Астанадағы Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығын нағыз ізденістер мекені деп ауыз толтырып айтуға болады. Адам баласының басына түскен тауқыметті кеселді қалай емдейміз, органды ауыстырып, пациенттің әрі қарайғы өмірін қалай жеңілдетеміз, операциядан кейін қалай ауруды мейлінше тез аяққа тұрғыза аламыз деген ойлар орталықтағы дәрігер қауымын әркез мазалайды. Оның үстіне әлемдік медицинаның небір жақсы үлгілерін ендіруге деген ынта, ізденістерге қолдау көрсетіліп жатса.
Сондай жақсы жаңалықтың бірі – ERAS хаттамасы. Бастауын Даниядан алған бұл хаттаманың мәнісі – қандай күрделі операциядан кейін пациенттің тілінген жердің ауырғанын сезбей, тезірек аяққа тұруына қол жеткізу. Әсіресе бұл орган ауыстыру, онкологиялық қатерлі ісіктерді сылып алу сынды ауыр операциялардан кейін төсекке таңылған адамның өкпесіне су жиналу, тағы да басқа қолайсыз әсерлерді болдырмау жолындағы аса маңызды хаттама. Оқырмандарға түсінікті болуы үшін хаттама дегеннің өзін айта кеткен жөн шығар.
Қазіргі күні әлем бойынша кез келген ауруды емдеудің халықаралық стандарттарға негізделген хаттамасы бар. Онда қандай ем-шаралар жүргізу, егер операция жасайтын болса оған қалай даярлау қажет, қандай дәрі-дәрмек қолданады, операциядан кейінгі күтім тәрізді толып жатқан жұмыстарды жүргізуде дәрігер сүйенетін қадамдар жиынтығы қарастырылған. Ал жоғарыдағы ERAS хаттамасын басшылыққа алған елдер ауру азабын жеңілдетуде біраз жетістікке жеткен.
Біз әңгімеге тартқан израильдік ғалым-дәрігер Александр Злотниктің айтуынша, бұл хаттаманы жүзеге асыру бір күннің шаруасы емес. Мәселен, өзі жұмыс істейтін Израильдегі клиника оны ендіру үшін екі жыл уақыт кетіріпті. Нәтижесінде небір ауыр операцияны өткерген пациент төрт күннің ішінде отбасына оралады екен. «Неғұрлым ауруханада аз жатқан сайын дертті жанның жазылу мүмкіндігі соншалық артады. Қанша күрессең де бәрібір ауруханаішілік инфекция болады. Ал операциядан кейін әлсіреген жанның онымен күресуге қауқары аз. Сонымен қатар орнынан тез тұрып кету операциядан кейін туындайтын кері салдарды да болдырмайды. Көбіне жатып қалған адам пневмонияға шалдығады. Осындай салдармен күресуде және пациенттің өмірінің сапасын арттырып, қатарға қосылуында хаттаманың мәні зор», дейді ол.
Дәрігер Злотник түсіндіргендей, адамның операциядан кейін тез тұруы үшін кесілген жерді ультрадыбыстық аппаратпен қадағалап, перифериялық жүйке талшықтарына препарат жіберу арқылы уақытша блоктаудан, пациенттің ауруды сезінуі мүлде болмайды. Яғни аурудың орнынан тез тұрып кете алатынын айтқан дәрігер бір суретті көрсетті. Реанимация бөлімінде онкооперациядан кейінгі пациент штативке бекітілген аппараттарға қосылып қойып, орнынан тұрып жүр екен.
«Хаттаманы енгізуге арнайы ультрадыбыстық қондырғы қажет. Бұл болмаса жүйке жүйелерінің қай жерде орналасқанын, препаратты қай талшыққа жіберу керегін білу мүмкін емес. Оны алу белгілі бір қаржыны талап етеді. Сонымен бірге хаттаманың қолданысқа енуі клиникадағы бүкіл қызметкерлердің санасына өзгеріс енгізіп, барлығы бірдей жұмылатын, тұтастай қай тұрғыдан да қайта құрылуды көздейтін үлкен іс. Бұл – науқастарға да, мемлекетке де тиімді, моральдық-психологиялық тұрғыдағы игілігін есепке алмағанның өзінде экономикалық жағынан қалта қағылмауына өте пайдалы», дейді израильдік дәрігер.
