Ең бастысы, Құдай бетін аулақ қылсын, адам шығыны жоқ. Балқұмар аңның ауылдарды жағалауына не себеп? Әлде азық жетпей жатыр ма? Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Арман Есентаев соңғы бес жылда Шығыс Қазақстанды мекендейтін қоңыр аюдың саны 6 пайызға көбейгенін, 2012 жылы орта есеппен аймақта 1988 аю есепке алынса, 2017 жылы олардың саны 2206-ға жеткенін айтады. «Биологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында жыл сайын аюларды аулауға, атуға рұқсат етіліп отыр. Былтыр аңшыларға 56 аюды атуға рұқсат берілсе, биыл 78 аюды атуға лицензия, жолдама қарастырылды. Аюды аңшылық үшін атуға, аулауға лимит тек аю саны басым біздің облысқа ғана беріліп келеді», – дейді ол.
Аюды ату демекші, қазір еліміздегі заңнамаларға сәйкес кез келген тұрғын аюды ата алмайды. Үйінің алдына келіп, малын жарып жатса да, «ағалап, көкелеп» үркітіп, шошытып шығарып салуға мәжбүр. Аюды ату үшін рұқсат керек. Құжат толтыру керек екен. Бірақ түз тағысы «осындай күні келем, құжатыңды реттеп, мылтығыңды сайлап, мені атуға дайын отыр» демейді ғой. Облыстағы малдарын аюға талатып жатқан шаруалар осыған қынжылады.
Бүгінде өңірде аюдың ғана емес, бұлан, тауешкі, қабан, еліктің саны да арта түсіпті. Мәселен, бес жыл бұрын бұланның саны 2,5 мыңдай болса, былтыр 3,5 мыңға, елік саны 1,5 мыңға көбейіпті. Басқарма мамандары аймақтағы аю санының еселенуіне осы жануарлар санының ұлғаюы себеп болып отыр деп санайды.
Бір өкініштісі, аңдар саны артқанымен құстар саны жылдан-жылға кеміп бара жатқан көрінеді. Бес жыл бұрын Шығыста екі мыңға жуық қырғауыл, 165 716 қаз, 1465 ұлар болса, қазір 828 қырғауыл, 48 630 қаз, 408 ұлар қалыпты. «Қызыл кітапқа» енген ителгінің популяциясы соңғы 15-20 жылда 90 пайызға кеміпті. Шығыс Қазақстандағы тәжірибелі, көпті көрген қос орнитолог – Борис Щербаков пен Сергей Стариковтың келтірген деректері осындай. «Қазіргі күні осы таңғажайып дала төсін мекен еткен 350-360 құс түрінің тең жартысы жоғалып бара жатқан, өте сирек кездесетін құстар болып саналады. Өскеменде мыңдаған қара торғай, шекілдек, бозшымшық, суықторғай бар еді. Топ болып ұшып жүретін. Құстардың сайраған дауысы тұс-тұстан шығып жататын. Қазір өлі тыныштық. Көптеген құстарды көрмегеніме он жылдан асты», – дейді Б.Щербаков.
Бір қызығы, өңірде кептерлердің саны көбейіпті. Көбейгенде қалай көбейген десеңізші. Олардың саны осыдан бес жыл бұрын 28 мыңның үстінде болса, бүгінде 41 мыңға таяпты.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы