құрамасы мұсылман командасы әрі гол соққан сайын футболшылары бастарын сәждеге тигізеді. Екіншіден, Иранда жүз мыңдаған қазақ тұрады. Ал үшінші себебі, Иран құрамасында қазақ футболшысы болған деседі.

Футбол: Парсы патшалығының арманы

Әлем чемпионатында ойнаған қазақ

1998 жылы Иран құрамасы Франция жерінде өткен Әлем чем­пионатына қатысты. Сол шақ­та қазақстандық баспа­сөз­де Иран құрамасының ойыншысы Хода­дад Әзизи деген аяқдопшының ұл­ты қа­зақ деген ақпарат шықты. Шын есімі Құдайберген Әзизов екен­дігі де жасырын қалмады. Кей­ін­нен бұл ақпарат расталмай, футболшының тек шешесі қа­зақ делінді. Шамасы жалған ақ­парат болса керек, әйтеуір Ходададтың қазақ ұлтына еш қатысы болмай шықты. Алайда, Иранның футбол лигаларында өнер көрсететін қазақ футболшылары жоқ емес екен. Сондықтан да болар, Иран құрамасы әлемдік аренаға шыққанда қазақ­стандық жанкүйер қызылбастар құра­масы үшін тақым қысатыны рас. 

Ал Иранның өзі Азия құрлы­ғын­да Қазақстанмен шамалас деңгейде еді. Тек кейін­нен 1997-2005 жылдар аралығында қат­­ты күшейіп кетті. Парсы шыға­нағында бір топ талантты ойыншы пайда болды. Али Даей, Карим Багери, Мехди Мех­да­ва­кия, Ходадад Әзизи секілді фут­бол­шы­­­­лар Бундеслиганың мықты ұжым­да­р­ын­да доп тепті. Олардың ішінде Али Даей тіп­ті «Бавария» сапында ойнап Чем­пи­он­дар лига­сы­ның финалына да шықты. 

Еуропалық екпін

2011 жылы Иран футбол қауым­д­астығы өткен сәтсіз­дік­тер­­ді артқа тастап, Еуропадан ма­­ман шақырды. Кезінде Сэр Алекс­тің көмекшісі болып, кей­іннен «Реал» Мадридті бап­та­ған Карлуш Кейрош ирандық фут­­бо­л­шы­ларды жаттықтыруға келі­­се кетті. Бас­­ты мақсат Иран құ­­ра­­ма­сын 2014 жыл­ғы Әлем чем­пио­на­тына шығару еді. Еуро­палық ма­ман келе салысымен, кәрі құр­лықта жүрген ұл­ты пар­сы фут­болшыларды құ­­ра­ма­ға тартты. Ағыл­­шын пре­мь­ер-лигасын­да ойнаған Аш­кан Де­жага Кейроштың ұсынысына ке­ліс­ті. Осыдан кейін Дежаганың ар­ты­нан қақпашы Даниель Ди­ва­­ри де ұлттық құ­рама қақ­па­сын қор­ғайтынын айтты. Шве­ция­да ту­ып-өскен Уміт Назари мен Саман Құдыс та тарихи отанына көмекке келді. Ал португал маманы тапқан басты жауһар – Нидерланды чемпиона­тын­да ой­нап жүрген Реза Гучанне­д­жад еді. Голландияның жас­тар құ­ра­масында да ойнаған Реза сол елдің бас­ты командасына алын­сам де­ген үмітпен жүрген. Алай­да, Кар­луш Гучаннеджадты көн­ді­ріп, аталарының кіндік қа­ны там­ған Иранға алып кел­ді. Ша­буылшы келе салып Қа­тар мен Оңтүстік Кореяның қақ­па­сы­на жеңісті голдарды салып, Иран­ды Бразилиядағы доп додасына алып шықты. 

Өз отанына қарсы шықпақ

Иран құрама командасы Ре­сей­дегі Әлем чемпионаты­на тың­ғылықты дайындық жүр­­гіз­ді. Жолдастық кездесу­лер­дің біршамасында жеңіске же­­тіп, қазір нағыз бабында екенін байқатты. Алайда, Пар­­сы шығанағының басты ко­мандасына жеребе жолдас болма­ды. Португалия мен Испания секілді азулылармен айқасу оңай болмайын деп тұр. Марокконың өзі бір төбе. Бірақ ұрыста тұрыс жоқ қой. Иран құрамасының бас бапкері Карлуш Кейрош баспасөзге сұхбат беріп, қалайда Португалиядан ұпай аламыз деді. Иран халқы бұл сөздерден кейін көңілдері жібіп, Кейроштың Иран үшін аянбайтынына көзі жетті. «Мен кәсіпқой бапкермін. Әлемдік аренада Иранның намысын қорғап отырмын. Жарыстың кезінде өзімнің Отаным екен деп Португалияны аяп отыратын жайым жоқ. Иран менің екінші үйім», деп ағынан жарылды. 

15 маусым күні Иран  құрамасы мұсыл­ман бауырлары Марокко футболшыларымен кез­де­седі. Одан кейін 20 маусым күні мұсылмандардың ордасы – Қазан қаласында Испанияға қарсы ойнайды. Ал соңғы шешуші ойын 25 маусым күні Португалияға қарсы өтеді.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»