Осыдан кейін Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы Реанимация және анестезиология бөлімінің жетекшісі Евгений Мусинді әңгімеге тарттық. Оның бағалауынша, бүгінгі денсаулық саласындағы қолданыстағы хаттама мен ұсынылып отырған жаңасының айырмашылығы жер мен көктей. Егер қазіргі хаттама бойынша операциядан кейін пациентті 10-20 күн ұстау керек болса, мұнда бар-жоғы 3-4 күн аясында науқас өз ортасына, үйіне оралады. Ал егер қолданыстағы хаттаманы орындамасақ, емдеу мекемесіне айып салынады. Қаржыдан қинау кімге оңай тиеді? Сондықтан Үкімет тарапынан қолдау білдіріп Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы негізінде осы хаттаманы жоба ретінде енгізуге рұқсат беріп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етсе, артылып қалған уақытта қаншама кезек күткен адамдар ем алар еді. Тіпті тезірек қатарға қосылып, жұмысына шығып, өзіне, отбасына, Отанға да пайдасы тиген болар еді, деді ол.
Жуырда Астанада анестезиологтар мен реаниматологтардың халықаралық II конгресі өтіп, аталған саладағы түйткілді мәселелер ортаға салынды. Атап айтқанда, Қазақстанда 10 мың адамға тек бір ғана анестезиолог пен реаниматолог қызмет көрсетеді екен. Астана мен Алматыда тапшылығы байқалмағанымен, аудандық ауруханаларда анестезиологтар мен реаниматологтар жеткіліксіз. Жергілікті емдеу мекемелерінде олардың біліктілігін арттыруға арналған шаралардың аздығы, мамандық мәртебесінің түсіп кетуіне жалақы төмендігі баса айтылған. Бұрынғы кеңестік кеңістіктен шыққан Балтық бойындағы елдерде анестезиолог-реаниматологтың еңбегі 1,5-2 мың доллар көлемінде бағаланса, отандық дәрігер 60 мың айлық шамасына ұйқы көрмей ажалмен арпалысады. Құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жағының әлсіздігі, медициналық препараттардың жетіспеушілігіне қоса жергілікті жерде наркоз беретін аппараттардың техникалық жағдайы сын көтермейтіні айтылды.
«Анестезиологтар мен реаниматологтардың біліктілігін арттыру үшін кадрлар ротациясын жасауға болады. Мәселен, облыстық және аудандық ауруханалар бір-екі айға маман алмастырып, өзара тәжірибе алмаса алады. Әйтпесе бүгінде кейбір аудандық ауруханаларда анестезиолог мүлдем жоқ. Бар болса да облыс орталығына, Астана немесе Алматыға ауысып кетуге тырысады. Ротация жасаса, ол маман облыс орталығына барып, көп нәрсеге үйреніп, ауданға келіп, соның бәрін жүзеге асырады», дейді Қазақстан анестезиологтары мен реаниматологтары қоғамының төрағасы Ағзам Жұмаділов. Оның мәліметіне сүйенсек, көрші Ресей Федерациясында 10 мың адамға келетін анестезиологтар мен реаниматологтар коэффициенті 2,2 адам болса, АҚШ-та – 3,1, ал Еуропада 3,2 маманды құрайды екен. Ал елімізде осы салада 2700-ден астам адам еңбек етіп жүр десек те, әлі 200 маман қажет екен. Енді бұл бағытты жастар арасында кеңінен таныстырып, жалақыны көтеру жайын ойластыру қажет. Өйткені ілімнің медицинада қолданбайтын жері жоқ.
Әрине проблемалар бар. Алайда отандық дәрігерлер деңгейінің әлемдік стандарттарға жауап беретіндей дәрежеде екенін де есте ұстауға тиіспіз. Кей тұста жекелеген дәрігерлерімізден сабақ алып жүрген шетелдік мамандар да баршылық. Анестезиология мен реаниматология саласында жаңа хаттама енгізілсе жоғарыдағы маман жетіспеушілігі де азая түскен болар еді. Өйткені анестезиологтар мен реаниматологтардың көтерер жүгі жеңілдей түсуінен тұтастай сала алға жылжиды. Ең бастысы, пациенттер тартар азап азаяды.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»