Әдебиет • 06 Маусым, 2018

«Біреу тойып секіреді...»

4345 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қасиетті Құран Кәрімде: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар. Шын­­дығында, Алла Тағала ысырап қы­лушыларды сүймейді», – делінген [Ағраф сүресі 31 аят]. Құлқынның құды­ғына құмығып, ысырап етушілерді Жа­ра­тушы иеміздің өзі жаратпайтынын, «Құт­қаратын үш нәрсенің бірі – бар кезде де, жоқ кезде де, байлықта да, кедей­лікте де үнем­деушілік» (Бәйһақи) екенін ислам ғұла­малары жазбаларынан жиі кездес­тір­генімізбен, қазіргі дүниенің кепиетіне қарап тұрсаң, кейде соны қапысыз орын­дауға адам баласына Ұлы Абайдың: «Бес асыл іс» өлеңіндегі:
 «Өсек, өтірік, мақтаншақ, 
 Еріншек, бекер мал шашпақ –
 Бес дұшпаның, білсеңіз...» деген қара­пайым ғана қағидасын көкейге қон­дыруы жетіспей тұратындай көрінеді.

«Біреу тойып секіреді...»

Үйіңіздің жанындағы қоқыс тастайтын жәшіктердің жаны бейберекет шашылған ас атасы – нанға толы. Обал-ақ! Бұл маңда­ғы қаңғыған ит пен мысық кафелердің жуын­дысынан жұғын іздейді. Ұшып жүр­ген құс екеш құсқа дейін тұмсығымен нұқып-нұқып, майлылау азыққа аңсары ауған сыңай танытады. Олар да тойынған. Жемейді... Мұндайда анамыздан бала күнімізде естіген: «Е, қарақтарым, наннан үлкен ас жоқ. Нанды қадірлеңдер. Жерде нан жатса, қолдарыңмен алып жоғары көтеріп қойыңдар. Осы бір үзім нанға зар болып, талай қазақ көз жұмған ашаршылық нәубетін Құдай енді кейінгі ұрпақтың басына ешқашан бермесін» деген ақыл-кеңесі, дастарқандағы нанның қиқымын тастамай, алақанымен аялай теріп отыратын ғибратты бейнесі санаға берік ұялап, әркез астамшылық пен тоқмейілсудің құрбаны болудан сақтап келеді. Аралап талай жердің дәмін татқанда да анамның шоққа көміп пісірген таба нанының сондағы тіл үйірер тәттілігіне бірде-бір елдің асыл асы тең келмеген.

Кейде «Адамдар неге бұлай тойынып, тоқырауға ұшырауда, рухани азып-тозудың себебі неде?» деген сұрақ көмекейге көл­денең кептеледі. Дүкеннен дайын күйіндегі нанды сатып алып жеген ұрпақ мұның қадір-қасиетін бұрынғылардай қайдан сезінсін? Малдың қиын ойып, даладағы отқа жүзі шыжғырылып отырып табаға пісірсе, найсаптардың нанды оңды-солды қоқысқа лақтырып тастағандарын көрер ем. Дейсің. Күйінесің. Күбірлейсің. 

...Еркіндік аңсаған ата-бабаларымыздың арман-тілегі орындалып, тәуелсіздікке, тоқшылық заманға қол жеткіздік, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп жатырмыз. Тәубе, дерлік жағдай. Бірақ «Аштықта жеген құйқаны тоқтықта ұмы­татынымыз» қандай жаман. Шаш етектен қарызға батып той өткізу, несиеге қымбат көлік мініп, құндыз тон кию секілді құлқынның құлына айналу мен мақсатсыз мал шашпақтың жағалай жалпының дертіне айналуы төбе құйқаңды шымырлатады. Анада әлеуметтік желі арқылы бір байшыкештің баласының үйлену тойына арнап әзірлеген ғаламат қымбат тортын көзіміз шалып қалды. Бағасы сойқан енді. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» демекші, астамшылықтың мұнан асқан сорақы көрінісі жоқ-ау, сірә. Тойханалар қып-қызыл ақша табудың әлімсақтан қайнар көзіне айналып кетті. Қысы-жазы оған кезекке тұруға сабылған жұрттың нөпірі еш толастамайды. Орта есеппен алғанда, бір тойдан бір миллион теңге түсіретін тойханалар бар екен. Асабаға, әнші, бишіге бөлек ақша төленеді. Сыйлы қонақтарға ат мінгізіп, шапан жабу тәрізді құрмет көрсету жоралғылары тағы бар. Қарап отырсаңыз, осыларға қыруар қаржы төгіледі. Бұл жерде ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі тамырына түбегейлі балта шауып тастамақ емеспіз, той-томалақ – қазақтың қашаннан қазынасы ғой, біздің тілге тиек етіп отырғанымыз, әркім өзінің көрпесіне қарай көсілсе екен деген әңгіме. Айналып келгенде, сондай ысырапқа, ынсапсыз қарекетке жол берудің салдарынан халықтың ырыс-ырзығы кеміп, нанына ықыласының азайып кеткенін айту. 

Бейімбет Майлиннің «Күлпашын» оқы­ғанда көзіне жас алмаған мектеп оқушысы кемде-кем шығар. Мұндағы: 

«– Қарағым, Қалижан, тұр!..

Төніп келіп Қалиды сүйейін деп ұмтыл­ғанда, көзі Мақтымның көзіне түсіп кетті: көзі адырайып, аузы ашылып, тісі ақсиып жатыр екен!..

Күлпаш шошып:

– Әй... – деді.

Бұдан кейін не болғанын өзі де білмей өліп жатқан байы мен баласын құшақтай құлады» деген жолдар жүректі елжіретіп, маңдайдың тамырын солқылдатып жібе­ретін еді. Алдағы уақытта аштықтың құр­бан­дарына орай әдеби шығармалардың кейіп­керлеріне арнап ескерткіш орнататын болсақ, оған дәл осы Күлпаштың бейнесі әбден лайық-ақ. Балаларға ашаршылық туралы бір сабақты сол ескерткіштің түбінде тұрып өтсе, кейінгі ұрпақ үшін бұл әсерлірек әрі үлкен тәрбие сағаты болар еді-ау. Нан қадірін бағалатудың, ысырапсыз тұрмысқа бейімдеудің мұнан басқа тағы қандай ащы амалы бар?!