Өкінішке қарай, ел ішінде бұл істің жоқтаушылары жылдан-жылға азайып барады. Солардың бірі, тіптен бірі емес-ау бірегейі Білім беру ісінің үздігі, он саусағынан өнері төгілген ісмер жан Несібелі Байбосынова. Зейнет жасындағы қолөнер ісінің хас шебері өз кәсібін бүгінгі буынға табыстап кетуге, оның тылсым сыры мен ішкі иірімдерін және қайталанбас қалтарыстарын қазіргі қыз-келіншектердің бойына орнықтыруға күш-жігерін салып жүр.
Шынтуайтына келгенде, ұлттық қолөнерімізсіз – халқымыздың өткенін, салт-дәстүрі мен мәдениетін көз алдымызға келтіру еш мүмкін емес. Мұны табиғи ортамен бітеқайнасқандар ғана бедерлей алады. «Табиғаттан бабамыз ала берген секілді, Дарқандықты қазаққа дала берген секілді» деп Қадыр ақын жырлағандай, халық шеберлері ою-өрнек үлгілерін ең алғаш табиғаттың өзінен тапқан. Оның басты белгілері мүйіз, ирек, су, қанат және шөп болып кете береді. Соның ішінде алғашқы аталған атау барлық өрнектердің бастауы. Көркемдік құнары. Өйткені тек бір ғана мүйіз өзге де үлгілермен қосыла келіп, алуан түрлі өрнектер жасауға негіз бола алады, дейді Несібелі Қисақызы.
Біз ежелден мал баққан елдің ұрпағымыз. Атакәсіп халқымыздың өмір сүру дағдысына, оның ұлттық ерекшелігіне өз әсері мен ықпалын тигізіп отырған. Бұл бағытта біздің бүгінгі кейіпкеріміз еліміздің ежелгі бітім-болмысын бедерлейтін тұтастай ұлттық нақыштар тізбегін жасап шыққаны оның еңбегінің басты бір ерекшелігі екені хақ. Әсіресе оның төрт түліктің кескін-кейпін сан түрлі ою-өрнектермен әрі кестелермен бедерлеп түсірген туындыларының ешқандай баламасы жоқ дерліктей. Әрі Несібелі нақыштарында төрт түліктің түрлері жалаң түрде, сонымен бірге табиғи әлеммен байланысты түрде де кескінделеді. Оның бірқатары көк аспанда қалықтаған қыранмен, көмкерілген киіз үймен тығыз бірлікте көрініс тапқан. Мұның бастауын сонау скиф дәуірінен алатын көшпенділердің даналық әрі далалық өрнегі десе де болады.
Келесі кезекте Несібелі Байбосынова өз қолөнеріне тән сабақтастықтың тінін одан әрі тереңдетіп, оны Мемлекет басшысы белгілеп берген жаңғырту талаптарына сай түрлендіре түсуді мақсат етіп жүр. Оның қолдан жасалған кілемдері мен алашаларында төлтума өнерге тән дәстүрлерді тәуелсіздік рухы мен тынысына сай бейімдей білу көріністері жиі ұшырасады. Айталық, қолөнер шеберінің «Ерулік» атты еңбегінде күн мен тау көрінісі бейнеленген. Әсіресе мұнда Қазыбек бидің сөзімен айтқанда, «ешбір дұшпан басынбаған, басынан сөз асырмаған, достарын сақтай білген, дәм-тұздарын ақтай білген» елдің ежелгі көріністері айқын аңғарылады. Сонымен бірге бабаларымыздың сарабдал, сырбаз мінездері мен қонақжай көріністері де көрініс тапқандай. Сірә, барлық құндылықтардың бастауы да осында болса керек.
Н.Қисанқызы халқымыздың мұндай көшпелі өмір-салтын ою-өрнектер тілімен бейнелей отырып, оны бүгінгі уақыт рухына үндестіруге талпыныс жасады. Осы тұрғыда ол ойлаған мақсатына жетті деуге де болады. Бұл ретте қолөнер шебері өз ойын бізге былайша білдірді.
– Біз тәуелсіздік алғаннан кейін шетелден тарихи Отанына оралған отандастарымызға берілетін көмекті квота деп атай бастадық. Өз басым бұған келісе алмаймын. Тілімізде ерулік деген мәнді де мағыналы сөз бар. Мұның мәнісі – жаңа қонысқа немесе жайлауға көшіп келген отбасына бұрынан жайғасқан үй иелері ерулікке шақырады. Бұл көшу қамымен ұзақ жүріп, жол тауқіметін тартып келген ағайын әлденіп, демалсын деген ниет. Содан соң олар көшіп келгендердің үйін тігуге де көмек береді. Бұдан шығатын түйін шетелден оралған отандастарымызға берілетін қаржылай көмекті квота деп емес, ерулік деп атаған жөн, – дейді ол.
Қолөнер шеберінің бұл ой-пікірі құптауға да, қолдауға да лайықты көрінеді. Егер халықтың ежелгі ұлттық қолөнері рухани код, ұлттық код немесе ұлттық құндылық деп атауға лайықты болса, жоғарыда айтылғандай, бұл істі жаңғыртудың қажеттілігі тағы да алдан шығады. Оны ХХІ-ХХІІ ғасырларға табыстаудың басты жолының бірі –республикадағы орта мектептерде пән ретінде жүргізілетін еңбек сабағына «Ою-өрнектер әлемі» атты бөлімді енгізу деп есептеймін, дейді Несібелі Байбосынова.
Мүмкін келешекте қажеті болып қалар деген ой-мақсатпен алтын қолды апамыз ұлттық қолөнер мен ою-өрнектер әлеміне жөн сілтеп, бағыт-бағдар беретін еңбегін жазып, әзірлеп те қойыпты. Оның іші-сыртын ақтарып, таныса келгенімізде тұтас бір оқулыққа татитындай дүние екенін түйсіндік. Жалпы, Несібелі Қисанқызының ұлттық нақыштарды бүгінгі заман талабына сай жаңғырту мен пайдалану жөніндегі ой-пікірлері мен ұсыныстары өте мол. Оның ең бастыларының бірі елімізде жыл сайын тойланатын Наурыз мерекесі кезінде жыл он екі ай кейіпкерлерінің толыққанды композициясын кескіндеуге қатысты туындайды. Ұлттық қолөнер жоқтаушысының екінші бір тұжырымдары республика қалаларындағы ғимараттар мен сәулет ескерткіштеріне ұлттық әр беру қажеттілігінен тамыр тартады. Бұл елдіктің бір белгісі, жанды көрінісі мен айшықты суреті болар еді. Соның ішінде ұлттық нышандағы сан алуан ою-өрнектер түнгі шамдармен безендірілсе, бұл көріністің ел қонақтары мен туристерге беретін әсері мол болар еді, – деп түйіндеді өз ойын ұлағатты аманат арқалаған асыл ана.
Ою-өрнектер – бұл да бір бөлшектенбейтін сырлы да қырлы, әрі әсерлі әлем екені анық. Тағылымы мол ұстаз оны нұрлы әлем деп атағанды жөн көреді. Халқымыздың ежелгі төлтума өнерін алдағы кезге жалғау – Несібелі Байбосынованың басты мұраты. Республикамыздың әр өңірінде ісмерлік мектептің осындай жоқтаушылары мен жанашырлары бар кезде оның өрісі тарыла қоймасы кәміл.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